АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ПОЛИЦЕЙЛЕР ФУТБОЛ ОЙНАДЫ

Уақыты: 07.12.2019
Оқылды: 955

Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Алматы облысы «Мемлекеттік күзет қызметі басқармасы» ММ 1-полиция батальоны қызметкерлері арасында шағын футболдан жарыс өтті. Додаға 7 команда, 50 қызметкер қатысты.

Шарада облыстық МКҚБ ММ кадр саясаты бөлімінің бастығы, полиция майоры А.Қожамбаев сөз алып, қызметтік міндеттерін кәсіби шеберлікпен, жауапкершілікпен атқарып, мекеменің қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін бірқатар қызметкерге Алғыс хат табыстап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Динамо» спорт кешенінде өткен турнир тартысқа толы болды. Жоғары дәрежеде өткен бәсеке жиналған жұртты бір серпілтіп тастады. Әсіресе, ақтық сында өнер көрсеткен командалардың ойыны қызықтырды. Бір-бірінің қорғанысынан саңлау іздеп, ұрымтал тұста мүлт кетпейтін қос команда бұл ойында шеберліктерімен  жиналған жұрттың таңдайын қақтырды.

Жарыстың қорытындысы бойынша І орынды 1-полиция батальонының 2-ші взводы, ІІ орынды 1-полиция батальонының 1-ші взводы, ІІІ орынды 1-полиция батальонының 5-ші взводы иеленді.

Турнирде әдемі ойын өрнегін көрсеткен аяқдопшылар да марапаттан тыс қалмады. Атап айтсақ, полиция подполковнигі Жасұлан Төлегенов «Үздік қақпашы», полиция лейтенанты Бақытжан Тұрысбеков «Үздік шабуылдаушы», полиция аға сержанты Медет Беделбеков «Үздік ардагер ойыншы», полиция кіші сержанты Айдос Мауков «Үздік қорғаушы» атанды.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Мақтау қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы