Бабадан қалған кәсіппен балаларының нәсібін тауып отырғандардың бірі – Қанатжан Найманбаев. Оның қыстауы Қытай мен Қазақстан шегарасы белдеуіндегі Қайшы сайында орналасқан. Бұл қыстауда Қанатжанның ата-анасы Қазбалақ Найманбаев пен Тұрсынай Тастандиева 1969 жылдан бастап мал бағумен айналысқан. Уақыт өте келе «Айдын» шаруа қожалығын ашқан. Бұл қыстау мен мал-мүлік – Қанатжанға әкеден қалған мұра.
Қанатжан 1981 жылы қаңтардың қақаған аязында дәл осы қыстауда дүниеге келіпті. Көзін ашқаннан Қайшыдағы қарағайдың ішінде мал бағып өскен Қақаң төрт түліктің жай-күйі мен жер жағдайын жатқа біледі. Отар қой, үйір-үйір жылқылары бар. Сауынды сиырлары да жоқ емес. Алдағы уақытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Оған жер көлемі ешқандай тарлық етпейді. Бұл жер мал баққанға жылдың төрт мезгілінде де өте қолайлы. Қыстың кезінде де мал қолға қарамай, күнгей қуалап жайылып, бүйірі айланып тоймаса да жарты құрсақ болып келеді.
Қанатжан өзі жеті ағайынды. Бауырларының ішінде малсағы. Аға-інілері басқа салаларда жұмыс істейді. Көктемгі, күзгі науқан кездерінде бауырлары келіп көмектесіп, малдың қысқы жемшөбін жетерліктей етіп дайындауға қолғабыс етеді. Бұған қоса ауылдағы егістік жердің 2 гектарына бидай, 1 гектарына арпа, 1 гектарына картоп егеді. Түсімі де жаман емес. Техникалары да өзінен.
Биылғы күзгі науқан толығымен аяқталып, қысқа дайындығын қамдап алған. Ол биыл жайлауға көшпей-ақ бір өрістің шөбін келер көктемде көк қылтиғанша жетеді деп отыр. Шөбі шүйгін, суы бал жерде жүрген төрт түліктің де күйі жақсы болатыны белгілі. Малдары көктемде төлдеп, төлдері жаздай жетіліп, күзде күйіне келіп, қыстан қысылмай шығады. Мал төлдері осының арқасында да көп шығынға ұшырамайды.
Таудағы шөптің құнарлы болатыны белгілі. Адам денсаулығына пайдалы шөптерге жайылып жүрген жылқының қымызы, сиырдың сүті, қойдың еті тоқсан тоғыз түрлі ауруға шипа болары сөзсіз. Үйдің қасына көктемде бір қап картоп егіп, күзде он қап картоп қазып алыпты. Міне, тау топырағының құнары. Дегенмен таулы өңірдің табиғаты тосын мінезін көрсететін кездер де болады. Қыстың кезінде тауды соқыр тұман басып, қар жапалақтаған кезде малдарды жинап үлгермей қалатын сәттер де болып тұрады. Осындай ұрымтал тұсты пайдаланып, ит-құс малға ауыз салып кетеді екен. Жалпы Қайшыда аң-құстардың көп түрі кездеседі. Қанатжан осы жерден аю, сілеусін, қар барысын өз көзімен көргенін баяндап берді.
Қанатжанның құдай қосқан қосағы Мира Мамоджановамен отасқандарына 6 жыл болған. Айханым атты алты жасар қызы бар. Құдай қаласа, екінші сәбилерін күтуде. Мира да таудың тіршілігінен алшақ емес. Әкесі қарағайшы болған. Қызылшекара ауылының тұрғындары Кәкен Әбжаппарұлы мен Сарқыт Жартыбаева атты кісілердің кенжесі.
Биыл Қанатжан мен Мира 10 бие байлап, орта есеппен күніне 40 литр қымыз өндіріп отырған. Бір қызығы, өндірген қымыздарының бар болғаны 50-60 литрін ғана сатқан. Қалғаны туған-туыс, келген құдайы қонақтардан артылмапты. Мираның негізгі мамандығы аспаз. Сиыр сүтінен алынатын өнімдердің барлық түрін дәмді етіп әзірлейді. Таза табиғи өнімдерден әзірлеген тағамдары тіл үйіреді.
Ықылым заманнан жалғасын тауып, бабадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіптің қыр-сырын жақсы меңгеріп, жылдың төрт мезгілінде де уақытпен есептеспей еңбек етіп, ел байлығын еселеп арттыруға сүбелі үлес қосып жүрген мал шаруашылығы еңбеккерлерінің қажырлы қарекеті қашанда құрметтеуге лайық.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
Елдос АХМЕТЖАН
Нарынқол ауылы,
Райымбек ауданы





