Бүгін Астана қаласындағы Qazaq Creativt алаңында «Жетісу – Елорда төрінде» мәдение-креативті жәрмеңке кеңістігі өз жұмысын бастады. Жетісу облысының тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық қолөнерін, туристік әлеуеті мен заманауи креативті индустриясын бір арнаға тоғыстырған ауқымды шара Жетісудың өзіндік болмысын елорда тұрғындары мен қонақтарына таныстыруға мүмкіндік берді. Мәдени-танымдық жәрмеңкенің ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида БАЛАЕВА арнайы қатысты. Министр Жетісу өңірінің мәдениеті мен шығармашылық индустриясының әлеуетіне назар аударып, жәрмеңке жұмысына сәттілік тіледі. Меймандарға жәрмеңке барысымен облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов арнайы таныстырды.
Туристік әлеуеті цифрлық кеңістікте
Шара барысында келушілерге жер жаннаты Жетісудың дәмі ұсынылып, тарихы мен дәстүрін кеңінен танытатын жеті тақырыптық зал ұсынылды. Әр зал өңірдің мәдени-рухани келбетін әр қырынан ашып, өткен мен бүгінді сабақтастыра көрсетті. Жеті залдың әрқайсысы Жетісудың өзіндік тарихын, мәдениетін және бүгінгі тынысын танытатын мазмұнды кеңістікке айналды. Мұнда ұлттық құндылық пен заманауи шығармашылықтың өзара сабақтастығы айқын байқалады.
«Жетісу – Елорда төрінде» жәрмеңкесінің ерекшелігі де осында. Бұл тек көрме немесе қолөнер бұйымдарын ұсынатын алаң емес, өңірдің мәдени бренді мен шығармашылық әлеуетін кеңінен танытатын диалог алаңы. Мұнда өнер адамдары, кәсіпкерлер, шығармашылық индустрия өкілдері мен келушілер өзара пікір алмасып, жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Жәрмеңкеге келген қонақтарды ең алдымен Welcome Zone аймағы қарсы алып, Жетісудың табиғи ерекшеліктері мен туристік мүмкіндіктерін заманауи форматта таныстыруға жол ашты. Мұнда өңірдің көрікті табиғаты, тарихи-мәдени нысандары, жеті өзені және туристік бағыттары интерактивті цифрлық кеңістік арқылы ұсынылды.
Арнайы әзірленген цифрлық алаң келушілерге Жетісудың табиғи байлығын бір кеңістіктен танып, өңірдегі саяхат бағыттары жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік берді. Интерактивті форматтың ерекшелігі – дәстүрлі таныстырылымнан гөрі көрерменді тікелей өзіне тартып, облыстың туристік нысандарын заманауи технология арқылы қабылдауға жағдай жасайды.
Жалпы, Жетісу өңірі табиғи ландшафттарының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Биік таулар мен өзен-көлдер, тарихи орындар мен киелі мекендер, табиғи қорықтар мен демалыс орындары аймақтың туристік әлеуетін арттырып отыр. Осы ерекшеліктердің барлығы Welcome Zone кеңістігінде бір арнаға тоғыстырылды.
Жәрмеңке аясында облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев те қонақтарға өңірдегі туризм саласының даму бағытын кеңінен таныстырды. Ол Жетісуда туризмді жеке сала ретінде ғана емес, спортпен, мәдениетпен және шығармашылық индустриямен сабақтастыра дамытудың маңызына тоқталды. Өйткені қазіргі таңда турист үшін белгілі бір нысанды тамашалау ғана жеткіліксіз. Сапалы туристік өнім табиғи көрініс, тарихи-мәдени мұра, спорттық белсенділік, ұлттық дәстүр мен заманауи сервисті бір арнада ұштастыруды талап етеді. Осы бағытта Жетісу өңірінде туризмді басқа салалармен ықпалдастыра дамытуға басымдық беріліп келеді.
Спорт пен туризмнің байланысы әсіресе табиғи мүмкіндігі мол өңірлер үшін маңызды. Таулы аймақтардағы жаяу және тау бағыттары, су туризмі, белсенді демалыс түрлері саяхатшылардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал мәдениетпен сабақтастық туристерге Жетісудың табиғатын ғана емес, оның тарихы мен ұлттық құндылықтарын тереңірек тануға жағдай жасайды.
Welcome Zone-дағы таныстырылымның тағы бір ерекшелігі – Жетісудың жеті өзеніне ерекше мән берілуі. Өзендер өңірдің табиғи келбетінің ажырамас бөлігі ғана емес, тарихи-географиялық тұрғыдан да маңызды нысандардың бірі. Олармен байланысты табиғи және туристік бағыттарды таныстыру арқылы Жетісудың өзіндік ерекшелігі айқын көрсетілді.
Осылайша, жәрмеңкенің Welcome Zone аймағы Жетісудың табиғатын, тарихын және туристік мүмкіндіктерін заманауи цифрлық шешімдер арқылы таныстыратын мазмұнды кеңістікке айналды. Ал туризмді спорт және мәдениетпен ұштастыра дамытуға бағытталған бастамалар өңірдің туристік индустриясын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Өнер арқылы табыс тапқан
Мәдени-креативті жәрмеңкесі аясында Жетісу облысы Сарқан ауданының өнерпаз азаматтары әзірлеген «Онлайн ұстаз» білім беру экожүйесі таныстырылды. Жоба білім алуға, жаңа дағды меңгеруге ниетті жастар мен ұстаздарға заманауи цифрлық мүмкіндіктер ұсынуға бағытталған.
«Онлайн ұстаз» платформасында білім іздеген жасқа да, кәсіби білігін жетілдіргісі келетін мұғалімге де қажетті жағдай қарастырылған. Оның негізгі мақсаты – білімге қолжетімділікті арттырып, сапалы оқу контентін заманауи технологиялар арқылы ұсыну. Жобаның ерекшелігі – оны Жетісудың Сарқан ауданынан шыққан шығармашылық және өнер саласының өкілдері қолға алып, білім мен цифрлық мүмкіндікті бір арнаға тоғыстыруында. Бұл бастама өңір жастарының жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, өздерінің идеяларын нақты жобаға айналдыра алатынын көрсетеді.
Жобамен танысу барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева цифрлық білім беру платформаларының мазмұнына мұқият қарау қажеттігін атап өтті.
– Әр платформаға назар аударып, бәрін жіті қадағалаңыздар. Балаларға жалған ақпарат берілмесін. Бұл іске мұқият болыңыздар, – деді Аида Балаева.
Ал қолқөнер залында жергілікті шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Қолөнер шеберлері өздерінің шығармашылық жұмыстарын көрсетіп қана қоймай, ұлттық өнердің жасалу технологиясымен таныстырды. Ұлттық өнерді ұрпаққа аманат еткен шебер Сайдылхан Зайттың қолынан шыққан дәстүрлі пышақтар мен ұлттық әшекей бұйымдар да бар.
Қытай Халық Республикасынан тарихи Отанына көшіп келген Сайдылхан Зайт 1993 жылдан бері қолөнермен айналысып келеді. Осы жылдар ішінде ол ұлттық бұйым жасаудың қыр-сырын меңгеріп, өз еңбегін отбасылық кәсіпке айналдырған. Шебердің айтуынша, қолөнер – тек табыс көзі емес, атадан балаға жалғасатын ұлттық мұраны сақтаудың бір жолы. Сондықтан бүгінде оның ұл-қыздары да әке кәсібін жалғастырып, түрлі бұйымдар жасауға атсалысып келеді.
Елорда төріндегі жәрмеңкеде таныстырылған шебердің бұйымдары Жетісуда ұлттық қолөнердің дәстүрлі бағыттары сақталып қана қоймай, бүгінгі күнмен сабақтасып келе жатқанын көрсетті. Бұл – ұлттық өнерді дәріптеп, оны кейінгі буынға жеткізудің жарқын үлгісі.
Домбыраның қоңыр үні сақталуы керек
«Жетісу – Елорда төрінде» мәдени-креативті жәрмеңкесінің қолөнер залында ұлттық музыкалық аспаптар жасаушы шебер Тілеш Намазбеков еңбектері ұсынылды. Шебер көрмеге өз қолынан жасалған қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын алып келіп, ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрін таныстырды. Шебердің жасаған аспаптары сыртқы келбетімен ғана емес, дыбысының сапасы мен ұлттық нақышының сақталуымен де ерекшеленеді. Әрбір аспапты жасау үлкен шеберлікті, ұқыптылықты және ұлттық өнердің ерекшелігін терең білуді талап етеді.
Көрме барысында шебердің бұйымдарымен танысқан министр ұлттық музыкалық аспаптардың кеңінен дәріптелуіне барлық жағдай жасау керектігін тілге тиек етті.
– Қазақ үшін домбыра – музыкалық аспап қана емес, халықтың тарихы мен рухын жеткізген қасиетті мұра. Оның үнімен талай ғасырдың шежіресі айтылып, ұлттың салт-дәстүрі мен дүниетанымы ұрпаққа жетті. Сондықтан ұлттық музыкалық аспаптардың әсіресе домбыраның қоңыр үнін сақтау керек. Домбыраның қоңыр дауысын жоғалтып алмайық. Осы дүниеге шеберлер терең мән берсеңіздер екен, – деген ойын білдірді.
Елорда төріндегі жәрмеңкеде ұсынылған Тілеш шебердің еңбектері де осы құндылықтың жалғасы. Ұлттық аспаптарды жасау арқылы шебер дәстүрлі өнерді дәріптеп қана қоймай, домбыраның қоңыр үнін келер ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосып келеді.
Дәстүр мен заманауи дизайн үндестігі
Qazyna Hall залында бейнелеу өнерінің ерекше үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Көрме төрінен кәсіби суретші Мұратхан Әбділдаевтың шығармалары орын алып, келушілерге оның өнердегі өзіндік қолтаңбасы мен шығармашылық ізденісі таныстырылды. Суретші елордадағы жәрмеңкеге арнайы 14 туындысын алып келген. Әр шығармада автордың қоршаған ортаға көзқарасы, ұлттық болмысқа деген құрметі мен көркемдік ізденісі көрініс тапқан.
Жәрмеңкедегі көрме барысында суретшінің еңбектері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның да назарын аударды. Министр картиналармен танысып, суретшінің шығармашылығына қызығушылық білдірді. Кәсіби суретші Мұратхан Әбділдаевпен болған әңгіме барысында министр суреттердің өзіндік ерекшелігі мен креативтілігін жоғары бағалады. Сондай-ақ суретшінің туындылары болашақта Түркі өркениеті орталығында көпшілік назарына ұсынылатынын атап өтті.
Айта кетейік, Президент тапсырмасымен Түркі өркениеті орталығының жобасы мақұлданған. Нысанның құрылысы 2027 жылы Түркістан облысында басталады деп жоспарлануда
Ұлттық нақыш пен заманауи сән үлгілері тоғысқан ерекше алаңда дизайнерлер Зере Исенбай мен Гүлжанар Қастайдың шығармашылық ізденісінен туған заманауи киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.
Дизайнерлер ұлттық ою-өрнек пен дәстүрлі элементтерді бүгінгі сән талаптарымен үйлестіріп, түрлі киімдер мен бұйымдар әзірлеген. Әр жұмыста қазақы болмыс пен заманауи дизайнның өзара сабақтастығы байқалады. Мұндай туындылар ұлттық құндылықтарды жаңа сипатта танытып, дәстүрлі өнердің бүгінгі шығармашылық индустриядағы орнын айқындай түсті.
Жәрмеңкеде сән көрсетілімімен қатар «Жетісу сазы» ансамблінің өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Музыканттар дирижердің дәстүрлі басқаруынсыз өнер көрсетіп, көрерменге ерекше музыкалық қойылым ұсынды.
Өнер көрсетілімінің ең қызықты тұстарының бірі – дирижер бейнесінің креативті түрде жасалуы болды. Заманауи идеямен әзірленген бұл шешім көпшіліктің назарын аударып, көрермендерді таңғалдырды. Ұлттық музыканы жаңа форматта ұсынған өнерпаздардың өнері жәрмеңкенің шығармашылық сипатын аша түсті.
Осылайша, көрме кеңістігінде сән, дизайн және музыка бір арнада тоғысып, Жетісудың креативті индустриядағы мүмкіндігін көрсетті. Ұлттық өнерді заманауи үлгіде ұсынған дизайнерлер мен өнерпаздардың жұмыстары дәстүрдің уақыт талабына сай жаңғырып келе жатқанын аңғартты.
Ұлттық өнер ұлықталған Ethno Village
«Жетісу – Елорда төрінде» мәдени-креативті жәрмеңкесі аясындағы Ethno Village этноауылында ұлттық қолөнердің озық үлгілері ұсынылды. Мұнда келушілер қазақтың дәстүрлі тұрмысын, қолөнерін, ұлттық киімдерін және шеберлердің шығармашылық жұмыстарын жақыннан таныды. Этноауылдағы қыш жасау шеберханасында да ұлттық нақыштағы бұйымдар көпшілік назарына ұсынылып, дәстүрлі өнердің бүгінгі заманмен сабақтастығы көрсетілді. Ал арнайы көрме кеңістігінде құрақ көрпелер мен ұлттық киімдер қойылды.
Шебер Шынар Онжанова өз жұмысында туған жердің тарихы мен табиғи-мәдени мұрасын ерекше үйлестірген. Ол Жетісу облысы Көксу ауданы Талапты ауылындағы Ешкіөлмес тауындағы тарихи петроглифтерден шабыт алып, сол тарихи бейнелерді құрақ өнері арқылы жаңғыртқан. Түрлі түсті маталарды ұқыпты үйлестіре отырып жасалған туындыда көне дәуірден жеткен таңбалар мен бейнелер заманауи қолөнер үлгісінде көрініс тапқан. Бұл – құрақ өнерін тек тұрмыстық бұйым жасау тәсілі ретінде емес, тарихи мұраны дәріптеудің бір құралы ретінде пайдаланудың ерекше үлгісі. Көне петроглифтердің құраққа түсірілуі арқылы Талапты жеріндегі тарихи мұра жаңа сипатта көпшілікке ұсынылды.
Этноауылда ұлттық қолөнерге қызығушылық танытқан жас шеберлердің еңбегі де назардан тыс қалмады. Анасымен бірге жәрмеңкеге келген жас шебердің қолынан шыққан бұйымдарды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да тамашалады. Министр шебер тіккен сөмкені сатып алып, оған сәттілік тіледі. Бұл сәт көрмеге келген көпшіліктің де назарын аударып, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырудың маңызын көрсетті.
Ұлттық қолөнердің осындай үлгілерін қолдау – дәстүрлі өнерді сақтаудың маңызды тетігі. Әсіресе жас шеберлердің еңбегін бағалап, олардың шығармашылығына қолдау көрсету ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізуге жол ашады.
Ethno Village кеңістігінде ұсынылған құрақ көрпелер, ұлттық киімдер, қыш бұйымдар мен өзге де қолөнер туындылары Жетісудың мәдени мұрасы тереңде жатқанын аңғартты. Ал шеберлердің тарихи құндылықтарды заманауи өнер тілімен ұштастыруы дәстүрдің уақыт талабына сай жаңғырып келе жатқанын көрсетті.
Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, бүгінде өңірде креативті индустрияның дәстүрлі қолөнер мен бейнелеу өнерінен бастап, кино, театр және заманауи цифрлық технологияларға дейінгі барлық дерлік бағыты қамтылған.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде креативті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жетісу – халықтық қолөнер мен шығармашылықтың бай дәстүрін сақтап келе жатқан өңір. Сондықтан елордаға шеберлеріміз, суретшілеріміз, киноиндустрия, театр және басқа да шығармашылық салалардың өкілдері арнайы келді. Екі күн ішінде Астана тұрғындары мен қонақтарын облыстың мәдени және креативті әлеуетімен таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Бұл жай ғана көрме-жәрмеңке емес, Жетісудың мәдениетін кеңінен танытып, жергілікті шеберлерді қолдауға және олардың өнімдерін жаңа тұтынушыларға ұсынуға мүмкіндік беретін маңызды алаң, – деді Қуаныш Сұлтанов.
Оның айтуынша, жәрмеңкеде 30-ға жуық шебердің қолынан шыққан бұйымдар ұсынылған. Шара басталған алғашқы сағаттардың өзінде-ақ бірқатар өнім өз сатып алушыларын тапқан.
– Қатысушыларымыз шын мәнінде бірегей, авторлық туындыларын алып келді. Оларға деген қызығушылықтың жоғары болып, бұйымдардың таңертеңнен-ақ сатып алына бастағаны қуантады. Көрме-жәрмеңкеде бұйымдарды таныстырумен қатар, мазмұнды мәдени бағдарлама да әзірленді. Көрермендер екі моноспектакльді тамашалай алады. Сонымен бірге заманауи технологиялар да бағдарламаға енгізілді. Мәселен, «Жетісу сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өз өнерін дирижердің голографиялық бейнесін пайдалана отырып ұсынады. Бұл – ұлттық өнердің жаңа технологиялармен және жасанды интеллект мүмкіндіктерімен үйлесе алатынының жарқын мысалы, – деді басқарма басшысы.
Жетісу – табиғаты көркем, тарихы терең, мәдени мұрасы бай өлке. Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи мекендерден бастап, дәстүрлі өнер мен ұлттық қолөнерге дейінгі құндылықтар өңірдің мәдени келбетін қалыптастырады. Ал бүгінгі креативті индустрия осы мұраны жаңа форматта насихаттауға жол ашып отыр.
Жеті залға топтастырылған мазмұнды экспозициялар арқылы келушілер Жетісудың өткені мен бүгінін, ұлттық өнері мен заманауи шығармашылығын бір кеңістікте тамашалай алады. Бұл – өңірдің мәдени мұрасын дәріптеп, оны жаңа буынға жеткізудің және Жетісудың туристік әрі креативті мүмкіндіктерін кеңінен танытудың тиімді жолы.
Жетісудың мәдени әлеуетін республикалық деңгейде танытатын көрме 15-16 тамыз күндері Елордалық қонақтарды күтеді.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Астана қаласы





