Қазақстан білім беру көрсеткіштері бойынша Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бірінші орынға шықты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінің (Global Innovation Index) ресми деректеріне сүйенсек, еліміз «Білім беру» бағыты бойынша аймақта көш бастап, әлемдік 133 мемлекеттің ішінде 68-орынға тұрақтаған.
Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де оң серпін байқалады. Еліміз «Білім беру» субфакторы бойынша 2021 жылғы 45-орыннан 2025 жылы 38-орынға көтерілген. Бұл – кейінгі 5-6 жыл көлеміндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Сала сарапшыларының айтуынша, дамудың басты қозғаушы күші – мектептердегі жағдай мен инфрақұрылымның жақсаруы. IMD институтының таланттарды тарту бойынша зерттеуінде Қазақстан орта білім беру жүйесіндегі оқушы мен мұғалім санының арақатынасы жағынан 69 елдің арасында екінші орынға табан тіреген. Елімізде бір педагогке орташа есеппен 8,34 оқушыдан келеді. Осындай қолайлы жағдай әр баланы жеке дамытуға, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елімізде инфрақұрылымды жаңарту мақсатында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға шақталған 217 заманауи жаңа мектеп пайдалануға берілген. Бұл қадам өңірлердегі мектеп тапшылығын азайтып, балалардың заманауи жағдайда білім алуына жол ашты.
Дегенмен рейтингтегі жетістіктермен қатар шешімін күткен мәселелер де бар. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы ұйымдастырған PISA–2025 халықаралық зерттеуіне еліміздің барлық өңірінен 22 680 оқушы қатысқан еді. Тестілеу қорытындысында қазақстандық оқушылар жаратылыстанудан 420, математикадан 414, оқу сауаттылығынан 385, ал есептеу арқылы мәселе шешуден 449 балл жинаған. Еліміз бұл бағыттар бойынша көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан озып кеткенімен, ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішіне әлі толық жете қойған жоқ.
Осыған байланысты мамандар тек халықаралық орындарға сүйенбей, педагогтердің кәсіби біліктілігін үздіксіз көтеруге, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жоюға назар аудару қажеттігін айтады. Жүйелі реформалар мен инфрақұрылымдық инвестициялар сапалы білім беруге толық кепіл бола алады.





