КҮРЕСТІҢ ҚАРА БУРАСЫ

Уақыты: 02.03.2019
Оқылды: 1387

Қазақ күресінің Қажымұқаннан соңғы айбыны деп байтақ еліміз қастерлеген, ұлт мақтанышына айналған апайтөс палуанмен тұңғыш рет 1964 жылдың күзінде танысқаным есімде. Бұл Әбілсейіт Рүстемұлының атақ-даңқы таныла бастаған жылдар екен.

Ағынды Ақсу мен саялы бақты Сарқан аудандарының ортақ ұлы сол жылы Ақсу ауданының Қаракөз ауылындағы аталас ағайын-туысқандарына сәлем беру үшін келіпті. Осы жайынан хабардар болған мектеп ұжымы Әбілсейіт ағамызды Қызылорақ орта мектебінің оқушыларымен кездесуге шақырған екен. Палуан бұл шақыруды құп көрген. Осы игі тәрбиелік-тәлімдік шараға Қызылорақ орта мектебі бастауыш комсомол ұйымының хатшысы Әбен Сегізбаев пен дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қуантай Балабеков ұйытқы болып еді.

Осыдан кейін Әбілсейіт аға мен оның туысқандары, жолдас-жоралары, т.б. қошеметшілер ауылдың күншығыс жағында жайылып ағып жатқан Басқан өзені аңғарында көңілді әңгімелерді жалғастырды. Күн ұясына қарай еңкейген мезгілде Әбілсейітті аталас ағалары Сейден Қожахметов пен Барлыбек Нұрбеков мырзалар өз үйлерінен дәм татуға кезектесе шақырды.

Ауылдастар қошеметіне бөленген Әбілсейіт аға сабырлы қалпын сақтай отырып, өзінің табысты жолы жайлы үзік-үзік мағлұматтар айтты. Күреспен жиырма жас шамасында шұғылданған азамат бірер жылда республикаға танылып, чемпиондық тұғырдан көрінгенінен хабардар болдық. Қаракөз ауылының сыйлы қариясы Нұрбек сөз кезегінде Әбілсейіттің әкесі Рүстем мен анасы Рахила туралы естеліктерін де тарқатты.Содан білгеніміз Рүстем – шаруа адамы. Рахила оның сенімді серігі, бірнеше баланың анасы. Әбілсейіттің әкесі Ұлы Отан соғысынан оралмаған ерлердің бірі. Нұрбек пен Рүстем екеуінің бауырластығы жеті атаға жете қоймаса керек. Бұл ақсақалдар Төлегетайдан тарайтын төрт арыстың Матайы, Аталығы, одан – Шоқпар, әрі қарай тарай береді.

Есімі қазақ даласына әйгілі Әбіл- сейіт Айханов Талдықорған жаққа, соның ішінде ағайын-достары тұратын Ақсу мен Сарқан аудандарына жиі қатынасатын. Осындай жол сапарларының бірнешеуінде оның ежелгі танысы және жерлесі ретінде бірге жүргендерім бар. Сонау жылдары (айы мен күні есімде қалмапты) Сарқан қаласындағы Мәдениет үйінде мектеп бітірушілер жиынына келе қалдық. Онда сөз сөйлеуге жазылғандар үлкен залдың бірінші қатарындағы орындықтарға жайғасты. Мінбеге көтерілгендер жас азаматтарды – орта мектеп түлектерін әртүрлі мамандықтарды игеруге үндеп, әрқайсысы өз кәсібін (мамандығын) мақтаныш етіп жатыр. Бәрінің сөзі жанды!

Біраздан соң мінбеге Сарқан ауданында есейіп орта білім алған Әбілсейіт Рүстемұлы көтерілді. Көпшілік ду қол шапалақтады. Әбекең сөзін былай бастады:

– Мен ауыр салмақтағы палуан ретінде Одақта, шетелдерде кілемге ең соңынан шығушы едім. Бұл – әлемдік дәстүр. Сәйгүліктер сайысында аламан бәйгенің жеңімпазы да соңында анықталады. Рас па? Бүгінгі жиында жетпіс жастағы ақсақал Әбілсейітке тиісті сөздің жұрт соңынан берілуін түсінсем бұйырмасын!

Кең зал іші сілтідей тыныш. Жиынды жүргізуші жігітіміз қалам ұстаған қалпында қатып қалғанға ұқсайды. Мұны байқап тұрған Әбілсейіт аға күлімсіріп:

 – Келешекте мұны ескеріңіздер, – деп еді, көпшілік күн көзі ашылғандай жадырап сала берді.

Қазақ күресінің кеңестік жылдардағы дара тұлғасы деп оң баға берілген Әбілсейіт Айханов өз спорттық өмірінде республика чемпионы атағын он бір рет иеленсе, халықаралық турнирлерде жеті рет топ жарды. Кейіннен еңселі ер жігіт Әбілсейіт ағамыз шәкірт тәрбиелеуде де абыройлы болды. Бұл ағаның қол жеткен табыстарын жіпке тізгендей етіп тарқату көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан өзім білетін, көзім көрген, жүрегімде жатталған жайттардың кейбіреуін ғана қамти алдым. 75 жасқа толғанда облыс орталығы Талдықорғанда «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілуімен құттықтағанбыз. Одан бөлек «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталғаны, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атақтары, т.б. берілгені мәлім. Қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі ерекше, теңдесі жоқ қайраткер деп айта аламыз.

Одақ және Қазақстандағы бозкілемде ерлігі шежіре Әбілсейіт Айхановтан жеңіліс тапқан палуандар аз емес. Солардың қатарында Болгарияның бірнеше дүркін чемпионы Н. Станчевті, Әлемнің екі мәрте чемпионы Ш. Ломидзені, Кеңес одағының төрт мәрте жеңімпазы Б. Кулиевті, Кеңес одағының екі дүркін чемпионы С. Дзарасовты және басқа да атақтарынан ат үркетін алыптарды айтсақ болады.

Соған қарамастан Әбілсейіт Айханов Әлем чемпионы атану мүмкіндігінен шет қақпай қала берді. Оның себебін айтулы спорт мамандары Кеңес одағындағы ұлттық теңсіздіктен, отаршыл жүйенің астам саясатынан, осы салалардағы кейбір басшылардың қызғанышы мен іштарлығынан деп қорытады. Сол келмеске кеткен кеңестік заманда кілемде күш сынасқан түйепалуандар қатарында Әбілсейіт Рүстемұлы Айхановтай алып тұлғаның орнын басатын спортшы тумағанын бүгін әлем спорты мойындап отыр.

Бір ғана дәлел. ХХ ғасырдың 61-ші жылында бүгінгі Чехия астанасы Прагада Б. Кубат пен Әбілсейіт Айханов финалда кездеседі. Бір қызығы, Әбекеңнің салмағы сексен келіден жоғары, жасы жиырма беске де толмаған екен. Қарсыласының салмағы 140 келіден асып түседі. ¤з елінде қарсылас шақ келмейтін мықтының өзі. Жеке салмақ пен тәжірибелер алшақтығына қарамастан Әбілсейіт қарсыласы Б. Кубатты таза ұтады. Міне, керемет! Ғажайып жетістік!

Біздің қазақта құрыш білекті, таудай құдіретті палуандар қатарында негізгі үш алыптың есімі жиі-жиі айтылып жүр. Олар Балуан Шолақ (Нұрмұханбет) Баймырзаұлы, Қажымұқан Мұңайтпас- ұлы және солардың соңғысы Әбілсейіт Рүстемұлы Айханов деп мойындалған. ¤кінішке қарай, қазақ күресі өнерінің қара бурасы, Алатаудай айбынды, жас ұрпақ палуандардың қайталанбас ұстазы болған Әбілсейіт Айхановтың өмірден өткеніне 10 наурызда үш жыл толады. Батыр палуан Алматы қаласының Кеңсай зиратына жерленгенін ел-жұрты біледі.

Елбасы Н. Назарбаев аты аңызға айналған Ә. Айхановтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туған-туысқандарына жолдаған көңіл айту жеделхатында: «Ол бұрынғы Кеңес одағының ауқымында ғана емес, көптеген халықаралық жарыстарда жеңімпаз атануы арқылы зор жетістіктерге қол жеткізген аса үлкен дарын иесі еді» – деді. Соңында Ә. Айхановтың есімі мен еңбегін қазақстандықтардың ұмытпайтынын атап көрсетті.

Қазақ күресінің теңдесі жоқ қайраткері, ұлтының айбыны мен абыройы Жетісу жеріндегі жерлестерінің жүрегінде сақталары ақиқат.            

Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
Ақсу ауданының
Құрметті азаматы