Дәстүр атты қасиетті құндылығымыздың сан тараулы ұғымы мен қастерлі мән-мазмұны дәріптелген, тұтаса жазылған толайым еңбектерді парақтап-тарақтап отырсаңыз, біз мән бермеген телегей дүниеге маңдай тірейсіз де, еріксіз қайран қаласыз. Аттың жалы, түйенің қомында түлік баптап көшпенді тірлік кешкен бабаларымыздың танымында тұғыр тепкен қыруар атаудың өзі, біз сәп салып салмақтай алмаған дүние екен-ау. Бір ғана адам һәм зат қимылынан туған дыбыстардың атауы мен іс-қимылдан шыққан сөздер, сөзжасамдар соншама көп деп бүгінге дейін ойламаптық.
Дәстүр деген ұғымға бүгінгі таңда сипаттама беріп, оның түпкі төркіні туралы сөз қозғаудың өзі артық. Дін мен дәстүрі орныққан, тіл мәдениетіндегі ерекшеліктер ғылыми еңбектерге арқау болған ұлттың ғұламасы Жағда Бабалықұлы туаралы о бастан толғанып келеміз. Оның этнографтық еңбектерін қағазға түсірген Қасымхан Бегмановтың кітабындағы ғажап дүниелерді сөйлеткелі, мақалаға арқау еткелі де біршама уақыт болды. Сол аралықты ойға түйген, санаға сақтап алған толғамның бірі – атау-тікестер болатын. Бұл жолы Жағданың «үнге» қатысты толғамдарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Аталмыш еңбекте кітап авторы «Бұл ғұламаның ұзақ жыл жүріп жинаған айтулы еңбектерінің бірі, өз қолымен маған берген абыздың осы дүниелерін оқырманға ұсынуды жөн көріп отырмын», – дей келе көсілте жөнеледі. Сол үн мен іс-қимылға байланысты атауларды: – А, а-а, ау, арыл, арыл-ұрыл, ар-ұр, арсы-күрсі, арыс, арыс-арыс, арыс-ұрыс, ғыр, ғыр-ғыр, ғың, ғың-ғұң, ғар-ғар, пыс, пыс-пыс, ыс, ыс-ыс, паң, паң-пұң, паң-паң, лүк, лақ-лүк, даң, даң-дұң, даң, даң-даң, даң-ң-ң, таң, таң-ң-ң, пыш, пыш-пыш, – деп тізбектейді. Міне, осылай жалғастырсақ қозыкөш жерге барып қағаздан қалам айырарымыз ақиқат. Осындай жинақталған сөздердің өзі қазақ тілінің қаншалықты бай екенін көрсетеді емес пе?
Бүгінгі күні қазақ оқырмандарының олжасына айналған аудармалар яки шетел авторларының классикалық туындыларын оқып отырсаңыз, тіпті қазақтың «Жазушы» сынды орыс елінің аса танымал «Москва» баспасынан шыққан төл тіліндегі туындыларды парақтап-тарақтасаңыз, көркем шығармалардағы табиғатты суреттеу, орман шуылы, жануарлардың үні, бұлақ сыңығыры сынды үнге байланысты ұғымдарды жұтаң түрде қаламға арқау еткенін байыптайсыз. М. Шолоховтың «Тихий Дон» сынды көлемді романдарының өзінде көп кездесетін бейнелі сөздер аса бай емес. Оқтың зуылдап ұшқанын «оқ суылдап, зуылдап» ұшты деп екі-үш сөзбен қайыратынын оқырман ретінде анықтағанбыз. Ал біз тұтас көркем әдебиеттегі қазақ жазушыларының қолданысындағы, табиғат, жан-жануар және қимыл-қозғалыстан туындайтын үн атауын бір ғана Жағда Бабалықұлының еңбегінен тауып, шынайы сүйсініс құшағында қалдық. Шыр, шыр-шыр, шық, шыж-быж, үһ, шақ, шақ-пақ, шүп, шүп-шүп, шөп, шөп-шөп, сор, сор-сор, сыр, сыр-сыр, қар, қар-құр, қар-қар, қор, қор-қор немесе шәу, шәу-шәу, шаңқ, шаңқ-шаңқ, шаңқ-шұңқ, тоқ, тоқ-тұқ, тік, тік-түк – деп келетін бір буынды үн атауларының өзі 1 мыңнан асып кетеді екен.
Көл-көсір үн атауын оқып шыққанда этнографтың еңбегіне сүйсінесіз. Кейбір қолданыста аса пайдалана бермейтін атауларды оқып, тосырқап барып тандана мақұлдайсыз. «Шаңқ еткен мылтық дауысы естілді» деп келетін тұтас сөйлемдегі «шаңқ» сөзі секілді, біздің күнделікті қолданысымызда жоқ, өткеннің еншісінде қалған сөзжасамдар бар. Біз ана тіліміздегі тұтас сөзжасамдардан тысқары ой тұжырып, тек үнге қатысты дүниелерді, Жағда Бабалықұлының еңбегін ғана айшықтап, насихаттап отырмыз. Әйтпегенде, қазақ тілінің сөзжасамдары 111 мыңнан астам екенін ғылыми оқу құралдарынан анықтағанбыз.
Хош, маңыраған қой-қозысын, мөңіреген ірі қарасы мен кісінеген жылқысының өзінен сан түрлі дыбыс аулаған текті халықтың ұғымы қаншалықты терең болса, үн атаулары да соғұрлым бай. Осы тұста мойындайтыны – Жағда еңбегін оқымасақ тап бір үнге қатысты сөздер мен сөзжасамдарын елеп, сана таразысына салып, өздігімізден қаншалықты екен деген ойға бармағанымыз. Ғалым еңбегі арқылы, ғылымға қосқан үлесін көрген кездегі әдепкі таңданысымыздан туындаған ойды біз де ойлана жүрсін деген мақсатпен оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Біз сөз еткен этнограф: – қиық, құрыл, қорық, қарық, сақыр, сықыр, сытыр, сатыр, бақыр, былып, былыш, бытыр, шықыр, шалып, тықыл, торыс, дарыл, дүріл, дүбір, дүрсіл, тақыл, тұқыл, күрт, дүріс, күрт, күрсіл, күңгір, гіріл, гүмбір, гүлдір, күлдір, гүжіл, зыңыл, – деп жалғаса беретін сөздерін оқырманға ұсынсақ та жоғарыда айтқан қозыкөш жерге шылбыр сүйреткен тұлпардай тепең-тепең етерміз. «Тепең-тепең» демекші, осынау сөздің өзі үнге байланысты туған сөз екен-ау деп ғалым еңбегі арқылы пайым түйдік. Осы арада тағы бір ескере кететін дүние, осынау теріп шыққан сөздерді біз оқырманға қосарлап бермедік. Әйтпесе, қиық сөзінен қиық-шиқ, қиық-қиық, сол секілді құрыл-құрыл, қорық-қорқы, қорық-қарық, қарық-қырық, сақыр-сұқыр, сақыр-сатыр, сақыр-сықыр, деп келетін сөздер шұбай бермей ме?
Міне, дәл осындай ғажайып сөз кенішіне кенеле отырып, бабаларымыздың көрегендігі жанға жылу береді. Тіпті, кешегі хандық дәуір әдебиетіндегі:
«Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз?!», – деп келетін (Ақтамберді жырау) ғажайып жырлардағы «күлдір-күлдір» сөзі үнге қатысты яки жылқы кісінеуіне байланысты туындаған сөз екенін білеміз. Дегенмен бүгінгі заманда жылқы ұғымы еніп, сол жануар бүгін пайда болса біз бабалар секілді кісінеген жылы үніне «күлдір-күлдір» деп атау бере алатын ба едік деген ойға қалатынымыз да жасырын емес.
Телегей теңіздің һәм кенересі көкжиекпен астасып жататын мұхиттың бауырында маржан болатыны секілді, сан сүргінді бастан өткерген, қиямет-қайым ұрыстарда жүріп табиғаттың төл перзентіне айнала білген көзайым халықтың көрнекті мәдениеті мен әдебиетіне, салт-санасы, дәстүріне, ондағы түпсіз ғылым мен ілімге көз салып тұрып байлығының салмағын байыптай алмасақ, құнын құнттай білмесек, онда маржандай дүниелерімізді қайран басып қалатыны сөзсіз. Сондықтан да бүгінгідей жаһандану жаңалығын шашып, ескінің орнын сапасыз жаңа дүниелер алмастырып жатқан уақытта біз тіліміздің байлығынан бастап, ділімізге бекіген ұстанымдардың ұлысына дейін қас қақпай қорғауға тиіс шығармыз. Сонда ғана дәстүріміз дәуірлер көшінен келер ғасырларға сыры ұшып, сыны кетпей есен-аман жөнки бермек.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





