АТ БӘЙГЕСІНЕ ОН ЕЛДЕН СПОРТШЫЛАР КЕЛДІ

Уақыты: 16.04.2019
Оқылды: 1638

Бүгін Алатаудың етегі ат тұяғының дүбіріне бөленді. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Талғар ауданына қарасты "Байсерке" ипподромында ат спортынан жастар арасында Бірінші Азия чемпионаты басталды.

Ұлттық спорттың бәсін арттыратын бұл сынақта көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату түрлерінен Азияның 10 мемлекетінің ат спортшылары өзара сынға түсті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Моңғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан мемлекеттерінің ең үздік командалары бақ сынап жатыр.

Чемпионаттың алғашқы күнінде көкпар ойыны бойынша Моңғолия мен Тәжікстан командалары кездесті. Тартысты бәсекеде Моңғолия командасы 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Чемпионаттың салтанатты ашылуында Алматы облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының бастығы Нұрбақыт Теңізбаев пен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарыс барысында эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. "Байсерке" ипподромында ат спортының жанкүйерлері мен чемпионат меймандары үшін қолөнер шеберлерінің ат әбзелдері саудаланды. Тұяғымен жер тарпыған тұлпарларымен бәсекеге түсетін командалық ойынды тамашалауға ауа райының жауын-шашынды болуы да кедергі келтірмеді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы