Жоғалып кеткен ауыл
Канаданың меңіреу бір түкпіріндегі инуиттер ауылының жай-жапсарын сол өңірге аң аулай барған бірен-саран аңшылар ғана білетін еді. Өйткені ол ауылдың адамдары да негізінен бағалы аң терісін дайындаумен, сатумен айналысатын.
Өмір осылайша өз қалпымен, бірқалыпты ағымымен өтіп жатты. Ештеңе өзгермейтін, күнделікті қалыптан ауытқымайтын сияқты еді.
Алайда 1930 жылы адам түсініп болмайтын оқиға орын алды. Аң терісін дайындаумен айналысатын Джо Лабель атты аңшы аталған ауылға ат басын тірегенде төбе шашы тік тұрғандай сұмдық қорқынышты бастан кешірді. Ол қаңырап қалған ауылдан бірде-бір тірі жанды таба алмады.
Ең бір қорқыныштысы – беті асығыс-үсігіс жабыла салған қабірден итшанаға шегілетін иттердің денесі табылды. Олардың барлығы аштан өлген болып шықты…
Ал ауыл адамдарын іздестіруден еш нәтиже шықпады. Арада көп уақыт өткеннен кейін де олардың бірде-бірі табылмады.
Арал да жоғалып кеткен…
Тылсымы көп дүниеде шағын ауылдар ғана емес, тұтас бір аралдар да жоғалып кетеді екен. Мұндай жағдай Юкатанның солтүстік жағалауында орын алды.
Аталған өңірдің бедері бейнеленген картада ХХ ғасырға дейін көрсетіліп келген Бермея аралы содан кейінгі уақытта із-түзсіз жоғалып кетті. Бәрі әлдебір шенеуніктің аталған аралдың жағалаулары нақты белгіленбеген, содан кейін де мемлекеттің Мексика шығанағындағы мұнай кенішіне құқығы жоқ деген тұжырымынан бастау алды.
Жүргізілген зерттеу жұмыстары нәтижесіз аяқталды. Нақты айтқанда арнайы жіберілген мамандар картада көрсетілген тұстан аралдың өзін ғана емес, оның ізін де таба алмады. Көз ұшына дейін созылып жатқан айдын шалқар кеңістіктен қарайған бір бұдыр да көзге шалынбады.
Ғалымдар бүгінде аталған арал шынымен болды ма, әлде болмады ма деген дүдәмал күйді бастан кешуде. Болмаса оны картаға кімдердің түсіруі мүмкін? Әлде кейбір ғалымдар мен фантаст жазушылар айта беретін параллельді әлемнің әлдебір түкпірі ғайыптың күшімен көзге шалынып, картаға түсіп қалды ма?..
Жұмбақ дабыл
Жерден тыс аймақтардағы тіршілік иелерін іздестіріп, табу үміті осы уақытқа дейін үзілген жоқ. Алайда ұшы-қиыры жоқ әлем кеңістігінің әлдебір түкпірінде олардың бар екендігін айқындайтын азды-көпті дәлелдер де жоқ емес. Олай дейтініміз, бүгінде жердің бетінде ғана емес, ғарыштың өзінде де жұмыс істеп тұрған жүздеген заманауи қабылдағыштар миллион, миллиард жарық жылына тең қашықтықтағы аспан денелерінен бірде болмаса бірде үміт күттіретін дабылдар қабылдап қалады.
1977 жылы АҚШ-тың Огайо штатындағы радиотелескоп сондай дабылдардың бірін қабылдады. Нақ осы жер бетінен тыс аймақтардағы саналы тіршілік иелерін іздестіру мақсатымен жабдықталған телескоп қабылдаған бұл сигнал бүгінде «Wow!» деген атпен дүниежүзі ғалымдарына белгілі.
72 секундқа созылған өзгеше дабылға бірден назар аударған астроном Джерри Р. Эхман таңданысын жасыра алмай тың мәліметтің тұсына «Wow!» деген жазба қалдырды. Өкінішке қарай, бұдан кейінгі жерде қанша күтілгенімен жұмбақ дабыл қайталана қоймады.
Осы күнге дейін осынау тосын дабылдың да сыры ашылған жоқ. Дегенмен, оның табиғи көздерден шыққан бұған дейінгі дабылдардың ешқайсына ұқсамайтындығы айқын еді. Содан кейін де көптеген зерттеушілер оны саналы тіршілік иелерінен жолданған сәлемхат деп дәлелдеуге күш салды.
Қалай десек те бұл дабылды қадым замандардан бергі кезеңде жатғаламшарлықтармен жасалған байланыстың бірден-бір дәлелі десек те болатындай.
Өзгеше пирамида
Аты-жөні әлдебір себептермен көп атала бермейтін француз зерттеушісі 2003 жылы Атакама шөлінде қазба жұмыстарын жүргізеді. Жұмыс барысында ол өзгеше геоглифтермен қатар жатғаламшарлықтарға ұқсас мумияларды да кезіктіреді.
Тосын олжалар қызықтырып, құлшындырған зерттеуші жұмысын жандандыра түседі. Арада тағы бір-екі жыл өткен соң ол 4,5 метр тереңдіктен тағы бір тосын олжаны – биіктігі 12 сантиметрді құрайтын кристалл пирамиданы қазып алады. Әлдебір көгілдір мөлдір материалдан жасалған бұл артефакт та бұған дейін табылған жәдігерлердің ешқайсына ұқсамайтын еді. Содан кейін де бұл жаңалық сенсация ретінде қабылданды.
Мамандар пирамида 3,5 миллиард жыл бұрын жасалған деген қорытындыға келді. Археология тарихындағы ең ежелгі олжа саналған мұндай кристалл бұған дейін ешбір зерттеушінің қолына түсе қоймаған баға жетпес құндылық болатын. Алайда, ең бастысы, бұл да емес.
Пирамиданың жасы белгілі болған сәттен француз зерттеушісінің өміріне қастандық жасала бастады. Осындай 4 қастандықты бастан өткерген ол амалсыздан Чилиге қоныс аударуға мәжбүр болды.
Әйтсе де ол осындай тағы бір тосын дүниелер тапсам деген үмітінен қол үзбеді. Бірақ оның бұл арманының орындалуын тағдыры құп көрмеген еді. Арада төрт ай өтер-өтпестен археолог астан уланып о дүниеге сапар шекті.
Ғажайып артефакттің тағдыры көпке дейін белгісіз күйінде қалды. Арада 15 жылға жуық уақыт өткен соң, нақтырақ айтатын болсақ, 2019 жылы ғана жұртты елең еткізетін бір жаңалық көзге шалынды. АҚШ-тың белгілі «51-ші зона» нысаны бойынша құпиялылығы алынып тасталған құжаттарының арасынан аталған артефакттің дәлме-дәл суреттемесі, жасы көрсетілген жазба табылды. Бірақ жәдігердің қайда екендігі тағы да жасырын күйінде қалды.
Содан кейінгі жерде көпшіліктің арасында «Археологті американдықтар улап өлтіріп, пирамиданы иемденіп кетті» деген сыбыс тарады. Мұның өзі де американдықтар жатғаламшарлықтармен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасауда деген тұжырымды тиянақтай түседі.
«Ыңғайлы інге кетеді…»
Айналасындағылармен әбден үйренісіп, барлығының сүйіктісі болып кеткен Коко атты горилла адамдармен ыммен түсінісетіндей, ұғысатындай дәрежеге жеткен. Ол әсіресе өзінің бапкері Франсин Паттерсенге тым үйір болып кеткен еді.
Мұндай пікір алысулардың қаншалықты терең сипат алғандығын білгісі келгендерге Франсин мына бір жайтты баяндап берді: «Коконың қамқоршыларының бірі бірде одан өлім жайында сұрады. Оған қаңқа сүйегін көрсетіп «Мынау тірі жан ба, өлі ме?» деген сұрақ қойылды. Коко болса: «Өлі, жүзі жабылған» деген жауап қайтарды.
