Еңбекпен еленген әулет

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 2272

Өмірге келген әрбір жан бойындағы бар мейірімі мен асыл қасиетін сарп етіп, жүрек қалауы­мен өзінің шағын мемлекетін құрып қана қоймай, болашақта ел сенімін ақтайтын алтын асықтай ұл мен қызды тәрбиелеуі тиіс. Ол тікелей ата-ана алдындағы негізгі міндет. Ал әрбір киелі шаңы­рақ­тың өзіне ғана тән қағи­да­лары мен ережелері бола­тыны бесене­ден белгілі. Өмірінің әр күні мен сағатын еліне арнаса да отбасы­ның амандығын, бірлігі мен ынтымағын өзіне артылған зор жауапкершілік пен сенім деп білетін біздің кейіпке­ріміз бұл тақырыпқа келгенде таңды таңға ұрып әңгіме айтуға дайын. Себебі оның бойында ұлттық рух пен қазақы салт-дәстүр, тәлім-тәрбие әкенің таза қанымен, шешенің ақ сүтімен берілген. Олай болса, көпке үлгі бола білген Шайықовтар отбасы туралы оқи отырыңыздар.

ЕКІ ЖАҚС ҚОСЫЛСА

Енесей мен Еділді картадан ша­тыс­тырып алса да, өмірлік серігін таңдаудан бір пайыз да қателеспегенін ақсақал бүгін де мақтан тұтады. Мектептен бас­талған бала махаббат ғұмырлы бол­ғанын өмірге келген бес баласы мен   13 немересі дәлелдеді.

Біздің кейіпкерлердің бас қосуы өз алдына қызық оқиға. Ауылдың доп қуалап, мал қайырып жүрген қара до­малақ баласы қалалық қызға ғашық болады. Жігері мен өзіне тән ер азаматтық бол­мысы арқылы көптен ерекшеленген кер­без жігіттің ұсынысын қалалық қыз қа­был алады. Содан екі жылдай сыр­ласып, бірін-бірі танып болған соң бір жапырақ қағаз қолға тиісімен-ақ жас шаңы­рақ­тың қазығы қағылады. Ол оқиға былай өрбіген. Сонау 1968 жылы наурыздың 16-сы күні сайлау науқаны басталған-ды. Мектеп бітірген бойжеткен дауыс беруге кеткен. Үйде қалған әке-шешесі жақын арада құда-құдағи болатынын тіпті, ойламаған да. Содан ауылдың жастары жиылып жас қызды алып қашу опера­циясына таңертең кірісіп кеткен. Әдетте мұндай істі түнге қалдыратын. Мәрттігі мен қайсарлығы, жастық жалыны жа­лын­дап тұрған жиырма үш жасар жігіт трактормен ғашығын алып қашып, он тоғыз жастағы хас сұлуды өзінің асыл жары етеді. 1969 жылы ең алғаш ша­қыру қағазына суретке түсіп, той жа­са­ған да біздің кейіпкерлер. Алтын тойға нық қадам басып келе жатқан жан­дар­дың бақытты өмірлері осылай өріледі.

Кенетай ақсақалдың ел-жұртқа, ағайынға деген бауырмалдығының нәтижесінде ел ағалары төрден орын ұсынды. Еңбегі еленіп кеудесіне «Ерен Еңбегі үшін» медалі және басқа да марапаттарды иеленіп, ауданның «Құр­мет­ті азаматы» атағы да Кенетай Шайық­ұлына бұйырды. Мемлекеттік «Ауыл жылы» бағдарламасын қолға алып, Мәдениет үйін, мектеп, фельд­шер­лік пункт, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен ардагерлерге арнап, ескерткіш орнатуды қолға алып, ақса­қал­дармен кеңесіп, ауыл азаматтарымен бірігіп, іске асырды. Жас ұрпақ бүгінгі күні соның жемсін көруде.

Жалпы, еңбекқорлығының арқа­сын­да халықтың қалаулы азаматына ай­налған тұлғаның тұғырынан құламауы тіке­лей әйелге байланысты екені ақиқат. Елге келген әрбір құдайы қонақ ең алдымен осы шаңырақтан дәм татпай кетпейді. Кісілігі мен кішілігін бір бойына жиған отанасының қазан көтеріп, дас­тарханға барын салып, жылы шырайы­мен ас бергенінің өзі тектілігін көрсет­пей ме? Ас үй мен қонақ бөлменің ара­сына алтын көпір орнатып алған апайы­мыз жымиып: «Нұрсұлтан Әбішұлын ғана күткен жоқпын. Халық қалаулылары біздің шаңыраққа түсіп, ақ тілектерін айтып, менің қолымнан дәм татты. Қа­зақ­тың маңдайына біткен шоқ жұл­дызымыз, батырымыз Бауыржан Мо­мыш­ұлының ұлы мен келіні келген. Бір-біріне деген жарасымдылығымен, ина­баттылығымен менің көз алдымда әлі күнге дейін сақталып қалды. Ауылдың шетіне қазақ үй тігіп, мектеп жасынан өлеңдерін қолдан-қолға алып, жаттап жүретін Тұманбай Молдағалиев атамыз­дың батасын алдық. Игі-жақсылардың тілектерімен көктеп, көгеріп келеміз. Енді міне, өзіміз де бата беріп, ақыл айтар жасқа келдік», – дейді қалыптасқан әде­бі бойынша екі қолымен кесе ұсын­ған ақ жаулықты ана.

