Тірлікте талай жанмен дәмдес-тұздас, қызметтес боласың. Солардың ішінде жылдар бойы бірге жүрмесең де аз ғана уақыт қатарлас болған кездері жадыңнан жоғалмайтын, келбеті көз алдыңнан кетпейтін азаматтар дараланады. Мен бірер жыл ғана қызметтес болып, журналист ретінде 90-шы жылдардың соңындағы алас-қапас кезеңнің қиындықтарын бірге көрген, ел ішіндегі күрделі жағдайлардың күрмеуін тарқатуға қатарласып атсалысуға тырысқан Берік Түндебай марқұмды сондай арда мінез, болмысы бөлек, аузын ашса жүрегі көрінетін ақжүрек жандардың қатарына қосамын.
1997 жылы елімізде бірқатар облыстар мен аудандар тарқатылып, көршілес өңірлерге қосылды. Талдықорған облысы да кезекті рет мәртебесінен айырылып, 3-мәрте Алматы облысына қосылды. Ол кезде Алматы қаласы еліміздің астанасы ғана емес, Алматы облысының орталығы саналатын. Талдықорғандағы облыстық мекемелердің жабылатыны тарқатылып, қосылатыны Алматыға қоныс аударды. Жұмысын мүлде тоқтатқандар қатарында облыстық «Жерұйық» газеті де бар еді. Топты журналист жұмыссыз қалып, бас редакторы ғана Алматыдағы «Жетісуға» орынбасар ретінде ауысты. Талдықорғанда тілшілер қосынына бірнеше қызметкер алынды. Сонымен бірге шалғайдағы шегаралы аудандар Панфилов пен Алакөлдегі меншікті тілшілер Мырзағали Нұрсейіт пен Берік Түндебай өз лауазымдарында қалдырылды.
Іле-шала Талдықорған жақтан Алматыға ауылдың дәмін арқалап, танысуға бірінші болып алыс Алакөлден Берік марқұм жетті. Бас редакторымыз Баймолда Мұса газеттегі тілшілік міндетіме қоса кәсіподақ комитетінің төрағалығын атқаратын әрі газеттегі азаматтар ішіндегі ең кішісі ретінде шалғайдан жеткен журналисті қарсы алып, танысу дастарқанын ұйымдастыруға көмектесуді тапсырды. Қойы мен балығын, құрты мен майын, бауырсағы мен тоқашын арқалап келген азаматтың қалған керек-жарағын Алматыдан түгендедік. Фототілші Нұрманбет Қизатов ағаның үйіне апарып, қыздар ауладағы қазандыққа етті асып, балықты қуырып, кешке таман жұмыс аяқталар шақта редакциядағы ең үлкен бөлмеде орналасқан «машбюрода» дастарқан жайдық. Бәріміз арқа-жарқа болған сол таныстық содан кейін де жарасымды жалғасып жатты.
Есімі сол жылдардағы Алакөлдегі ел аузында жүрген азаматтардың қатарында аталатын, қаламы жүйрік, шындық десе ештеңеден тайынбайтын, жұрт іздейтін журналистің ауданына алғаш рет іссапарға барғанда-ақ оның елге сыйлы, жұртқа жұғымды екеніне, биліктегілердің санасатындығына көзіміз жетті. Отбасы да берекелі, ұстаздықты ұлық тұтқан қосағы Сайлаугүл сондай кішіпейіл, қашан барсаң ақ дастарқаны жайылып тұрады. Ұлдары Ермек пен Азат та үлкеннің алдын кесіп өтпейді. Жасымыз қарайластықтан ба, әлде мінезімізде ұқсастық болды ма, арада айлар өтер-өтпестен туыстай араласып кеттік. Үлкен ұлы Ермек мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түсті. Берік марқұмның ендігі арманы сол ұлға Алматыдан үй салып беру еді. Жаяу-жалпылап талай жерді көруге бардық. Амал қанша, әне-міне деп жүргенде үлгермеді.
1998 жылы «Жетісу» газетінің жарық көргеніне 80 жыл толды. Заманның қиындау екеніне қарамастан ұлан-асыр той жасадық. Облыс әкімі Заманбек Нұрқаділов барынша қолдады. Облыстық қос газетке екі «Волга» автокөлігін мінгізді, ұйымдастыру техникаларын жаңартты. Сол тойға да шашуды елден бұрын Берік марқұм жеткізгені есімде. Аяқастынан телефон шалып, жаздың ыстығында бірнеше тонна сазан әкеле жатырмын дегенде, не істерімізді білмей қалғанбыз. Ақыры Көкбазардағы балық сататындармен келісіп, тойға қажетін соларға сақтауға қойып, қалғанын редакция қызметкерлері қылдай етіп бөліп алып, бәрі тапшы кезде бір байып қалғанбыз. Беріктің мұндай атымтай жомарттығына, мәрттігіне, ел қамы дегенде ештеңеден қаймықпайтынына бірер жыл бірге жүргенде сан мәрте көзім жетті.
1999 жылы Журналистер күні қарсаңында хабарласты. Биыл 40 жасқа толатындығын, тойды осы кәсіби мерекеден соң жасайтынын жеткізді. Біздің мерекеде Талғар жаққа тауға демалуға барғалы жатқанымызды естіп, қатты қызықты. Келгісі келіп тұрғанын, бірақ аудандағы жергілікті журналистермен бірге Тентектің жағасына баруға келісіп қойғанын айтып еді. Сол асау өзеннің жағасындағы Журналистер күнін атап өту оның соңғы тойы болып шықты. Әріптестерінің айтуынша, тура қайтар кезге таман барлығы одан көз жазып қалыпты. Жабыла іздегенмен таппаған. Ақыры асау өзен өзінің кезекті құрбандығын арада бірнеше күн өткеннен кейін барып, кері қайтарды. Өкіндік, бармақ тістедік. Бірақ төтеннен келген ажалға амал бар ма?!
… Биыл жалынды журналист, адуынды ақын, қарымды қаламгер Берік Түндебайдың өмірден өткеніне 25 жыл болды. Аман жүргенде 65-ке толар еді. «Орнында бар оңалар» деген. Армандары көп азаматтың артында қалған ұлдары әке аманатына адал бола білді. Жоғары білім алды. Отбасын құрды. Аналарын алақандарына салып аялап отыр. Таңдаған салаларында талай биікті бағындырып келеді. Бүгінде олардан тараған ұл-қыздар Берік марқұмның атын шығарып, әжелерінің мақтанышы болып отыр. Былтыр күзде Үшаралға жол түскенде Бекеңнің шаңырағына барып, аяулы досты еске алып, бір шер тарқатқан едік…
Болат АБАҒАН,
Қазақстанның Құрметті
журналисі