Келесі кезекте оған «Жануарлар өлгеннен кейін қай жаққа кетеді?» деген сұрақ қойылады. Бұл сұраққа: «Жайлы, ыңғайлы інге кетеді» деген күтпеген жауап қайтарған Коконың бұдан кейінгі әрекеті де айналасындағыларды таң-тамаша қалдырады. Ол қаңқаны сүйіп, онымен біржола қоштасқан кейіп танытқан.
«Бізге жақын туыс болып келеді» деп қаншама іштартқандарымен горилладан мұндай қылық күтпеген адамдар бұл жайтты сан-саққа жүгіртіп, тіпті пәлсапалық пайымдауларға да бой ұрып жатты. Бірқатарының көңілінде «Шіркін-ай, Коко бұл пайымдауын біршама тереңдетіп, кеңейтіңкіреп баяндап берсе ғой…» деген арман қалды.
Мың жыл сақталған мәйіт
Ғылыми қауымға Леди Дай есімімен белгілі маркиза Дай ежелгі Қытайдың Хань империясы династиясы тұсында тірлік кешкен болатын. Оның зираты 2000 жылдан соң Мавандуй шоқысынан табылды. Мәйітінің жанында жатқан жүздеген бағалы заттар мен құжаттар оның кім екендігін нақтылай түскендей еді.
Алайда ең таңғаларлығы ондай құжаттар да емес еді. Таңғалдырғаны – арада мыңдаған жыл өтсе де оның мәйітінің бұзылмай сақталғандығы болатын. Леди Дайдың ағзасының жақсы сақталғандығы соншалық – оның органдары қаз-қалпында қалған, тіпті тамырларында аздаған қан да бар болып шықты. Шашы мен кірпіктері де тірі кездегі қалпында.
Ғалымдар ледидің асқазанынан асқабақтың дәнін тауып, сол арқылы оның тамақтанғаннан кейінгі екі сағаттан соң қайтыс болғандығын анықтады.
Ғалымдар күні бүгінге дейін мәйіттің бұзылмай сақталуына себепкер болған сұйықтықтың құрамын анықтай алмай келеді.
«Ойнақтатқан оба»
Адамзатқа келген індеттің де неше түрі болады екен. Соның бірі 1518 жылы Эльзастағы Страсбург қаласының тұрғындарын шошытқан оба тәріздес індет болатын. «Билеу обасы» атанған, қарапайым тілмен айтқанда «ойнақтатқан оба» деуге келетін бұл аурудың ерекшелігі – оны жұқтырғандар жүрек талмасына ұшырағанша, арып-ашып немесе «бидің» салдарынан алған жарақаттан көз жұмғанша тоқтамастан тынымсыз билей беретін болған. Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, сол кезде бұл індеттен 400-ден астам адам көз жұмыпты.
Тылсым індет Страсбургтің орталығында миссис Троффа атты әйелдің ешқандай себепсіз билеуінен басталған. «Бишіге» бірте-бірте 34 адам қосылып, соңыра ойнақтағандардың қарасы 400-ге жеткен. Соның салдарынан әр күн сайын 15-ке жуық сырқат көз жұмып отырған.
Сырқат сырын білмегендіктен дәрігерлер ауырған адамдарды емдеуге асыға қоймай «бишілерге» қолайлы жағдай тудырумен – нақтырақ айтқанда, ағаш сахна жасақтап берумен ғана шектелді.
Бұл құпияның сыры әлі күнге дейін толық ашылған жоқ. Ғалымдардың бірі аурудың себебін астан, яғни улы саңырауқұлақтан көрсе, енді бірі оны психогендік сырқат санайды. Әйтсе де соншама адамның бір мезгілде билеп кетуінің нақты сырын ешкім ашып бере алған жоқ.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист





