10 тамыз – ақын, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы рухани мұрасын ұлықтайтын тағылымды күн. Осыған орай Талдықорғандағы Б. Римова атындағы академиялық драма театрының алаңында «Абай – даналықтың дара шыңы» атты рухани-мәдени кеш өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған жиынға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қатысып, хакім ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Кеш шымылдығы бала Абай мен дана Абайдың кездесуін арқау еткен театрландырылған прологпен ашылды. Сахналық көріністе Семей топырағында дүниеге келген зерделі баланың білімге құштарлығы, ойға терең бойлаған ізденісі мен уақыт өте келе кемел ой иесіне айналған тағдырлы жолы көркем тілмен өрнектелді. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған сөздердің бүгінгі күнмен сабақтасуы Абай мұрасының өміршеңдігін аңғартты.
Хакімнің әуезді әндері мен отты жырлары кештің көркін ашты. Жергілікті өнерпаздар Абайдың әуезді әндерін орындап, көрерменді әуеннің терең тұңғиығына жетеледі. «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сынды халық жүрегінен берік орын алған шығармалардың әуені сахна төрінен қалықтап, ұлы ақынның музыкалық мұрасын жаңғыртты.
Әдеби кеште ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, Қазақстанның Құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жомарт Игіман Абайға арнаған жырларын оқып, хакімнің рухани әлемін бүгінгі поэзия тілімен сабақтастырды.
Абай тағылымының жас ұрпаққа жетуі де назардан тыс қалмады. Облыстық «Jetisý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы мен ақын, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Жетісу облысындағы меншікті тілшісі Мұхтар Күмісбек жетекшілік ететін «Мизам» әдебиет жылжымалы мектебінің оқушылары сахнаға шығып, хакімнің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас өрендердің үні арқылы Абай сөзі жаңа буынның жүрегіне жол тартты.
Рухани кеште орайы келген сәтті пайдаланып, «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебінің дәріскері Жұматай Оспанұлының пікірін білдік:
– Абай – ұлт руханиятының темірқазығы. Біз Абайды дәріптеуді бір күнге ғана пайдаланбауымыз керек. Бір жылдары Алматыда Абай ескерткішінің түбінде ақынның өлеңдерін оқуды дәстүрге айналдырған едік. Енді Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойып, 10 тамызды Абай күні ретінде белгілеп, рухани мерекені ел болып атап өтетін дәрежеге жеткізді. Соның арқасында Атырау мен Алтайдың арасындағы ұлан-ғайыр қазақ даласында Абайдың әуезді әндері шырқалып, өлеңдері мен қара сөздері салтанат құрып жатыр. Осы үрдіс бүгін аталып, ертең тоқтап қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы керек, – деді ол.
Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, ақын Жангелді Немеребай да Абайдың ақындық биігі мен ойшылдық болмысын сөз етіп, хакім шығармашылығының әлемдік әдебиеттегі орнын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, Абайдың ой-тұжырымы мен адамзаттық мәселелерді қозғаған шығармалары қазақ даласының шеңберінен әлдеқашан асып, жалпыадамзаттық құндылықтармен үндесіп жатыр.
Абай күнінің аясындағы тағылымды бастамалар театр алаңымен шектелген жоқ. Облыс кітапханаларында Ашық есік күні ұйымдастырылып, оқырмандарға түнгі сағат 00.00-ге дейін қызмет көрсетілуде. Кітап көрмелері, әдеби кездесулер, поэзиялық оқулар мен танымдық бағдарламалар арқылы ақын мұрасы кеңінен насихатталып, оқырман қауым хакімнің шығармашылық әлеміне жақындай түсті.
Абайдың әр сөзі – уақыт өткен сайын салмағы арта түсетін рухани қазына. Оның білім мен ғылым, еңбек пен адамдық, ар мен ұят, мінез бен парасат туралы пайымдары арада қанша жыл өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені хакім көтерген мәселелер – адамзат баласының мәңгілік мұраты.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





