ТІРНЕК ПЕН КӨРНЕК АРАСЫ

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 2950

Алаш алыбы Әлихан айтқан: «Айыр сөзде айып жоқ, ақылға саңырауда айып» деген сөзді түсінер жан сирегендей сезіледі бүгін. Өйтпесе, сөлді-сөлсіз, пайымды-пайымсыз, парасатсыз  сөзді парықсыз жұмсаған көп болмас па еді, кім біліпті?! «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деген көне тәмсілге сенсеңіз, ақылға саңырау айтқан жүрекке сіңімсіз рәсуә сөзге ренішің молаяды кеп. Шіркін дейсің, сүйектен – жан иірімінен шымырлап шықса сүбелі сөздің кінәсі не?!

Сүйектен демекші, атам қазақ «сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтты дейсіз бе? Бақсаңыз, байламы басқа сөз дерсіз бұл. Әуелі оны түсіну үшін атақты алдүзік ғалым Өтейбойдақ бабамыздың еңбектерін ерінбей парақтап өту ләзім-ақ. Жан мен сөздің өзара тығыз байланысы туралы ғұлама өзінің «Шипагерлік баян» атты еңбегінде тәптіштей тәпсірлеп берген-тұғын. Сонау XV ғасырдың өзінде-ақ. Алдымен адам денесінің бір тұтастығы әрі бүкіл дене мүшелерінде қан арқылы өзара тіл алмасымының болатындығы айтылған. Әрине, қазіргі медицинаның дәлелдеуі бойынша, дене мүшелерінің жүйке жүйесі арқылы тіл алмасатындығы анық. 
Демек, данагөй бабаларымыз айтып кеткен мақалдың мәні – сөздің сүйектен сіңе білетіндігі, нақтырақ айтқанда сүйектің сөзді тыңдай алатынынан болса керек. Ал қандай сөз сүйекке сіңбеуі мүмкін десеңіз, Алаштың Әлиханы атап өткендей, ақылға саңырау көңілден жүрекке сіңімсіз сөз шықпақ. Бұған қарап сөз түсінудің, тіл ұстартудың үлкен ғылым екенін байқайсыз. Дала мәдениетінің даралығы да, дала даналығының мәйегі де тілінде екені даусыз, ендеше?!
«Көзімнің қарасы» 
деп неге айтады?
 Қазақ ең жиі айтатын, сүйініп, елтіп, құдіретіне сүйеніп айтатын сүйкімді һәм сұлу сөздің бірі де осы сөз шығар. Бар мейірімін, көңіл шуағын, жүрек жылуын төге салады-ау өстіп. Біздің болмысы бөлек қазақ. Былай қарасаңыз, әдемі образды теңеу. Көзінің қарасына теңейді. Сөйтіп, еміреніп, емексіп отырып қарашығындай қорғайтынын үстеп айтады. 
Ал жоғарыда біз сөз еткен жан мен сөз байланысы тұрғысынан қарастырар болсаңыз, осы сөздің мағынасының тым тереңде жатқанын байыптайсыз. Бұлайша болғанда, «көзімнің қарасы» деу – сөйлеп тұрған жүрегімнің, сана-сезім, көңіл түкпірімнің иесі деп әспеттеу болмақ. Мәселен, медицина ғылымында да көз жүректің – көңілдің хабаршысы саналған. Яғни, ол адам денесінің үнсіз, тілсіз сөйлеп тұрған «екінші ауызы» деуге де болады. Сол себепті де, қазақ арасында  «көзіне қарап таныдым», «көзі айтып тұр» деп келетін қисынды сөздер сақталған. 
Осы ретте, еріксіз хакім Абайдың: «Көзімнің қарасы, көңілімнің санасы» деген өлең жолдары еске түсетіні рас. Түседі де ойға қалдырады-ау, шіркін! Мүмкін, осы өлеңнің тыныс белгісінің қойылуында ағаттық кеткен бе екен, деп тағы үңілесің. Әлде әуелгі ақынның көңіліндегі нұсқасында «Көзімнің қарасы – көңілімнің санасы» болып қалыптанды ма екен? Ол жағы әзірге беймағұлым дүние.   