Құдай қосқан қосағына құрметтің ең үлкенін, астың ең дәмдісін, сыйдың ең қымбатын бере алған әйел – өзіне артылған міндет пен жүкті толықтай атқарып жүр деген сөз. Ыдыс-аяқтың сыңғырына төзіп, баланың былдырынан бақыттың кілтін іздеген жан ғана өмірден өз орнын таба алады. Мұның барлығын өмірден көргені мен түйгені көп, самайын қырау шалған бақытты ана айтты. Шайық ақсақалдың әулетіне он тоғыз жасында оң аяқпен аттаған жас келінге енесі нан илеуден бастап тамақ жасауға дейін үйретеді. Ер балаларша ойын қуып өссе де әр істің жай-жап­са­рын білетін, үйреткенді тез қағып алатын Гүлжахан апа өз өміріне риза. Қырық жеті жыл отағасының алдына шығып сөйлеп көрмеген ибалы келін бүгін де Домалақ, Ұмай, Зере, Ұлжандай ел анасына айналды.

Даналарымыз: «Екі жақсы қосылса, айрылысуға қиыспайды, Екі жаман қосылса, кең дүниеге сиыспайды», – деген. Екі жақсы қосылып, немере қолынан шәй ішіп, дәм татып отырған жандардың өмірі көпке үлгі.

ШАҢЫРАҚ СӘНІ – СЫЙЛАСТЫҚ

Қонақ келсе құт келді деп зор құр­мет көрсете білу де үлкен ерлік. Се­бебі, қа­зір қонақ тұрмақ туған әке-ше­шесінің, өзі өскен шаңырағының босағасына та­бан тіремейтіндер саны артып кеткелі біз көп нәрседен үрей­ленетін болып алдық. Ал мұндай үрей бұл отбасында жоқ. Өйткені олардың ақ дастарханы еңбек­теген баладан еңкейген қарияға қашан болса да жаюлы. Міне, бұл кең даланың төсіне аунап, көпшіліктің кең пейілі мен дархандығының жылуынан нәр алып өскен Кенетай ата мен Гүл­жахан апай­дың көрегендігі десек қате емес.

Үлгілі отбасын қалыптастырудың өзе­гін сұрағанымызда бойына сіңген тек­тілігін сақтап, Кенетай Шайықұлы өткен күндердің беттерін парақтады. Еңбекке құштар Шайық ақсақалдың ұлы жастайынан зерек, ақылды болып өседі. Көпті көрген ата-анасы үлкеннің алдын кесе көлденең өтпеуді, елдің ақысын жемеуді, таза еңбекпен, маңдай термен нан тауып жеуді, қандай жағдай болса да өтірік айтпауды ес білгелі құлағына құйып келген. Есті бала асқар таудай әкенің, аяулы ананың үкілеген үмітін ақтай білді. Білім мен еңбекті бөліп қарауға болмайтынын ұққан перзент 1969 жылы зооведтекникумды бітіреді. Жайма шуақ наурыздың 16 жұлды­зында қолына бір жапырақ дипломын алып, қуанышы қойнына сыймай ауылға келеді. сол сәттен бастап үлкен өмірге аяқ басқан жас жігіттің арманы асқақ еді. Ол ойындағы мақсатына қол жет­кіз­ді. Өмірдің ащысы мен тұщысын өмірлік серігімен бірге татқан Кенетай ата: «Адам ең алдымен өзін, содан кейін ғана өзгені сыйлауды үйренуі керек. Жастайынан жүрек қалап қосылған жастардың арасында сыйластық, түсі­нік, адамгершілік деген қасиеттердің та­мырын тереңге бойлатқан жөн. Ол о бастан «Сәлем», – деп амандасқаннан басталуы тиіс. Күйеуі әйелін, әйелі күйеуін сыйлап, тыңдап, түсініп отырған отбасының ғана ғұмыры ұзақ болады. Және сондай шаңырақтан ғана текті ұл мен инабатты қыз тәрбиеленеді. Қазіргі жас­тар осы тұстан қателік жіберіп алу­да. Сол үшін де, біз үлкендер соған те­рең мән бергеніміз жөн», – дейді.

Шаңырақтың мәні мен сәніне ай­нал­ған СЫЙЛАСТЫҚ туының қырық жеті жыл бойына желбіреп тұрғанының себебі осы.

 ӨМІРДІҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ

Жас отбасы Көксу стансысындағы темір жол кеңшарында отағасының мал дәрігері болып орналасуына байланыс­ты көшіп барады. Жұмыс бабымен төрт жылдай уақыт сол жерде тұрғанда тұң­ғышы Жазира мен ұлы Қанат өмірге келеді. Араға уақыт салып, басшылар­дың тапсырмасымен Талапты ауылына көшіп барады. Он жыл осы ауылда тұрып, сауын сиыр фермасының меңге­ру­шісі болып қызмет етіп жүргенде таңның атысынан күннің батысына дейін еңбектеніп жүрген қазақ әйел­деріне үлкен көмек көрсеткенін ауыл әжелерінің аузынан күні бүгінге дейін естіп келеміз. Жұмыс істеп жүріп, Ал­ма­ты зооветеринарлық институының сырт­тай бөліміне түсіп, ветеринария фа­культетін ойдағыдай бітіреді. Өз ісін шемішкедей шағатыны аудан басшы­ларының назарына ілігіп, қазіргі Ақтек­ше ауылында бас зоотехниктің тізгінін ұстайды. 1995 жылға дейін артылған сенімді ақтап, ауданның өсіп-өркен­деуіне үлес қосып, оның ішінде мал жә­не егін шаруашылығының көрсеткі­шін едеуір өсіреді. Қолынан іс келетін адам барлық жерге қажет. Осыны ес­кер­ген басшылар мықты маманға Та­лапты ұжымын басқаруды тапсы­рады. Жиырма жылдай алақандай ауылды көркейтуде біраз еңбек етіп, зейнетке шығады. Бірақ зейнеткермін деп қол қусырып отырған ақсақалды көрмедік. Есесіне еңбектенбегенге еш нәрсе де тегін келмейтінін бала күнінен түсінген ол бүгінгі таңда «Жалғас» жеке шаруа­шылығының жұмысын дөңгелетіп отыр. Қызметте білікті басшы, үйде сенімді тірек, балаларына асқар тау бола білген әке: «Адам өмірге келген соң Абай атамыз айтпақшы артына өшпейтұғын із қалдыруы тиіс. Әрине, тек жақсы жа­ғы­нан. Мен балаларыма да үнемі: «Мық­ты тұлға болу үшін өзіңді тәрбие­ле», – деп айтып келемін. Сөзім текке айтыл­мады. Нәтижелі болды. Артқан сенімім, үкілеген үмітім ақталды. Балаларым жоғарғы білімді. Барлығы да еліміздің дамуына шамасы келгенше үлес қосып келеді. Перзенттік парыздарын өтеді. Біз бақыттымыз», – деп сөзін аяқтаса, қыз бала тәрбиесі қателесуді кешір­мей­тінін тілге тиек еткен ана: – Халқымыз «Қызды қырық үйден тиым», – дегенді өте орынды айтқан. Ата-салтымызды, дәстүрімізді құрметтеген жан ретінде үш қызымызды солай тәрбиеледік. Анам­ның кейін енемнің айтқан ақылы­мен, пайым парасатын ұштастырып шамам келгенше аналық ақылымды бердім. «Өзгенің балалары сендерге қарап бой түзесін», – деп үнемі ай­тумен болдым. «Қыз – қонақ». Қыздарымызды ұзаттық. Құтты орнына қондырдық. Оларға кетерінде: «Барған жеріңде біздің әулетке кір келтірме. Шыққан те­гің­ді ұмытпа. Үйдегі еркелікті артқа тас­та. Бізден кеттің, сол әулетке жеттің. Ба­қытты болу – өзіңнің ақылың мен тәрбиеңе байланысты», – деймін. Қазіргі жастарға да осындай қатты әрі құнды ақыл жетіспей ме деп ойлаймын кейде. Құдайға шүкір, бүгінде жақсы жан­дар­мен құда-құдағи болдық. Ол кісілер де инабатты, ибалы қыз тәрбиелегеніміз үшін алғыстарын білдіріп жатады. Ата-ана үшін осыдан артық ешқандай да сый-құрметтің керегі жоқ», – дейді батыр ана.

«Әке – асқар тау, ана – бауы­рын­да­­ғы бұлақ, бала – жағасындағы құ­рақ». Жайқалған құрақтың қызығын тең­дей көріп жүрген ата-ананың ендігі тілеуі – балаларының амандығы. Ата-ананың қос қанатына айналған ұлы Қанат бүгін де шағын бизнесті тізгін­десе, Саят, қыздары Жазира, Сабира, Зарина әр түрлі салада қызмет етіп, ел дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Құшағын көпке жая білген, жылылық пен қамқорлығын жа­қын­дарынан аямаған жомарт жандар: «Ешбір бала ата-ана­­сының жанын жаралайтындай іс-әрекет жасамаса, жүрегіне сал­мақ түсіретіндей ауыр сөз айтпаса екен», деп тілек тілей­ді. Олай болса, айтылған ақ тілек қабыл бол­сын дейміз.

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.