Жетісу облысының полиция қызметкерлері Астанадан Талдықорғанға ірі көлемде психотроптық заттарды жеткізу арнасының жолын кесті. Заңсыз айналымнан 3 келіден астам психотроптық зат тәркіленді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицияға өңірге тыйым салынған заттар жеткізілетіні туралы ақпарат түскен. Жүргізілген жедел жұмыстар нәтижесінде заңсыз тасымалдауға қатысы бар азамат анықталды.
Астана қаласында полиция қызметкерлері Тараз қаласының тумасы, 32 жастағы ер адам басқарған Geely автокөлігін тоқтатқан. Көлікті тінту кезінде артқы жолаушылар орындығының тысынан ұнтақ тәрізді зат салынған екі орама табылды.
Тергеу барысында олардың ішінде 2 келі 148 грамм мефедрон мен 506 грамм α-PVP психотроптық заты болғаны анықталды.
Бұдан кейінгі жедел іс-шаралар барысында күдікті кінәсін мойындап, одан әрі таратуға арналған психотроптық зат жасырылған орынды көрсеткен. Аталған аумақты тексеру кезінде полиция қызметкерлері тағы 992 грамм α-PVP салынған ораманы тапты.
Осылайша, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 3 келі 646 грамм психотроптық зат тәркіленді. Полиция мәліметінше, заттар одан әрі таратуға арналған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынған.
Полиция өңірге есірткі және психотроптық заттарды жеткізу арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Басты мақсат – тыйым салынған заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.