Көздің «сөйлейтіні» турасында ғалымдар жасаған сынақтың түрі де көп. Алысқа бармай-ақ, қазақы танымдағы «түйенің жаңа туған ботасын сырт адам көрсе өліп те қалады», дейтін сөздің өзі-ақ көп жайтты аңғартса керек. Себебі, төрт түліктің ішінде өте-мөте Ойсылқара төлі – ботаның көз сүйінердей әдемі болатыны рас. «Ботакөз» деп қыз балаға атын беретін көзінің өзі неге тұрмақ?! Ал осы бір аяулы жан иесінің адам көзі түссе неге өліп қалатыны да дәлелденген қазір. Яки, бұнда да көздің сөйлей алатыны себеп. Тарқата түссек, қуатты көз нұры арқылы көңілдегі сөздің ақтарылып түсуі жас төлге оңайға соқпасы анық. Сол сияқты кез келген хайуанның немесе жәндіктің жас төліне сұқтана қарасаң не сөйлесең, ол да өліп қалуы немесе ауырып қалуы ықтимал. 
«Көрнек» деп нені 
көрнекілеген?
Бүгінде екі сөздің бірінде «тірнектеп еңбек етуде», «тірнектеп тырбынып жүр» дейтіндердің қатары көп. Қарапайым етікші мен еңбекшіл жұртқа қаратыла айтылса бір сәрі дейсің, әнші мен биші, ақын мен актер, дәрігер мен депутаттар да тірліктерін «тірнек» деп атайтын болғалы қашан. Әлде жорта жұрттың аяушылығын оятқысы келгенінен әлде «тірнек» сөзін ақ адал еңбектің айнымас символы деп есептейтінінен бе, әйтеуір, осылай айтуды әдет қылған айтқыш көп. 
Артық айтып не етейік:  атақты әулие Мәшһүр-Жүсіп еңбектерінде де біраз сөздің бүтін болмысы баяндалған. Мәселен, абыз шығармаларының 12-томында өнер дүниесі туралы тамаша байлам бар. Онда ол: «өнер дүниесі екіге бөлінеді: бірін «Тірнек» дейді, бірін «Көрнек» дейді. Үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба жасайды, киіз басады, ыдыс істейді, тағысын-тағы сол сияқты шаруаға керек нәрселерді дайындайды. Міне, бұлар – адамның күнкөрісіне керек шаруалар. Тірнек – осылар, – деп түйеді. Ары қарай, ал біреулер көрікті мешіт, көрнекті там, көркемсурет салады. Әдеміден: әсерлі күй, ажарлы сөз шығарады. Алдыңғы тірнек жұмысы – адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер, соңғы нәрселер – адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер», – деп ғибраттайды ойын. 
Енді, ойлап көріңіз, біздің көрнегі мен тірнегі ауысқан қоғамға не үшін  тап келгенімізді. Оның себебі де біреу. Біз аталы сөздің астарына үңілуден, өткен тарихтың өзегіне бойлаудан саналы-санасыз түрде бас тартқанбыз. Сөйтіп, миша былыққан, миуасыз сөзді парықсыз, пәруайсыз қолданып-ақ келеміз. 
 
«Шаланы» біліп, 
«шарпыны» білмейміз бе?
Шын мәнінде де «шала» десе, екінің бірі емін-еркін түсіндіріп, етектей-етектей мысал келтіріп әуре етуге дайын. Әрі онысы тағы шарасыз айтқан шала тұжырымның сықпыты емес. Жүйелі сөз болар. Мысалы, атақты ақын Ілияс Жансүгіров шығармаларының бірінде «Қыздар қуанып шала-шарпы киінді» деген сөйлем бар. Бәрі түсінікті. Шығарма желісін қуып, сыдыртып оқып отырған сіз де бұл сөйлемнен  кейіпкердің шала киінгенін аңдап, ары қарай зуылдата оқи жөнелерсіз. Ал сонда осындағы «шарпы» сөзі не болды екен деп мән беріп өткен бір оқырман болма-ды-ау, сірә?
Оқырман ның олай істеуінде де ақтап алар алабөтен себеп бар. Әдетте, қосарлама қос сөздердің көбінің соңғы сыңарында мағына болмайтындықтан, көбіне оған мән берілмей келгені рас. Айталық, ет-мет, соғым-поғым, ас-мас деген секілді. Алайда, атаулы сөздің ара-арасында соңғы сыңарының да мағыналы болып келетіні бар. Тек соған мән беру керек сияқты. Бұл туралы «Парасат» журналының бас редакторы, сөзтанушы Серік Әбікенұлының «Жегі» атты кітабында жазғаны бар. Онда «шал-шауқан», «бала-шаға», «қыз-қырқын» сынды бірқыдыру сөздің кейінгі сыңарларының мәні айқындалады. Көзіқарақты оқырман бұл мағлұматтарды аталған кітаптан оқып-білген болар...
