Жыл сайын егістік алқабы жайқалып, мол өнімімен ерекшеленіп келе жатқан Сарқан ауданындағы биылғы дәнді дақылдардың көлемі 64 907 гектар аумақты алып жатыр.
Көктемі сызды болып, маусым мен шілдесі аптаппен тұмшалаған өңірдің алдағы үміті – егістіктен ойдағыдай өнім алу. Маңдай терін шүмектетіп жүрген шаруалардың еселі еңбегі нәтижесін беретін күн жақын. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің тамыз айының басындағы мәліметі бойынша 23 558,8 гектар алқап орылып, орташа өнімділік гектарына 18,2 центнерден айналды да 42 805,9 тонна өнім жиналды.
Кең жазира алқапқа сары жалқын рең беріп тұратын 16 763,0 гектарға себілген күздік бидайдың 12 465,5 гектары жиналғаннан кейінгі орташа өнімділік гектарына 18,0 центнерді құрады. Күздік бидайдың жалпы түсімі 22 484,7 тонна. Сонымен қатар, 6 208,6 гектар алқаптағы жаздық бидайдың 825 гектары орылды. Сондай-ақ, жаздық арпа, сұлының алғашқы өнімдері шаруақор жұрттың қамбасына түсті.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы





