Дүниежүзі халықтары интернет алаяқтардан зиян шегуде. Түрлі айламен елді сан соқтырған алаяқтармен заң қызметкерлері күн-түн демей күресіп келеді. Қарапайым халыққа түрлі бағыттағы түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де көпшілік алданып қалуын қояр емес. Бұл айлакерлердің әккілігі ме, әлде халықтың аңқаулығы ма? Сұрақ көп. Ал жауап жоқ.
Ең жиі кездесетін интернет- алаяқтықтың түрі – адаммен банк қызметкері ретінде танысып, жеке деректерін алып несие рәсімдеу. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жатқанымен алданушылар қатары күн санап көбеюде. Сонымен қатар, интернет желісі арқылы сауда жасап, өзгенің атымен интернет желісінде парақша ашып, сол кісінің таныстарынан қарызға ақша сұрау.
Ескелді аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдос Есімбеков алаяқтардың жаңа тәсілі қарқын алғанын айтып, дабыл қақты.
– Қазіргі уақытта интернет-алаяқтар қолданбаларды заңсыз пайдаланады. «AnyDesk», «RusDesk» және «НopDesk» қосымшалары қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Ұялы телефонға қосылған соң деректерді, кіру кодтарын біліп, қаражатты оңай ұрлайды. Алдымен алаяқтар сізге «WhatsApp» қосымшасы арқылы қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырады. «Сіздің шотыңызды бұзу немесе несие алу қаупі бар» деп хабарласады. Содан соң сізге «AnyDesk», «RusDesk» және «НopDesk» сайттары ашылатын сілтемелерді жібереді. Әрі қарай олар сізден қосымшаның деректерін сайттан жүктеп, ұялы телефонға SMS хабарламалары арқылы келген кодты жазуды сұрайды. Кодты алғаннан кейін интернет-алаяқтар сіздің ұялы телефоныңызға қашықтан қол жеткізе алады. Барлық қосымшалар мен банктік шоттарды еркін басқара отырып, атыңыздан несие алуға мүмкіндігі болады. Сол үшін де ең бірінші сақтық шараларына қатаң қараған жөн, – деп нақты ақпаратпен бөлісті.
Осы тұста «Интернет алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеуіміз керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Барынша сақтық шараларын орындау керек. Өзіңіз жайлы жеке ақпаратты бөгде адамдарға таратпағаныңыз жөн. Күдікті қоңырау мен сілтемеге жауап бермеуге барынша тырысқандарыңыз жөн. Банктің карта нөмірін, картаның артындағы CVV кодты ешкімге айтпаңыз. Ал айттыңыз екен, онда қаржылық қиындықтарға өзіңіз тап боласыз.
Қазіргі таңда интернет сауданың дәурені жүріп тұр. Интернет желісі арқылы сауда жасағанда тексерілген интернет-дүкенді қолданғаныңыз жөн. Сатып алу немесе сату барысында ресми сайттарды пайдаланыңыз. Тауар үшін алдын ала төлем жүргізгенде сатушының мәліметіне мұқият болыңыз. Үшінші тұлғаның шотына ақша аудармаңыз. Алаяқ саудагерлер тауар үшін ақша аударуды сұрайды, алайда жәбірленуші тауарды қолына алмайды.
Түрлі айла-тәсілді терең меңгерген олар көпбалалы аналарды да сан соқтыруда. «Әр балаға 70 мың теңгеден бірыңғай жәрдемақы беріледі. Қаржылай көмекті алу үшін сілтемеге өтіп, тіркелу қажет» деген хабарлама таратып, сілтемеге өтуді сұрайды. Ал көпшілік осыған сеніп, алаяқтардың құрбанына айналады. Сондықтан да тек ресми сайттарға тіркеліп, түрлі сілтемені басудан сақ болған жөн.
Аружан АЛТЫНБЕКОВА,
ЖУ студенті





