Әр адам үшін туған өлкесінің тарихын білу – парыз. Бұл тарих ғалым Шоқан Уәлихановқа қатысты болса, оның маңызы тіпті арта түспек.
Осы жерден тарихқа сәл шегініс жасайық. Ресейдің қазақ жерін отарлауы 1731 жылдан жедел жүре бастады. Арқа, Алтай, Тарбағатай өлкесі, Жетісу 1850 жылға дейін түгелімен Ресей билігіне өтті. Ресей енді назарын Орта Азияға бұра бастады. Ресейге өзі жаулап алған жерлерде әскери әрі әкімшілік шараларды алаңсыз әрі табанды түрде жүргізіп отыруы үшін тұрақты жұмыс істейтін байланыс жолы керек болды. Осы мақсатта 1831 жылдан 1856 жылға дейін Семей мен Верный (Алматы) аралығында 34 байланыс бекеті салынды. Бекеттердің арақашықтығы 35-40 шақырым шамасында болды. Бекетте Сібір казак корпусының 10-15 жауынгері бір жыл көлемінде қызмет етті. Олардың міндеті Семей мен Алматы аралығында сапарға шыққан орыс шенеуніктері мен әскери қызметкерлерді бекеттен бекетке жылдамдатып және тоқтаусыз жеткізіп отыру болды.
Әр бекетте казарма, қонақүй, атқора, басқа да шаруашылық нысандары орналасты. Қапал мен Алматы (Верный) арасындағы 12 бекеттің бесеуі қазіргі Кербұлақ ауданы аумағында орналасқан жер – Терісаққан, Алтынемел, Қоянкөз, Қарашоқы, Шоқан бекеттері арқылы алғаш рет 1856 жылы мамыр айының басында полковник Хоментовский Ыстықкөл экспедициясына қатысу мақсатымен өтеді. Көксу мен Шеңгелді бекеттері арасындағы далада қызғалдақтың жайқала өсіп тұрғанын, кей жерлерде бұл көріністің алаулаған отқа ұқсағанын жазады.
Қарашоқы бекетінен түнделетіп өтіп бара жатқан Шоқанға арбакеш осы бекеттен оңтүстікке қарай бес шақырым жерде қалыптас алатын жер бар екенін жеткізеді. Жаңа қазылып алынған кезде ол өте жұмсақ, сол себепті одан түрлі мүсіндер, ыдыстар, оқ құятын қалып, бейіт басына қоятын тас, тағы басқа да заттар жасауға болатынын жеткізеді. Түн мезгілі болғаны себепті Шоқанның қанша қызықса да бұл жерге баруға мүмкіндігі болмайды. Ыстықкөл сапарынан қайтқанда Шоқан Верный мен Қапал арасындағы бекеттер арқылы өтеді. Іле бекетіне жақын жерде орналасқан Қапшағай шатқалына барып, ежелгі адамдардың жартастарға салған суреттерін қағазға түсіріп алады. Қазір бұл жартастар Қапшағай су қоймасының астында қалды. Бекетке келе салысымен тарантасқа тың аттарды шегіп, Шеңгелді бекетіне келеді. Ол төңіректен ортағасырлық қалашықтың қирандысын көріп, бұл жерден кәріз құбырының бір құлашын өзімен бірге ала кетеді. Сол 1856 жылы ол Қапалдан шығып Көксу бекетіне келеді. Одан әрі Үйгентас, Қорғас, Сүйдін арқылы Құлжаға барады. Құлжада орыс консулдығында үш ай қызмет етеді. 1858 жылы ол саудагер-көпес Әлімбайдың атын жамылып, әйгілі Қашқар сапарына аттанады. Қапалдан Алтынемел бекетіне келіп, Матай тауындағы жақсының асуы арқылы асып, Ілеге жетіп, ары қарай Қашқарияға өтеді.
Осы сапар барысында Шоқан тоқтап, су ішті дегенбұлақ бүгінгі күні «Шоқан бұлағы» аталады. Бұл бұлақ Басши ауылдық округі аймағында орналасқан. Ал, Шоқанның біздің өңірге келесі келуі 1864 жылғы полковник Черняевтің жаулаушы экспедициясына қатысуына байланысты болды. Ресей империясы сол жылы Орта Азияны жаулап алу мақсатында Верныйда экспедициялық корпус жасақтайды. Оған бүкіл Ресейден әскери мамандар жұмылдырылды.
Шоқан да әскери маман ретінде осы шараға шақырылады. Шоқан әскерилердің жергілікті халыққа көрсеткен озбырлығына қарсылық ретінде әрі денсаулығына байланысты сол жылдың 10 маусымында кері оралады. Көп кешікпей Шанқанайда отырған Тезек төре ауылына келеді. Ауруының асқынуына байланысты Қапалға барып, емделіп қайтады. Осы жерде Тезек төренің қарындасы Айсараға үйленіп, қыстап қалады. 1865 жылы сәуір айында қайтыс болады. Сүйегі қазіргі Шоқан ауылынан оңтүстікке қарай 4-5 шақырым жерде орналасқан Көшен тоғаны деген жердегі төрелер қорымына қойылады. Кейіннен Жетісу өлкесін басқарып жүрген генерал Колпаковский Шоқан бейітінің басына ақ мәрмәрдан тас орнатады. Ал, 1958 жылы сол жерге граниттен биік ескерткіш қойылып, бүйіріне Шоқанның барельефі орын тебеді. Қазіргі таңда Шоқан ауылында ғалымның музей-үйі жұмыс істеп тұр. Міне, Шоқанның біздің өңірде қалдырған ізі осындай.
Гүлзана СЕРГЕБАЕВА,
Қарашоқы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Кербұлақ ауданы