Ендеше, «шарпы» сөзі не болды екен дейсіз ғой. Онда айталық. Қазақ сөзінің кей төркіні кезінде Түркі жұртының ықпалы болған көп тайпада сақталып келе жатқаны рас. Тіпті, біз де ұмыт бола бастаған біраз сөздің дерегін де өзге ұлттың қоржынынан тауып жататынымыз бар. «Шарпы» сөзі де әне сондай сөздің бірі деуге болады. Тува тілінде «шарпы» сөзі «жарты» деген ұғымды береді. Бұл тұрғыдан келгенде, біз айтып жүрген «шала-шарпы»-ның тағы бір нұсқасы «жартылай-жарты» дегенді меңзейді. 
Бәлкім дейсіз, отқа, күнге табынған тәңіршілдік дәуірде бұл сөздердің әуелгі мағынасы әлде басқалай болды ма деп тағы індеткіңіз келеді. Өйткені «шала» сөзі отқа қатысты да айтылады емес пе? Мәселенки, әлмисақтан толық жанбаған отынды «шала» деп айтпағаны белгілі. Бұған қатысты мақал да бар. «Сөздің аласы – жаман, оттың шаласы – жаман» деп келетін. Ал «шарпы» сөзі туралы не айтуға болады дейсіз ғой, оған да жауап дайын. «Шарпы» иә болмаса «шарпу» сөздерінің де отқа қатысты айтылатыны – тағы рас. Ең қызығы, мұнда да «шарпы» сөзі толық мәнді емес, жартылай деген мағынаны білдіреді.  
Мысалы, «от шөп басын шарпыды», «соғыс өрті шарпыды» деген сынды сөйлемдерде жартылық мән беріп тұр. Біріншісінде, шөптің басын шарпыса, екіншісінде соғыстың болған жері емес, екінші бір шарпылған жер суреттелген. Міне, осы мысалдардан-ақ, «шала-шарпы» сөзінің әуелгі мағынасы толықтай аңғарылса керек. 
 
«Шүйгін» деп нені айтқан?
Осы сөз аталса тек, құнарлы, құйқалы топырақта ұйыса өскен қалың шөп елестейтін болғалы қашан. Екі адамның біріне сөйлем құратсаңыз да «шөбі шүйгін жер» дегеннен көп аспасы белгілі. Сонда «шүйгін сөзінің түпкі мағынасы не?» немесе «Ол басқа қандай мағыналарда қолданылуы мүмкін?» деген сұрақтың ешкімді қызықтырмағаны ма дейсіз? Қызықтырса қанеки: «Соғымың шүйгін болсын» деген не сөз? деп жақтырмай өзіңе сұрау тастайтынын қайтесің. 
Сонда «шүйгін» сөзі нені білдіреді деп сұрауыңыз бек мүмкін. Ол үшін көне түркі тіліндегі «чівгін» сөзіне ден қойған жөн. Онда атаулы сөз шөптен гөрі, асқа көбірек қолданылып, оның тойымды, жұғымды, кенеулі екенін жеткізуде анықтауыш сөз есебінде жұмсалған. Сосын да түркілер «чівгін аш» деп жұғымды, құнарлы асты атайды. Осыған қарап-ақ ел арасында ауыздан-ауызға тараған «соғымың шүйгін болсын» деген сөздің тектен-текке айтылмағанын байқауға болады. 
Сонда шөпке, тамаққа аталған сөздің қандай қатысы бар десеңіз, бұл ретте ол туралы да баян етелік. Шүйгін – құнарлы, жұғымды, дәрілік қасиеті жоғары өсімдіктің бір түрі. Шипалы шөп. Көбіне халық емшілігінде дәрі жасауға қолданылып келген. Яғни, осы шөптің атын әмбебап қасиеті үшін де көп мағынада қолдануға, сол арқылы қазақ сөзтаным ғылымының көкжиегін кеңейтуге сіздің де қақыңыз бар.    
