Аннотация
Мақала Абайдың ақындығын шешендігімен ұштастыра қарастыруға бағыттала отырып, ақын шығармашылығы мен өміріндегі шешендік өнердің жарқын үлгілерін зерттеушілер еңбегінен нақты мысалдар арқылы дәлелдеуге негізделген.
Аннотация
Статья основана на доказывании ярких примеров искусства красноречия в творчестве и жизни поэта с помощью чётких примеров взятых из исследовательских работ и направлена на рассмотрение связи поэзии Абая с его красноречием.
Аnnotation
The article is based on demonstration of prime examples of oratory in his life and art with the help of clear examples that were taken from research papers and it’s directed on consideration of connection of Abay’s poetry with his oratory.
Абайдың шешендік өнерінің бастауы
Жалпы алдымен шешендік өнердің шығу төркіні қайдан бастау алады деген сауалнамаға жауап іздесек, ежелгі грек тарихының б.ж.с. д. 594 жылдары Афина басқарушысы, əрі шешен, əрі ақын Солонның құлдық құрылыс пен сот істерін демократиялауға байланысты заңнамалық тұжырымдарының негізінде дүниеге келгенін шешендік өнер тарихын зерттеушілер тарапынан біршама тұрақталған. Бұл заңнаманың тұжырымдамасы бойынша əрбір афиндік өзін-өзі қорғай білуі тиіс. Ол үшін қызыл тілге аса жүйрік, сөзге ұста, мəнерлі де əсерлі қисынды сөйлейтін, елдің назарын өзіне аудара алатын шешен болуы шарт еді. Осыдан бастап олар, шешендік сөйлеуге бетбұрыс жасады. Шешен сөйлеу үшін жан-жақты білімді, дүниетанымы кең, тілдік логикалық қабілеті зор болуы тиіс.
«Әу» демейтін қазақ жоқ». Иә, расымен өнерден алшақ қазақ жоқтың қасы. Ертедегі қазақ өркениетінде де аузы əдебиеті, музыка, салт-дəстүр, тіл өзара тұтасқан синкретті өнер болғаны белгілі. Сөз өнері мен өлең-жыр, музыка өнерінің синкреттілігін дəлелдейтін жайт – бұрыннан аты қазаққа мəлім болған Төле би, Қазыбек би, Жиренше, Бұхар жырау, Махамбет кейінгі буын Абай, Естай, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Мəди, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ сияқты тұлғалар өз уақытында əрі ақын, əрі əнші, əрі сазгер, əрі шешен болған. Солардың барлығы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғасын тапты. Бұл қазіргі ұрпаққа берілген үлкен олжа. Кейінгі ұрпақ жоғарыда аталған сөз өнерін біреуден есту арқылы емес, кітап беттерінен оқу арқылы бойларына сіңіріп жатыр. Осы орайда баршамыз Абайды Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен «Қазақтың ұлы ақыны деп танып келеміз. «Онда неге Абайды кейінгі буын шешендерінің қатарынан көреміз?» деген сұрақ туындауы заңды. Ендеше, сауалымызға жауап табу үшін Абай шешендігінің қайнар бұлағына бойлап көрейік.
Абай ақындықтан бөлек шешендік өнерді де бойына сіңіріп, айналасына өнерлі жандарды жинай білді. Абайдың шешендігі туралы Зарқын Тайшыбайдың еңбегінде былайша жазылады: «Абайдың ұлы ақын екенін қазақ та, басқа да мойындайды. Ал енді бір аян жағы – Абайдың шешендігі туралы пайымдаулар олқы жатқан жоқ па? Ақынның бәрі – шешен бе, шешеннің бәрі – ақын ба? Арғы-бергіні шолып көрелікші. Бұл сұраққа жауап біреу: басқаны білмеймін – Абай әрі шешен, әрі ақын. Айыптап, талдап көрсек, Абайдың шешендігі озық тұрғандай. Оның әр өлеңі – ғақлия, әр ғақлиясы – өлең, Абайдың ақындығы – оның шешендігінің көрінісі. Абайша төгілдіріп айтатыны, сөзінің салмақты ырғағы, ұйқасы қиналмай, еркін келетіні – ақпа шешендігі.
Реті келгенде, Ахмет Байтұрсыновтың Абай ақындығы туралы пікірін еске салайық: Ахаң Абайдың ақындығына шек келтірмей, жоғары бағалай тұрып, «ұйқас жағынан кемшіліктері бар» демеуші ма еді? Бұған дау айтпайық. Ұйқас кемшіліктерін ой басып кетіп отыратыны шешендіктің құдіреті ғой. Шешендік ойлантпайды. Көмейге келген сөз бұғып қалмайды, айтылып қалады. Абай дәстүрінде жазылып қалады.
Абай – шешен. Абай – әлденеше қым-қуыт дауды қыздырмаға жеткізбей тап басып шешімін тапқан әділ қазы. «Абайдың алдына барғанда дауыңды ұмытып, оның сөзінен жаныңа дауа тауып қайтасың» дейді екен замандастары. Абайдың шешендігі талай топтағы билігі жөнінде М. Әуезов те, басқалар да аз айтпаған.
Нағашым «Ер Қазыбек» дейді Ақылбай. Нағашысы Қаз дауысты Қазыбек екенін Абай да біледі. Міне, Абайдың шешендік қасиетінің нәрі қайда жатыр». [1]
Мінекей, тағы да ұлы халқымыз «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бірауыз сөзге сыйдыра салған. Мейлі әке жақтан, мейлі ана жақтан болса да балаға барлық қасиет беріледі. Тура сол секілді даңқты бабаның шешендігі Абайға қанмен берілген қасиет. Абай шешендігінің қайнар бастауы –Қазыбек би екенін білдік. Енді Абайдың өзінің шешендік өнеріне назар аударайық:
Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда оған Абай келіп сəлем береді. Ол кезде Абайдың жас, үйленбеген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен баланы қасына отырғызып , оған бірнеше сұрақтар қояды:
–Шырағым, дүние неге сүйенеді?
–Дүние үмітке сүйенеді.
–Көздің көрмесі бола ма?
–Көз қабағын көрмейді.
–Шам жарығының түспесі бола ма?
–Шам жарығы түбіне түспейді.
–Болат пышақтың кеспесі бола ма?
– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді
– Тамағына тартпайтын махлұқат
бола ма?
– Өз тамағына тартпайтын махлұқат болмайды.
Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрайды. Сонда Абай:
Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табанына,
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Махлұқат тартпай қоймас тамағына, – деп жауап береді. Жанарың отты екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп батасын беріпті».[2]
Шешен сөйлеу үшін жан-жақты білімді, дүниетанымы кең, тілдік логикалық қабілеті мен тапқырлығы зор болуы тиіс деп жоғарыда айтқанымыздай. Абайдың Жаңқұтты шешенге қайтарған жауабынан осы аталған критерийлерді байқай аламыз. Бұл абайдың шешен екендігінің бір ғана дәлелі.
Негізі ақынның кез келген шығармасын оқи қалсаңыз, шынымен шешен екенін байқау қиынға соқпайды. Мәселен, «Өлең- сөздің патшасы сөз сарасы өлеңінің алғашқы шумағына ғана мән беріп көрелік:
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»
дегені соның айқын дәлелі. Әйтпесе әр сөзін әсемдеп, көркемдеп, қазіргі ақындар секілді он ойланып, мың толғанбады. Аузына Алла салған сөзді сол күйінде жазып, еш қоспасыз беріп отырған.
Абайдың ерекшелігі сол, әлем әдебеиетін, мәдениетін терең зерттеп, зерделей келе өмірге ауылдық, рулық, елдік тұрғыда емес адамзаттық тұрғыда қарай білді. Шығармасында қазақ, орыс, татар деп бөлмей барлық ұлттың атынан айтып, барша адамзатқа ортақ құнддылықтарды арқау етті. Сөйте тұра Алланы танып, білуге жол сілтеп, қазақ халқын алға жетелейтін, қамышылайтын шығармалар жазды. Жек көре тұра жақсы көріп, кемшіліктерін ашып, артықшылығын да айдай әлемге айқын етті. Осылардың арасын байланыстырған, оқырмандарға жетуге ықпал болған шешендік өнері тек айтқыштықтық бағаланбайды. Тауып айтса да, тереңнен алып келіп, ең жанды жеріне тигізіп жазады.
Абай әңгімелерінің бірінде даланың кемеңгер ойшылы болашақ жайлы да сөз қозғайды. Әңгіме Абайдың алмалы-салмалы тіс салдырғанынан өрбиді. Абай ауылына Мырзақан деген замандасы келеді. Шай ішіп отырғанда Мырзақан бәкісі мен тістеуік темірін шығарып алдына қояды. Абай онан: Мырзақан анау көкбеңбек темірің немене? – деп сұрақ қояды. Мырзақан өзінің тісінің жоқ екенін, тістеуігімен қантты шағып, бәкісімен бауырсақты жарып жейтінін айтады.
– Тіс неге салдырып алмайсың? – деді Абай.
– Тісті қайтып салады? Тіс салына ма? – деді Мырзақан таңырқап.
– Тіс салынады. Мен салдырып алдым, – деп жалған тістерін көрсетті Абай оған.
– Оны қалай салады? Қанша ақшаға салады? Кім салады? – деді тағы да Мырзақан Абайдың бетіне қарап.
