АЛМА ТҰҚЫМЫНЫҢ АТАСЫ — "СИВЕРС" ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА ЕНГЕН

Уақыты: 11.06.2021
Оқылды: 1996

"Jetisý Media-ның" ұйымдастыруымен "Мемлекет басшысының орман қорында 2 млрд. ағаш отырғызу туралы тапсырманы орындау жөніндегі жұмыстар" атты кезекті  брифинг өтті. Іс-шарада облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері баяндама жасады.

Алматы облысында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы аумағы 5,4 млн. гектарды құрайды, яғни аймақтың 24,1 пайызын қамтиды. Атап өтсек, жалпы республика бойынша орман ауқымы 4,6 пайыз ғана болса, біздің облыста 8,3 пайыз. Орманды жерлердің басым бөлігі – Райымбек, Балқаш аудандарына тиесілі. Бұл негізгі қылқанжапырақты және сексеуілді ормандар болып табылады. Жобаны іске асыру мақсатында облыстық орман шаруашылығы  және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы облыс әкімдігі мен табиғат қорғау мекемелері бірлесе отырып, 2021-2025 жылдар аралығындағы орманды ұлғайту, ағаш өсіруді көбейту бойынша кешенді жоспары әзірленген болатын. Бұл жоспарды облыс әкімінің орынбасары бекітіп және Экология, геология табиғи ресурстары министрлігімен келісілді. Аталған жоба шеңберінде көшет отырғызу облыс әкімдігінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басқа да бастамашы топтар күштерінің жүзеге асыруы қарастырылған. Аймақта 14 орман шаруашылығы бар. Кешенді жоспарға сәйкес,  5 жыл ішінде 83 млн. ағаштың 71 млн. данасын тұқым себу арқылы, 12 млн. данасын көшет отырғызу арқылы құру жобаланған. Онда шырша, қарағай, терек, қайың, қараағаш, жиде сияқты түрлі жеміс ағаштары мен сексеуіл отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар, бұл тізімге көбейту мақсатында елімізде Қызыл кітапқа енген «Сиверс» алмасын қосқан. «Сиверс» алмасы дүниежүзі бойынша алма тұқымының атасы болып саналады. 5 жыл ішінде жобаны қаржыландыруға, оны іздестіру жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 78 мың теңге бөлінсе,  жергілікті бюджеттен ағаш отырғызуға, құрал-саймандар алуға 3 млрд. 330 мың  теңге  бөлінген. 
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрқуат Қонысбаев: «Бізге орман шаруашылығын дамыту бойынша үлкен жауапкершілік түсіп отыр. Ағаш отырғызудың өзіндік жоспары бар. Оларды жай ғана еге салу емес, алдын ала отырғызылатын топырағы зерттеледі. Болашақта ол біздің елімізді көгалдандыруға және жоғалып кеткен өсімдіктерді көбейтуге үлкен ықпалын тигізеді», – деп журналистер қойған сауалға жауап берді. 

Арайлым НҰРЖАПАР,
І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің студенті