Жуырда Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев жергілікті қаламгер, қоғам белсендісі Шаяхмет Құсайынұлын туған күнімен құттықтады. Ардагердің арқасына қазақтың салтымен шапан жауып, лайықты құрмет көрсетті.
Шаяхмет Құсайынов шығармашылыққа о бастан құштар болды. Негізгі қызметінің басқа болғанына қарамастан үнемі журналистердің қатарынан көрінетін. Оның кіріспесі 1968 жылы басталды. Алғашқы мақаласы Кеген аудандық газетіне шыққанда қуанғаны әлі есінде. Осыдан кейін-ақ жазуға деген ынтасы артпаса азаймады, өзіне деген сенімі күшейе берді.
Сонау Қиыр Шығыстағы теңізшілер ортасынан бір-ақ шығып, әскери міндетін атқарып жүргенде де қаламмен серіктесті. Қолы қызметтен босай қалса ой-толғаныстарын қойындәптеріне түсіретін. Арасында өлеңдетіп те қояды. Қабілетін жазумен шыңдады. Шығармаларын ширатып, оны өңдеуден және жөндеуден ешқашан жалықпады. Танымын, білімін тереңдетуге мән беріп отырды. Мұның пайдасын көп көргені анық.
Ол мақала жазу арқылы командирлердің көзіне түседі. Осыдан кейін жас теңізшіге неше алуан қоғамдық жұмыстар жүктеледі. Бәрін ойдағыдай атқарған. Соның арқасында Шәкеңді сол заманның авангарды атанған компартия қатарына өткізеді. Мұндай қолдау оның күш-жігерін бұрынғыдан да тасытады.
Елге оралғаннан кейін Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы мінезге бай, жалындаған жас жігітке зор сенім артады. Сөйтіп ол ішкі істер саласына қызметке орналасады. Сақшылар сапында жүріп Еңбекшіқазақ ауданына қызметке ауысады. Құқық қорғаушы әріптестері өзінің орталарында тілшінің жүргенін мақтан етумен бірге одан қаймығатын да. Өйткені Шаяхметтің қолында облыстық газеттің бас редакторы берген «Жетісудың» штаттан тыс тілшісі» деген куәлік бар еді. Ол кезде мұндай ресми құжат мақала жазғанның бәріне бірдей беріле бермейтін.
Шаяхмет аға туралы әңгіме бастаған соң мына бір «қызықты» оқырманға айтпасақ болмайтын шығар. Өзі таза жүретін милиционер тілші кездескен кемшілікті сынаудан қорықпайды екен. Оның «Ресторандағы айқай-шу!» атты мақаласы жарық көргенде жұрт қатты таңғалады. «Мынау нағыз жүрекжұтқанның өзі» деп бастарын шайқайды. Өйткені, тілшінің сын садағына ілінген адам анау-мынау емес, үлкен лауазымдағы дөкейдің өзі еді. Шаяхметтің тікелей бастығы. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, майор Иван Кирьянов!
Ол елге ақыл айтпақ түгілі қоғамдық орындағы тәртіпті өзі бұзған. Өле мас болып мейрамханада шу шығарған. Стакан сындырған. Одан басқа «концерттері» де жеткілікті. Бірақ, күштіге уәж жүре ме? Тіпті, сақшылардың өзі бұл мәселені айналып өтіп, өрескелдікке көз жұма қараған. Бәрі «аш пәледен, қаш пәле» деген оймен оған жоламайды.
Солардың ішінде Шаяхмет Құсайынов қана заңсыздыққа төзе алмады. Қараулыққа қаймықпай қарсы шықты. Оның бетпердесін жұлып алды. Не болып, не қойғанын баспасөз арқылы барша жұртқа баян етті. Сол үшін бастықтардың маңдайынан сипамайтынын да білді. Сондықтан сақ қимылдап, бәрін ереже талаптарына сай етіп тексерді. «Аға, абыржитын түк жоқ. Бақылау комитеті адамдарының растап қол қойған актісі бар» деп облыстық газеттің бас редакторына телефон соққаны кейін аңызға айналып, ел арасына тарады.
Қанша бұлқынып, қанша амалдаса да майор Иван Кирьянов былықтан ақтала алмайды. Сөйтіп ол қызметімен біржолата қоштасады. Өзінің өскен жеріне табанын жалтыратыпты. Мұндай мысалдар Шаяхмет ағамыздың өмірінде аз емес.
Ол кісінің екінші қыры – айтыскерлік. Аудан, облыстағы жыр додаларына белсене қатысады. Марқұм зайыбы Күлпара Сауытақын да өз кезеңінің мықты өнерпазы атанған. Екеуі бірге жүргенде жарасқан жұпқа жұрт сүйініп қараған екен. Мәскеуде шығатын «Дружба» журналының тілшісі Разия Гафурова Шәкең туралы «Поющее сердце» деген мақала жазып, бүкіл одаққа паш еткен.
Үшінші ерекшелігі – қазақ тілі үшін күрескені. Ішкі істер саласынан зейнеткерлікке шыққан соң бос қарап отырған жоқ. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары болды. Ұлттық намыстың туын жоғары көтерді.
Төртінші сипаты – жазушылық. Ондаған кітаптың авторы. Шытырман оқиғалар желісіне де қалам тартты. «Із кесу» кітабын кезінде оқырмандар жақсы бағалады. Сол үшін «КСРО-ның үздік милиция қызметкері» белгісін иеленді.
Айта берсе Шәкең жайлы жағымды әңгімелер аз емес. Ең бастысы, еңбегі жанды, маңдай тері өтелді. Анасынан жас қалған балаларының бәрін өсірді, жетілдірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Қазір олардан немере-шөбере сүйіп, аталық бақыттың қуанышына кенеліп отыр.
Шаяхмет Құсайынов Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы. Күш-жігері әлі қалпында. Сергек те сезімтал. Себебі, қаламгерді шабыт шаршатпайды.
Болат МӘЖИТ