Сөзімізге дәйек ретінде атақты сыншы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің 2011 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген бір мақаласының тақырыбын-ақ айтуға болады. Гүлнар Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» деген атпен шыққан естелік-эссесін оқыған ғалым өз мақаласына «Шүйгін шындық» деп ат қояды. Осыдан-ақ аталмыш сөздің аталар кеңістігінің, айтылар тұсының қандайлық көп екенін байқауға болады.
P.S Атақты жазушы Асқар Сүлейменовтің «Сөз – құлын да, ой – жылқы» дегені еске түседі осындайда. Мұнда да Әлихан Бөкейхан айтқандай ақылды – ойды түзе дейтін емеурін бар. Түсініктірек айтқанда, сөз – құлынның сүйекті болу-болмауы ой – жылқыға байланысты дейді абыз. Мұны қазақ: «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген бірауыз сөзбен шегендепті бұрын. Ал біз содан сабақ алсақ, қанеки?!
Қозыбай ҚҰРМАН.​
 

КЕРЕК КЕҢЕС1. «Қажет», «тиіс», «керек» деген модальдық сөздердің ішінде тек «тиіс» сөзі ғана жіктеледі. Мысалы, «баруға тиіспін, баруға тиіссің, баруға тиіс». Ал «қажет», «керек» жіктелмейді. Қазір екінің бірі «бару керекпін», «баруыңыз керексіздер», т.б. деп сөйлейді. Бұл – қате.
2. «-Ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе» сұрау есімдіктері жалғанғанда оның алдындағы етістік аяқталмай, көсемшенің «-а, -е, -й» жұрнағымен бітуге тиіс. Мысалы, «бола ма, келе ме, қарай ма», т.б. Ал біздің журналистер «болады ма?» дегенді сәнге айналдырып алған. Бұл – сауатсыздық.
3. Қазақ тілінде үш шақ бар екенін бәріміз де мектепте оқыдық. Осы шақ, өткен шақ, келер шақ. Осы шақ: оқып жатырмыз. Өткен шақ: оқыдық немесе оқығанбыз. Келер шақ: оқимыз. Біз «оқитын боламыз» деп жүрміз. Бұл орыстың «будем читать» дегенінің тікелей аудармасы.
4. Соңғы кезде «сәйкесінше» деген бір сөз шықты. Бұл да орыстың «соответственно» деген сөзінің тікелей аудармасы.
5. «Ойымен, пікірімен бөлісті». Дұрыс емес. «Ой бөлісті, пікір алысты» деу керек.
6. Ас+паз. «Паз» – зат есімнен зат есім тудыратын жұрнақ. «Ас» түбіріне «паз» жалғанған соң сөздің мағынасы өзгеріп, «ас пісіретін адам» деген мағына беріп тұр. Ал біз «аспазшы» деп жүрміз.
7. Қазір әйелдер «нәзік жандыларға» «айналып» кетті. Бұл да - калька, орыстың «представители слабого пола» дегенінен шығарып алған сөзіміз. Қазақтың әп-әдемі «қыз-келіншектер», «бойжеткендер», «әйелдер» деген сөздері бар ғой.
8. «Сәттілік!». Бұл да – орыстың «удачи!» деген сөзінің тікелей аудармасы. «Сәттілік тілеймін!» деу керек.
9. «Орын алды». Соңғы кезде «болды» деген сөздің орнын осы тіркес «тартып алды». Бұл да орыстың «имеет место» деген сөз тіркесінің сәтсіз аудармасы.
10. «Менің үлесім осы қаржының ..... пайызын құрайды». Бұл да - орыстың «составляет ... процентов» деген тіркесінің көшірмесі. Мұны «Осы қаржының ... пайызы – менің үлесім» десе, қазақы, өте сауатты сөйлем болар еді.
11. «Баруда, келуде». Қазақ тілінде «жатыр, отыр, тұр» деген сияқты көмекші етістіктер бар. Біз қазір сөзді азайтқымыз келе ме, «-уда», «-уденің» көмегімен жаппай осы етістіктерге «байкот» жарияладық. «Мен мақала жазып жатырмын» дегеннің орнына «Мен мақала жазудамын» дейміз. Осы «аурудан» құтылуымыз керек.
(Ақын, журналист Гүлнар Салықбайдың 
журналистерге ескертуінен).