Бесік тербету - әйел бақыты

Уақыты: 01.06.2016
Оқылды: 2203

«ЭКОМЕД» басшысы Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА ел ішінде. Осыдан жиырма жыл бұрын ел тұрғындары үшін бедеулік дертінің емі мен амалы жоқтай көрінетін. Сәбилі бола алмағандықтың салда­рынан көптеген отбасы ажырасып тынды. Демо­графиялық өсуіміз тежелді. Бірақ, «ЭКОМЕД» экстракорпоральді ұрықтандыру тәсілі енгізілгелі бері бір шикіөкпеге зар болып жүргендердің үміті оянды. Бедеу­лік дертінің дауасы табылды. Адам ұрпағын көбей­туге теңдессіз еңбек сіңіріп жүрген «Алтын дәрі­гер» Салтанат Байқошқарова алғашқы «құтыда дамы­ған» нәрестені дүниеге әкелді. Бүгінде алғашқы қыз 28 жаста. Дәрігердің айтуынша, өте әдемі, ақылды, сұңғақ бойлы қыз ерекшелегімен көз тартады. Емхана ашылғаннан бері 12000 сәби дүниеге келген.

Еліміздің алғашқы эмбриологі Салтанат Берденқызы жақында Талдықорғанға келді. Ол жүкті болу бақытын аңсап жүрген әйелдермен кездесу өткізді.

Ғылым арқылы табиғаттың тылсым жұмбағын шешкен дәрігер ана бақытын сезінгісі келген келіншектердің сұ­рағына барынша жан-жақты жауап берді.Қарапайым, біл­гір, іскер маманның сөз сап­тауы, нәзікжандыларға деген жанашырлығы тәнті етті. Бір адам сауал берсе, соның ал­дағы күнге деген сенімін оят­қанша дәрігер тоқ­таусыз ке­ңес береді. – Арманы сөнгелі тұрған отты тұтату бәрі Жа­рат­қанның қолында. Деген­мен, негізгі ықылас-пейіл өзіңізде жатыр. Шешімі жоқ дүние болмайды. Тек сеніп, үмітті жану керек. Шын сұраса құдайдың беретіні хақ, – де­ген сөзі салы суға кетіп жүр­ген әйелдердің еңсесін көтер­ді. Өздеріндегі кінә­ратты ежіктей жеткізіп, сәби сүю үмітінің мүлде жоқтығын айтып күмілжіген әйелдерге дәрігер бала көтерудің сан қырлы жолы барын айтып, жігерлендірумен болды. Ма­ман «бар», «болады», «басқа жолдарын қарастырамыз», – деген кеңес-лебізі арқылы келін­шектердің күдігін сейілт­ті.

Жиналғандар: «Денеден тыс ұрықтандыру» деген тәсіл жайлы айтып беруді өтінді.

– Ол – аналық ұрықты де­не­ден тыс, яғни «құтыда» ұрық­­­­тандыру. ДТҰ – бүгінгі таңда бедеулікті емдеудегі ең тиімді және нәтижелі тәсілі. Бұл әдіс әйелдің жатыр түтік­ше­лері жоқ немесе өткізу қабі­леті нашар, еркек бел­сіз­ді­гінде, эндометриозда, аналық бездің дұрыс жұмыс атқара алмауында, бедеуліктің се­бебі анықталмаған кезде, ем қонбай қойғанда қолда­ныла­ды.

– Денеден тыс ұрық­тан­дыру әдісі арқылы гене­тика­лық сырқаттарды анықтауға бола ма?

– Аталмыш әдіс арқылы тұқым қуалайтын әртүрлі гене­тикалық кеселдерді анық­тауға болады. Бұл әдіс эм­брионды жатырға салмай тұ­рып жасалынады. Зерттеу әдісін имплантация алдын­дағы генетикалық диагнос­тика деп атайды. ИГД әдісі­мен даун синдромы, гемо­филия, тағы да басқа сыр­қаттарды анықтауға болады.

– Жүктіліктің жүзеге асы­рылуына қандай кепілдік бар?

– Қалыпты жағдайда жүк­тілік үдерісі нашар атқа­ры­лады. Мысалы, 20 жастағы әйелде бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, ал 40 жаста – 5 пайыз. Денеден тыс ұрықтандыру және эмбрионды жатырға қон­дыру әдістерінде аналық без­ді ұрықтандырудың арқа­сын­да бұл көрсеткіш екі есе ар­тады, – деді дәрігер.

Облысымыздың жер көлемі үлкен. Бірақ, адам қарасы соған сай емес. Демо­гра­фиялық саясат бойынша өңір тұрғындарының санын арт­тыру көзделуде. Қазақстан Республикасы Президенті жа­нын­дағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комис­сияның мүшесі Салтанат Бер­денқызының келудегі мақсаты – демографиялық өсудің тү­йін­ді мәселелерін қарастыру. Ол республика көлемінде қол­ға алған бұл игілікті істі Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына арнапты. Алдағы уақытта ұрпақ өрбітуші маман рес­пуб­­ликаның басқа да облыс­та­рына сапар шекпекші.

Биология ғылымдарының докторы бедеулік пен бел­сіздікті емдейтін дәрігер­лердің аздығын айтты. Ол соңғы жылдары өз емха­насында 100-ден аса маман тәрбиелеген. Сондай-ақ, 20-дан астам зертхананың ашылуына себепші болған. Ендігі мәселе –облыс­тар­дағы мамандарды оқыту, біліктілігін жетілдіру. Осы­лайша ерлі-зайыптыларға нәрестелі болу бақытын сый­­лау.

 Әйелдің жан-дүниесі, ағзасы өте күрделі құрылым. Бірақ, оның бойындағы нә­зік­тіктің тасасында ұлы күш бар. Ол – адамзаттың тір­шілігін жалғастыру жолын­дағы жауапкершілік күші. Әйел – ұрпақ жалғастығы үшін адам сенгісіз қиын­дыққа шыдай алады. Енде­ше, бесік тербетер бақытқа бөлете гөр қыз-келін­шек­терді деген тілеу тілейік.

Гүлжан Тұрсын