– Оны Семейде салады. Мен тоғыз тісім түсіп еді, тіс салушыға барып: «Тіс салып бер!» – дедім. Тіс салушы: «Тоғыз тіске он теңгеден берсең, салып берем», – деді. Мен: «Оның үстіне бір теңгеден қосып, жүз теңге берейін, бірақ жақсы ғып салып бер!», – дедім (Жүз теңге ол уақытта жүз тоқтының құны). Отырғандар бұған қатты таңданады. Сонда Абай:
– Сіздер мұны тамаша ғып таңырқап отырсыздар. Бұл тіс деген ұсақ нәрсе. Адам баласының табатын өнері, білімі әлі көп. Құдай Тағаланың адамнан асыл жаратқан мақұлығы жоқ. Адам баласына жансызға жан салуға ұлықсат жоқ, одан басқаның бәрінің кілті бар. Өнер-білімнің кілтін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіңдер. Құс болып, қанат қағып, аспанда ұшып жүргенді де көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, өзгерісі болады. Адам баласы осы күнгі балалардың мал өсіріп, «сенен мен артық бай боламын» деп таласқан бәсеке байлығындай, өнерге сенен мен артылам деп өнер арттыруға таласады. Мал байлық бәсекесі болмайды, өнер-білім бәсекесі болады. Осы күні көз салатын да бар, бұлардың бәрі де ұсақ өнер, келешектегі болашақты әрбір тәжірибеден көріп, сезіп отырмыз. Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз. Біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер, – дейді.[2.1]
Ертедегі ділмəр шешендердің көсем де, шешен сөздері кім туралы, кімге, не мақсатпен айтылғаны əртүрлі жағдайларда жүзеге асқан. Би-шешендердің құнды ойлары тегіннен тегін айтыла салмаған, орынды жерде, белгілі бір мақсатта жүйелі қолданыс тапқан. Мəселен, келелі мəселелер үлкен жиын-топтарды, тіпті отбасы, ошақ қасын да қамтыған. Онда тез арада шешімін табуы тиіс мəселелер дидактикалық ақыл-өсиетке толы философиялық ой-түйіндер де молынан кездескен.
Абай шешендігінің шыңы – «Қара сөздері». Неге дейсіз ғой? Себебі, «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» дейтін шағында өлеңге сыймаған философиялық ойларын қара сөзбен береді. Иә, ол поэзияға жаңашылдық алып келді, жаңа ырғақ, жаңа бояу, тың ұйқас тудырды. Осы енгізген жаңалықтарының ішіндегі көші ілгерісі – «Қара сөздері». Қара сөзддерін жаза отырып, оқырманмен тілдеседі, пікірлеседі, ақыл сұрайды, кеңес береді. Әр ойды келсі оймен жалғап, нәтижесінде адамды алаңдатқан барлық мәселені сөз етеді. Одан шығар жолды нұсқап, жақсылыққа жетудің алғы шарттарын айтып берді. Осылайша, шешендік өнерін оңды пайлана білген. Мысалы, жетінші қара сөзіде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген», – дейді. Саналы адам жоғардағы екі мінезден де нәтиже шығарып, ғылымға, білімге, өнерге үйір өседі. Сонымен қатар «Он тоғызыншы қара сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады»,[3] – дейді. Абай осы қара сөздерін айналыстындағы адамдарға айтқан болу керек. Бірге емес мыңға жетсін деп жиынақтап, басы-аяғын бүтіндеп қағазға түсірді.
Сонымен шешендік сөз-тауып айтылған тапқыр сөз, ақылға қозғау салып, ой түсіретін даналық сөз, қиялға əсер етіп, сезіміңді қозғайтын көрікті де, əсерлі сөз, бұра тартпас дəлелімен тамсандырып, таңдай қақтыратын білгір-білімді сөз, өтіп кеткен не өтіп жатқан оқиғаны жанды суреттей көз алдыңа алып келетін суретті сөз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жеткізетін терең мағыналы түйінді сөз. Дәл осындай қазақ халқының бағына біткен би, шешендердің айтқан сөздері үлгі, өнеге болса, Абай шешендігінің шыңы – «Қара сөздері» мен өлеңдері де дәл солай үлгі бола бермек. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов та шешендік өнерін зерттей келе, «шешен» сөзі «дана, ақылды» деген мағына беретінін айтқан.[4] Егер біздің Абайды дана, данашыпан, дара, кемеңгер деп танитымызды ескерсек, онда Абай сөзссіз шешен.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Тайшыбай Зарқын Т14 Абайтану арнасында (1889-1916), монография, Петропавл, Астана, 2005. — 258 б.
- Адамбаев Б. Халық даналығы. – Алматы: Мектеп, 1976. – 156 б.
- «Қара сөз» Құнанбаев Абай — Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2007 -160 б.
- Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. –Алматы: Білім,
- 2003. – 256 б.
Шұғыла Айтқазы,
№10 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі




