Адам өмірі мен денсаулығы таразыға түскен сәтте дәрігердің кәсіби білімімен қатар, оның батылдығы, сабырлылығы және жылдам шешім қабылдай білуі сыналады. Әсіресе хирургтің жұмысы – дәлдікті, үлкен жауапкершілікті және темірдей төзімділікті талап ететін күрделі сала.
Алакөл аудандық ауруханасының хирургия бөлімі тәулік бойы тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келеді. Ауданның облыс орталығынан шалғай орналасуы мұндағы дәрігерлердің жауапкершілігін одан әрі арттыра түседі. Шұғыл жағдайларда уақыт жоғалтпай көмек көрсету, күрделі жарақаттар мен ауруларға ота жасау, жаңа технологияларды меңгеру – бөлім мамандарының күнделікті жұмысының бір бөлігі. Бүгінде аудандық ауруханада бұрын облыс орталығына баруды қажет ететін бірқатар отаның жергілікті жерде жасалуы – ауыл медицинасының мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсетеді. Ал жазғы туристік маусымда Алакөлге келетін демалушылар санының көбеюі хирургтерге түсетін жүктемені де арттырады. Осы орайда «Диагноз» айдарында Алакөл аудандық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Жандос Садықовпен сөйлесіп, ауыл хирургиясының бүгінгі тынысы, күрделі оталар, заманауи әдістер, дәрігер еңбегі және бөлімнің алдағы жоспары туралы сұхбаттасқан едік.
– Жандос Қасымханұлы, алдымен өзіңіз басқаратын хирургия бөлімі туралы айтып өтсеңіз. Бөлімде қанша маман еңбек етеді, қандай бағыттар бойынша медициналық көмек көрсетіледі?
– Біздің хирургия бөлімі – ауруханамыздың ең негізгі және жауапты құрылымдарының бірі. Бөлімде жоғары және бірінші санатты білікті хирургтар, анестезиолог-реаниматологтар және үлкен тәжірибесі бар медбикелер жалпы 25-тен астам жұмыс істейді. Біз негізінен жалпы хирургия, ересектер және балалар хирургиясы, травматология, гинекология, нейрохирургия, урология бағыттары бойынша тәулік бойы үздіксіз медициналық көмек көрсетеміз.
– Алакөл сияқты аудан үшін хирургия бөлімінің маңызы қандай? Жергілікті жерде қандай оталар жасалады?
– Алакөл ауданы облыс орталығынан шалғай жатқан аумағы үлкен өңір. Сондықтан уақыт жоғалтпай, шұғыл көмек көрсетудің маңызы өте жоғары. Себебі әрбір минут адам өмірін шешуі мүмкін. Түрлі дене жарақаттары, сүйек сынықтары, бас ми жарақаттары мен сынықтары, асқазан-ішек жолдарының түрлі аурулары, бауыр, көкбауыр және өт жолдарына, жатыр мен жатыр бездерінің түрлі аурулары, кеуде қуысы жарақаттарына, өкпе, жүрек және қан тамырлары жарақаттарына ота жасалады.
– Аудандық ауруханаға науқастар көбіне қандай шағымдармен және қандай диагноздармен жүгінеді? Ең күрделі жағдайлар есіңізде ме?
– Тұрғындар көбіне түрлі дене жарақаттары, сүйек сынықтары, бас миының жарақаттары, асқазан-ішек жолдары, бауыр, көкбауыр және өт жолдарының ауруларымен келеді. Сонымен қатар созылмалы аурулары асқынған науқастар да аз емес. Шұғыл жағдайларда бізде «алтын сағат» қағидасы жұмыс істейді. Кезекші хирург пен бригада пациент түскен сәттен бастап бірнеше минут ішінде ота жасауға дайын болады. Есте қалған күрделі жағдайлар өте көп. Бірде жол апатынан ішкі мүшелері жарақаттанып, көп қан жоғалтқан өте ауыр науқас түсті. Бірнеше хирург пен реаниматолог жұмылып, бірер сағатқа созылған күрделі ота жасап, науқасты аман алып қалдық. Мұндай сәттердегі жауапкершілікті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
– Қазіргі таңда бөлімде қандай жаңа хирургиялық әдістер мен заманауи медициналық технологиялар енгізілді?
– Медицина бір орнында тұрмайды, біз де заман көшінен қалмауға тырысамыз. Қазір біздің бөлімде лапароскопиялық хирургия кеңінен қолданылады. Бұл – ішті үлкен етіп тілмей, кішкентай тесіктер арқылы камераның көмегімен жасалатын ота түрі. Лапароскопия арқылы өт қабын алу, аппендицитті емдеу, жатыр және жатыр бездері ауруларын емдеу әлдеқайда жеңілдеді. Бұл әдіс науқастың тез жазылып, үйіне ерте шығуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда травматология саласында да көптеген заманауи медициналық құрылғылар алынды. Соның арқасында бұрын облыс орталықтарында жасалатын түрлі жарақаттар мен сынықтарға арналған оталарды өзімізде жасауға мүмкіндік туып отыр.
– Бұрын науқастар облыс орталығына немесе басқа қалаларға баруға мәжбүр болған қандай операциялар қазір Алакөл аудандық ауруханасында жасалады?
– Бұрын лапароскопиялық оталар жасату үшін немесе күрделі сынықтар бойынша науқастар Алматыға баратын. Қазір жоғарыда айтқан лапароскопиялық оталарды, сондай-ақ травматология саласындағы күрделі сүйек оталарын өзімізде жасаймыз. Бұл халықтың уақытын да, қаражатын да үнемдеуге үлкен септігін тигізіп отыр және жарақаттан болатын мүгедектік санын төмендетуге ықпал етуде.
– Хирург үшін ең маңызды қасиет қандай? Сырт көзге көріне бермейтін, бірақ өте маңызды тұстары? Ота алдында науқаспен сөйлесудің, оның психологиялық жағдайын түсінудің маңызы қаншалықты?
– Хирург үшін ең маңызды қасиет – суыққандылық, жылдам шешім қабылдау қабілеті және үлкен жауапкершілік. Скальпель ұстаған кезде сенің қолыңда адамның тағдыры тұрады. Сондықтан қорқыныш пен сезімге бой алдырмай, тек кәсіби білімге сүйену керек. Сонымен қатар адам жанын түсінетін мейірімділік те өте қажет. Науқаспен сөйлесу – отаның сәтті өтуінің маңызды кепілдерінің бірі. Кез келген адам ота алдында қорқады, уайымдайды. Дәрігердің міндеті – науқасқа алдағы үрдісті түсіндіріп, оның сеніміне кіру. Пациент дәрігерге сенсе, отадан кейінгі айығу сағаттары жеңілірек өтеді. Дәрігер тек тәнге ғана емес, жанға да шипа беруі тиіс. Түндегі ұйқысыздық, отбасыңа уақыт бөле алмау және ота үстіндегі психологиялық стресс – мұның бәрі сырт көзге көрінбейді. Хирург отадан шыққан соң да үйде отырып «науқасымның жағдайы қалай болды екен?» деп уайымдайды. Тәулігіне 24 сағат бойы телефонға байланып отыру – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі.
– Ауылдық жерде білікті хирург мамандарды ұстап қалу қаншалықты қиын? Жас мамандарға қандай жағдай жасалып жатыр? Хирургия бөлімінде тәжірибелі мамандар мен жас дәрігерлердің сабақтастығы қалай қалыптасқан?
– Иә, жас мамандарды ауылға тарту оңай емес. Дегенмен мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Ауылға келген жас дәрігерлерге көтермелеу жәрдемақылары беріледі, баспана мәселесін шешуге көмектеседі. Біздің аурухана басшылығы да жас мамандардың жұмыс істеуіне, заманауи техникамен танысуына барынша жағдай жасап келеді. Бізде тәлімгерлік мектебі жақсы дамыған. Бөлімге келген әрбір жас маманды тәжірибелі хирург өзіне бекітіп алады. Алғашқы оталарға бірге кіріп, бағыт-бағдар береді. Біз жастарға үйретуден жалықпаймыз, себебі ертең олар біздің орнымызды басатын мамандар.
– Сізді хирургия саласына алып келген не? Осы мамандықты таңдауыңызға қандай себеп болды? Жұмыс барысында ерекше әсер еткен жағдай туралы айтсаңыз.
– Бала кезімнен адамдарға көмектескім келетін. Ал медициналық институтта оқып жүргенде хирургияның нақтылығы мен нәтижесінің жылдамдығы мені баурап алды. Басқа салаларда ем айлап, жылдап созылса, хирургияда сен бүгін жасаған отаңның нәтижесін ертең-ақ көресің – науқас ауруынан айығып шығады. Осы қасиеті мені ерекше шабыттандырды. Ең үлкен әсер – науқастың ризашылығы мен көзіндегі қуаныш. Ауыр халде келіп, өз аяғымен күліп-ойнап, отбасына аман-есен оралған әрбір пациент біз үшін үлкен бақыт. Жақында ғана ауыр күйікпен түскен кішкентай бүлдіршінді емдеп шықтық. Анасының жылап тұрып айтқан алғысы бүкіл шаршағанымызды ұмыттырды.
– Алакөл ауданы туристік өңір болғандықтан, жазғы маусымда демалушылар ағыны артады. Бұл кезеңде хирургия бөлімінің жұмыс жүктемесі қалай өзгереді? Туристер арасында жиі кездесетін жарақаттар мен шұғыл жағдайлар қандай?
– Жаз маусымы біз үшін ең қызық әрі ең ауыр кезең. Көлге демалушылар ағылғанда бөлімнің жұмыс жүктемесі артады. Туристер арасында су скутерлері мен қайықтардан жарақат алу, суға секіргендегі омыртқа мен бас жарақаттары, күн өту, күйік шалу және жол-көлік оқиғаларынан болатын жарақаттар кездеседі. Сондықтан жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істейміз.
– Тұрғындарға хирургиялық аурулардың алдын алу және дер кезінде дәрігерге қаралу жөнінде қандай кеңес бересіз?
– Адамдардың көпшілігі денсаулығына мәселе туындағанда ғана көңіл бөледі. Ал көптеген ауруды ерте анықтауға болады. Сондықтан ауырсыну, іштің жиі ауыруы, ас қорытудағы өзгерістер, жарақат сияқты белгілерге немқұрайды қарамаған жөн. «Өзі жазылып кетеді» деп жүре беру кей жағдайда ауруды асқындырып алуға әкеледі. Әсіресе шұғыл жағдайларда уақыт жоғалтпау керек. Хирургияда кейде бірнеше сағаттың өзі өте маңызды. Сондықтан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, алғашқы белгілердің өзінде дәрігерге жүгінген дұрыс.
– Бөлімнің алдағы уақыттағы мақсаттары мен жоспарлары туралы айтсаңыз? Қандай жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?
– Біздің ең басты мақсатымыз – Алакөл ауданының тұрғындарына сапалы, заманауи және қолжетімді хирургиялық көмек көрсету. Ауданның облыс орталығынан шалғай орналасқанын ескерсек, күрделі жағдайларда науқасты басқа жаққа жібермей, қажетті медициналық көмекті өз ауруханамызда беру. Алдағы уақытта хирургия мен травматология бағытында жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды тиімді пайдалануға басымдық береміз. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, жаңа хирургиялық әдістерді меңгеру, тәжірибе алмасу жұмыстары жалғаса береді. Тағы бір маңызды бағыт – жас мамандарды дайындау. Бүгін бізде тәжірибелі дәрігерлер бар болса, ертең осы орынды жас мамандар жалғастыруы керек. Сондықтан бөлімде қалыптасқан тәжірибе сабақтастығын сақтап, жастарға мүмкіндік беруге тырысамыз. Біздің жұмысымыздың түпкі нәтижесі жасалған оталардың саны ғана емес. Ең басты көрсеткіш – ауруханаға ауыр халде келген адамның ем алып, өз аяғымен үйіне, отбасына оралуы. Әрбір науқастың амандығы – біз үшін үлкен нәтиже.
Сұхбат барысында хирургтің әр сөзі мамандықтың сырт көзге көрінбейтін салмағын аңғартқандай болды. Адам өмірі үшін күресетін дәрігердің бір күндік еңбегінің өзінде қаншама жауапкершілік, алаң, шешім мен үміт бар. Әңгімеміздің соңында дәрігердің отадан кейін шаршағаны анық байқалды. Соған қарамастан, ол ең маңызды деген сұрақтарға жауап беріп, өзінің мамандыққа деген көзқарасын жеткізді. Ал хирургияда ең үлкен марапат – науқастың ауруханадан өз аяғымен шығып үйіне, жақындарының ортасына аман-есен оралуы. Адам өміріне араша болып жүрген ақ халатты жандардың еңбегінің шынайы бағасы да осында.
Гүлжан ТҰРСЫН





