Кім-кімді болсын таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын. Адам баласы тағылымды істі көріп ой түзеп, бойын тіктейді. Тәрбие сөзбен, теориямен дарымайды, үлкендердің, ұстаздардың үлгісімен сіңетінін ұғыну керек-ақ. Ал бүгінгі жастар тәлімді кімнен алып жүргенін сезіп те біліп жүрсіздер.
Саналы ғұмыр кешкен соң адамның бір-біріне жаны ашуы шарт. Қаладағы тұрғын үйлердің ауласында шұрқырасып ойнап жүрген жас өрімдерді көргенде жаның жадырап сала беретіні бар. Баланың асыр салып алысқаны, риясыз күлгені, қамсыз қуанғанынан артық бақыт жоқ. Алайда осылар не айтысып мәз болады, нені әңгіме етеді деген оймен өзара тілдескеніне құлақ түріп көрсең оларды аяйсың, жаның ашиды. Құлаққа түрпідей тиетін боғауыз сөзбен бір-бірін қағытқанда, сол жерде болып қалғаныңа өзің қысыласың. Ұстаз болғасын оларды тәрбиеге шақырып, жаман әдеттен арылтуға талпынасың.
Бала сізден көргенді істеп, сіз айтатын сөзді айтады. Сондықтан адам өле-өлгенше өз-өзінің тәрбиешісі екенін білген абзал.
Қазақ баласын «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген тәмсілді сөзбен тәрбиелеген. Бүгінгі қоғамға осы бір үш ауыз сөз жетіспей тұрғандай көрінеді. Әке мен шеше аталған тәмсілді ұстаным етсе деген тілегіміз бар.
Бізге қажеті – ұлттық тәрбие. Ол мынау аждаһадай төніп келе жатқан дүлей дүниедегі бассыздықтан, жүгенсіздіктен арашалап қалатын жалғыз жол. Ата-бабаның салған сара жолы санасыз болып сандалып кетпеуіміздің кепілі.
Светлана МАХАМБЕТОВА,
№2 орта мектептің мұғалімі
Талдықорған қаласы





