ТАЛДЫҚОРҒАН: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ТҮНДЕ ФУТБОЛ ОЙНАДЫ

Уақыты: 10.12.2019
Оқылды: 1451

Талдықорғандағы «Жастар - 2» спортзалында мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футболдан ұйымдастырылған «Түнгі лига» чемпионаты өз мәресіне жетті.

Облыс әкімі аппараты, облыстық дене шынықтыру және спорт, ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен өткен додаға 8 команда, 100-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысты. Айта кетейік, жарыста Н.Теңізбаев, Р.Алпысбаев, М.Жапаров, Р. Қожасбаев, Т.Омаров сияқты облыстық басқарма басшылары өнер көрсетті.

Турнир екі кезең бойынша өрбіді. Әуелі командалар жеребе тартып, екі топқа бөлінді. Өз тобынан үздік шыққан екі команда жартылай финалға жолдама алады. Сайыс тартысты өтті. Әр ойыншы чемпион атану үшін барын салып өнер көрсетті. Әсіресе, үздік төрт команданың ойын өрнегі көрермендерді тәнті етті.

Жартылай финалда облыстық ішкі саясат және спорт басқармасынан құралған команда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын 3:1 есебімен ұтып, ақтық сынға жолдама алды. Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыс әкімі аппаратының командасын 1:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Ақтық сынға шыққан командалардың ойыны тіптен ерек. Қос команданың ұйымдастырған техникалық шеберлікке толы жүйелі шабуылдары кәсіби футболдан кем түспеді. Тартысты өткен бәсеке жиналған жұртты бір серпілтіп тастады.

Екі аптаға созылған жарыстың қорытындысы бойынша екінші жыл қатарынан I орынды облыстық ішкі саясат және спорт басқармасынан құралған команда жеңіп алды. II орынды жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының командасы еншіледі. III орынды облыс әкімдігі аппаратының командасы иемденді. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының командасы төртінші орынға тұрақтады.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мақтау қағазы, медаль, кубок, бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар да марапаттан тыс қалмады. Атап, айтсақ Алмас Нақбаев «Үздік сұрмерген», Жаннұр Әбішев «Үздік ойыншы», Кеніш Ахметов «Үздік шабуылшы», Ринат Бекболғанов «Үздік қорғаушы», Қуаныш Ожаров «Үздік қақпашы» номинациясын жеңіп алды. 

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы