«ӘDILET» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды штаб өкілдері «Азия электрик» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Бейсенбідегі келелі жиында елдегі саяси реформалардың барысы, жаңа Конституцияның мазмұны, Құрылтай институтының тарихи сабақтастығы, еңбек адамын ұлықтау және демократиялық даму мәселелері кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында спикерлер жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайту, азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту және басқару жүйесінің тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа Конституцияда заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңашыл өзгерістердің маңызы түсіндірілді.
Жиында Құрылтайдың тарихи негізі де сөз болды. Қазақ халқы үшін Құрылтай – ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ақылдасып, ортақ шешім қабылдайтын ежелгі саяси дәстүрдің көрінісі. Бүгінде бұл қағидат қоғамның пікірін ескеруге, ашық диалогты дамытуға және халықтың мемлекет ісіне қатысу мәдениетін нығайтуға қызмет ететіні айтылды. Осылайша тарихи сабақтастық пен заманауи басқару қағидаттары өзара үндесіп, демократиялық жаңғырудың маңызды тірегіне айналып отыр.
Спикерлер өндіріс орындарында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі мен адал еңбегі ел экономикасының дамуына серпін беретін негізгі күш екені атап өтті. Еңбекке құрмет көрсету, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастырудың маңызы да сөз болды.
Кездесу соңында қатысушылар пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Ашық форматтағы жиын еңбек ұжымы мен спикерлер арасында сындарлы диалог орнатып, елдегі реформалардың мәнін жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.





