Халық игілігі үшін

Уақыты: 13.12.2017
Оқылды: 1118

Тоғыз оқушыға да арнайы мектеп салынады. Бұл туралы облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Қаратал, Ескелді ауданы мен Талдықорған қаласы әкімдерінің он айлық жұмыс көрсеткішін тыңдау барысында айтты. Шарада аталған аудандар мен  қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жылдың жоба-жоспарлары тыңдалды. 

Жиында бірінші болып есеп тізгінін ұстаған Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев баяндама барысында халық қалауын, жұрт тілегін жеткізе білді. Мәселен, аталған аймаққа қарасты Қожбан ауылындағы білім ордасының бүгінгі жағдайы бүтін елді ойлантқандай. Онда тоғыз  оқушы бұрынғы қазандықтың ғимаратында оқуға мәжбүр. Мәселені естіген облыс әкімі ондағы түйткілді бірден шешуді тапсырды. Мұнымен қоса, осындай тағы 4 ауылдың білім ордасын қайта салу қажеттігін айтты.
– ХХІ ғасырда балалардың қазандықта оқып жатқаны ұят дүние. Аталған мәселені қайта қарастырыңдар. Ғимараттың ішінде мұғалімдер кабинеті, 2-3 сынып пен дәлізі болуы керек. Бұл  нысандар тіпті жөндеуге де келмейді. Қайтадан салу қажет, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Сонымен қатар, ауданда екі аурухана мен екі фельдшерлік пункт жөндеуді қажет етіп тұр. Ал Бастөбе ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктін жаңадан салу керек. Бұл ұсыныстар да облыс әкімі тарапынан қолдау тапты. Қосымша, 9 Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпек. Бұдан бөлек, аудан әкімі Қаңбақты ауылдық округіндегі су шайып кеткен 5 мың гектар жерді қайта айналымға енгізу мәселесін, Қаратал мен Көксу ауданының ортасында алтын көпір болып тұрған Тастөбе – Бесағаш жолын жасау керектігін де көтерді. 
Өңір басшысы аталған мәселерді қолдайтынын айтып,  жауапты адамдарға әсіресе су шайып кеткен жерлерді бірінші кезекте қалыпқа келтіруді тапсырды. 
Келер жылда атқарылар шаруалар бойынша Ескелді ауданының әкімі де біраз жоба-жоспарларын алға тартты. Мәселен, Көкжазық ауылында 183 млн. теңгеге дәрігерлік амбулатория салып, Алдабергенов ауылындағы мектепті ретке келтіру керек. Сонымен қатар, Қарабұлақта қаңырап бос тұрған 35 пәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бұл мәселелер бойынша облыс әкімі қолдау көрсететінін айтты. 
Осы ретте Амандық Баталов жері құнарлы, суы қолжетімді Ескелді ауданында қант қызылшасын өсіру бағытындағы жұмыстарға көңілі толмайтынын, тәтті түбір өнімділігін арттыруға күш салу керектігін айтты.
– Біз сендер үшін бәрін жасап жатырмыз. Тіпті, жақсы көрсеткіш көрсетулерің үшін техниканы Франциядан сатып алудамыз. Қажет техниканың барлығы бар. Жерлерің де суармалы. Бұдан басқа қандай шарт, жағдай керек? Сол үшін  жұмыс істеңдер. Келер жылы әр гектардан 500 центнер өнім алатын болыңдар, – деді облыс басшысы. 
Жиында Талдықорған қаласының әкімі де атқарылып жатқан жұмыстар жайында есеп беріп, келешек жоспарларымен бөлісті. Әрі биыл қолға алынған шаруалар жыл соңына дейін толығымен аяқталатынын айтты. 
– Біз жыл соңына дейін 6 балабақшаны қолдануға береміз. Осылайша келер жылы балаларды балабақшамен 95 пайызға қамтимыз. Екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Тағы төртеуін салу үшін сметалық жобалық құжаттамасына 66 млн. теңге қаражат қажет, – деді қала әкімі Бағдат Қарасаев. 
Есептік жиында Амандық Баталов өңірді газбен қамту жұмысын жылдамдату қажеттігін жеткізді. Өйткені келер жылдың соңына дейін қаланың 70 пайызы көгілдір отынға қол жеткізуі тиіс. Ал құбыр тартылып болған соң 100-ден аса көше жөндеуден өтпек. 
– Қолға алған шаруаларыңды аяғына дейін жеткізіңдер. Шешілуі кезек күттірмейтін барлық мәселеге қолдау көрсетіп жатырмыз. Ең бастысы, жұмыстың сапасын қадағалап, қаржының дұрыс игерілуіне мән бергендеріңіз жөн. Ал айтылған басқа да ұсыныстарға мейлінше көмектесетін боламыз, – деді ол. 
Шара аясында өңір басшысы әкімдерге халық игілігі ескеріліп жұмсалса, қай уақытта да сұралған қаражаттың бөлінетінін, ол үшін облыста мүмкіндіктің  зор екенін тілге тиек етті. Бір мезгілде  әкімдерге мұндай есептік баяндамада істегендерін жіпке тізбей, алдағы уақытта істелуі тиіс нақты істер, баянды жобалар жайын баяндауды тапсырды. 

Қозыбай ҚҰРМАН.