Әлемдік тәжірибені ескере отырып қолданысқа енген төрт күндік жұмыс аптасы жөнінде аз айтылып, кем жазылған жоқ. Әлі де қоғамда қызу талқыға түсіп, резонанс тудырғаны жасырын емес. Осы тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде болған баспасөз мәслихатында облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы жан-жақты айтып өтті.
ҚР Еңбек кодексінің 71 бабының 3 тармағы «тараптардың келісімі бойынша еңбек шартында 5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасымен кезектесу құқығымен төрт күндік жұмыс аптасын белгілеуге жол беріледі» деген мазмұнда толықтырылды. Бұл барлық жұмыс берушілер мен жұмысшылар 4 күндік жұмыс аптасына автоматты түрде көшеді дегенді білдірмейді, яғни ол үшін жұмыс беруші мен жұмысшы келісімге келіп, еңбек шартында рәсімдеуі тиіс.
– Еңбек нарығында технологиялардың қарқынды дамуының нәтижесінде икемді жұмыспен қамтудың жаңа формалары пайда болды. Икемді жұмыспен қамтудың нысандарын заңнамалық түрде реттеу мақсатында Әлеуметтік кодекс аясында келесідей режимдер енгізіледі:
— жылжымалы жұмыс кестесі – аптаның кез келген күндерінде жұмыс кестесінің әртүрлі ұзақтығымен жұмыс;
— бірлескен жұмыс – бір жұмыс функциясын бірлесіп орындау үшін жұмыс берушінің бірнеше (әдетте екі) жұмысшыны қабылдауы;
Сонымен қатар, бірлесіп жұмысқа орналастыруды келесі арнайы топтардың қолдануына жол беріледі: Медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесіне күтімді жүзеге асыратын жұмыскерлерге; үш жасқа дейінгі баласы бар ана-ананың біреуіне;14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгші мүгедектігі бар баланы) тәрбиелеп отырған жалғызілікті аналарға; көрсетілген санаттағы балаларды анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдарға; оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін білім алушыларға; зейнеткерлік жасқа жетуге кемінде екі жыл қалған не көрсетілген зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлерге тараптардың келісуі бойынша жол беріледі.
Икемді жұмыспен қамтудың нысандарын ресімдеу жұмыспен қамтуды ұлғайтуға, еңбек ұтқырлығын арттыруға, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Еркін Дәулетұлы.
Бұл арада жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы Еңбек кодексі мен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда аптасына 40 сағаттан және күнделікті жұмыс ұзақтығы 8 сағаттан аспауы тиіс. Сонымен қатар үстеме жұмыс уақыты айына 12 сағат, жылына 120 сағаттан аспауы тиіс.
Аталған режимдегі жұмыс қызметкер үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығына, еңбек өтілін есептеуге және Еңбек кодексінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген еңбек саласындағы басқа да құқықтарға шек қоюға алып келмейді.
Қали АСҚАР
Сурет ғаламтордан алынды





