Талдықорған қаласындағы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен кезекті брифинг Жетісу облысының ауылдық аймақтарындағы денсаулық сақтау саласының дамуына арналды. Өңір халқының басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 68 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі басты назарда қалып отыр. Жиын барысында Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сымбат Қанатқызы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Ауыл медицинасының сапасын арттырудағы негізгі кедергілердің бірі – кадр мәселесі. Бүгінгі таңда облыста 120 дәрігер маманы жетіспейді. Әсіресе, акушер-гинеколог, жалпы тәжірибелік дәрігер, инфекционист және хирург секілді бейінді мамандарға сұраныс жоғары. Сымбат Қанатқызы кадр тапшылығын жою бағытындағы нақты қадамдарға тоқталды.
«Ауылдық жерлерде мамандарды тұрақтандыру мақсатында медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта 2026 жылы дәрігерлерді резидентурада даярлау үшін бюджеттен 488 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 151 маман резидентурада білім алып жатыр. Дәрігер ауылға барса, 10 млн теңге, ал аудан орталығы мен қалаға барса 5 млн теңге сыйақы беріледі», – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.
Маманды ауылға шақырып қана қоймай, оның тұрақтап қалуына жағдай жасау маңызды. Осы орайда Көксу ауданында 15 медицина қызметкеріне жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Мұндай қадамдар кадр тапшылығын азайтуға тікелей септігін тигізеді. Сонымен қатар, 2026 жылы ауылға жұмысқа орналасқан 20 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы берілген.
Өңірдегі медициналық нысандардың жағдайы да назардан тыс қалмаған. Облыста барлығы 354 медициналық нысан жұмыс істесе, оның 305-і мемлекеттік меншікте. Соңғы жылдары «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстың алыс-жақын елді мекендерінде 59 жаңа нысан бой көтерді.
Спикердің айтуынша, 2024-2025 жылдары пайдалануға берілген бұл нысандардың қатарында 39 фельдшерлік-акушерлік пункт, 15 дәрігерлік амбулатория және 5 медициналық пункт бар. Осы жаңа нысандар бүгінде ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетудің негізгі орталықтарына айналды.
Сондай-ақ, Панфилов ауданындағы Жаркент қаласының ауруханасын жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 8,8 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 151 адам мен 3 бірлік техника еңбек етуде. Нысанның дайындық деңгейі 34 пайызға жеткен. Ресми келісімшарт бойынша мерзімі 2027 жылдың ақпаны болса да, аурухананы биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру көзделіп отыр.
«Ауылдық және шалғай жерлердегі тұрғындар үшін жедел медициналық көмектің қолжетімділігі – өмір мен өлім арасындағы мәселе. Жетісу облысының жедел жәрдем қызметі 1 дербес станциядан, 9 қосалқы станциядан, 12 орналасу орны мен 2 базалық пункттен тұрады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 69 көшпелі жедел медициналық жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Оның 47-сі тікелей аудандық бөлімшелерде бекітілген, яғни ауыл тұрғындарына қызмет етеді», – деді спикер.
Облыстық жедел жәрдем паркіндегі 98 санитариялық автокөліктің 67-сі дәл осы ауылдық жерлердің игілігіне пайдаланылып жатыр.
Жетісу облысында қолға алынған осы кешенді шаралардың барлығы ауыл тұрғындарына медициналық көмекті барынша жақындатуды көздейді. Мамандарды тұрғын үймен және жәрдемақымен ынталандыру, заманауи медициналық нысандар салу және техникалық базаны нығайту – осының бәрі денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына бағытталған.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, басты меже – ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекті өздерінің тұрғылықты жерінен алысқа ұзамай-ақ алуына мүмкіндік жасау. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Мәулен Әнербай





