Қанша адам болса сонша мінез болатыны сияқты олардың арман-мұраты, іс- әрекеті, тағдыр-талайы да әр алуан келетіні ақиқат. Айдархан Берікбаевты бірінші көрген адамға оның қазақы дәстүр, төрт-түлік жайлы айтқан кезде арқаланып кететін мінезі қызық көрінеді. Ол Алматы қаласының іргесіндегі ине шаншыр бос жері жоқ ауылда тұрса да жылқы өсірумен, қымыз өндірумен айналысады.
– Мен Жамбыл облысы, «Талас» ауданына қарасты Талас кеңшарының тумасымын, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. – Әкем Құлынтай ғұмыр бойы «Үшарал» деген асыл тұқымды шаруашылықта малшы болып еңбек етті. Анамыз 18 құрсақ көтергенімен сол кездегі медицинаның қауқарсыздығына байланысты көбісі сәби кезінде шетіней беріпті. Дегенмен, үш ұл, төрт қыз аман қалдық, солардың кенжесі өзім екенмін. Сол кездің өзінде бізде жекеменшік малдың қарасы әжептәуір болатын. Бала кезімнен әкемнің жанында жүріп, малсақ болып өскеннен бе, төртінші сыныпты бітіргеннен кейін мектепке бармай қойдым. Өздеріне де көмекші керек болды-ау деймін, ата-анам да «оқы!» деп қинай қойған жоқ. Сонымен жүйрік баптап, ит жүгіртіп балалық, жастық шағым өте шығыпты. Біздің шаруашылықта негізінен қой мен жылқы ғана болды.
Айдархан Берікбаев 17 жасқа келгенде әкесі зейнетке шығып, кеңшар орталығына көшіп келеді (Марқұм Құлынтай қария 109 жасқа келгенде жарық дүниемен қоштасқан екен). Баяғыдай ұшы-қиыры көрінбейтін ұлан-ғайыр даланы жалғыз өзі иемденген Айдархан торға түскен торғайдай шырқ үйіріледі емес пе?! Ақыры, құрдастарына еріп Тараз қаласындағы химия зауыттарының біріне жұмысқа кіріпті. Тұла бойындағы бұлқынған күшті ауыздықтау үшін спортпен айналыса бастағаны да осы кез.
– Ауылдан ұзап шықпаған түз баласы болғандықтан тірі орысты Таразға келгенде алғаш рет көрдім, – дейді өзі қаладағы тірлігін еске алып. – Біздің құрылыс бригадасында Монғолиядан, Қытайдан келген жастар баршылық еді. Солардың арасында Шәулін (Шаолинь) өлкесінен ережесіз жекпе-жекті меңгерген жігіттер жасырын түрде спорттың осы түріне баулыды. Жастықтың желігі дейміз бе, жаттығудан шыққаннан кейін көшеге шығып, үйренгенімізді сынақтан өткіземіз. Төбелестің көкесін осы жерде көрдік қой.
«Тәк» дегенді естімей өскен тентек бала басын тауға да, тасқа да ұрған көрінеді. Дегенмен, ата-анадан алған тәлім-тәрбие шектен шығуға тосқауыл болғандай. Одан былайғы өмірі сол төрт-түлікті түлетумен өткен сыңайлы. Ауылда мал өсіріп, өнімін қалаға өткізіп тағы біраз жылды артқа тастаған. Ал 2000 жылы жалпы жұрттың қалаға қоныс аударуына ілесіп, Алматы шаһарына ат басын бұрыпты. Еңбекшіқазақ ауданының орман шаруашылығында, Жамбыл ауданында түрлі шаруалармен айналысқан. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жаппай саудаға көшкен кезеңде түріктермен серіктесіп, мал өнімдерін өткізуді кәсіп еткен көрінеді. «Біраз уақыт түріктерге малдың ішегін дайындадым, – дейді Айдарханның өзі бұл кәсібі жайлы. – Олар бұдан ота жасағанда аса қажетті жіп өндіреді екен. Ал бізде ондай байлық күресінге тасталушы еді ғой.
Елдегі күнкөріс сауданың айналасына шиырлаған «өтпелі кезеңде» жасамаған жұмысы қалмапты. Шұлықтан бастап киімнің барлық түрін, азық-түліктің сан саласын сатумен айналысқан. Дегенмен, бала кезден қалыптасқан тірлігі – қайда жүрсе де малдан қол үзбеген. Ақыры Кемертоғаннан жер алып, үймен бірге мал бордақылайтын қора мен бие сауатын орынды қоса көтерген. Осылайша бүгінгі кәсібінің алғышарты жүзеге асқан екен.
– Бүгіндері мал бордақылап сататын жұртшылық түлікті семіртудің оңай жолына түсіп алған. Олар дәрі егіп, жемге арнайы қоспалар қосып, жасанды түрде семіртеді. Бұл – адам ағзасына да зиян. Сондықтан мен малды табиғи бордақылап, тұтынушыларға экологиялық таза ет ұсынуды ойға алғанмын, – дейді Айдархан өзінің кәсібі жайлы. – Сондықтан сатып алған 20 сотық жерімнің жартысына үй тұрғызсам, жартысына қора-жай салдым. Алайда, жылдар бойы жинаған қаражатым осымен таусылып, тоқырап қалғандай болдым. Осы тұста мемлекет тарапынан жұмыспен қамту орталығы арқылы беретін көмегі жәрдемдесті. Осылайша 2014 жылы үш миллион теңге жәрдемақы алып, 7 жылқы сатып алдым да мал бордақылауды жолға қойдым. Орта жолда 5 жылқымды ұрылар қолды етіп, әбігерге түсіргені бар. Дегенмен, ол қиындықтан да шықтық қой, әйтеуір.
Айдархан ендігі уақытта мемлекеттің жәрдемін алу үшін қымыз өндірумен де айналыса бастапты. Бүгінде 10 жылқы бордақыланып жатса, 10-15 бие тұрақты сауында тұрады. Әсіресе, пандемия кезінде саумалдың сұранысы артты емес пе?! Осы кезде олар әр екі сағат сайын сауын жүргізгенде, күніне 75-80 адамға саумал ішкізіп отырған көрінеді. Бір отбасын жұмыспен қамтамасыз етіп, өздері де осы кәсіптің игілігін көріп отырған отбасына риза боласың.
– Мен әскерден келгенде әкем 84 жаста болатын. Спортпен айналысып, бойымда қаным тулаған жаста болсам да әкеммен амандасқанымда қолымды үгіп жіберердей қауқары бар еді, – дейді Айдархан әкесін еске алып. – Кейіннен жасы ұлғайған шағында көру қабілеті нашарлап, ауыл арасында жүруі үшін есек әпергенбіз ғой. Ер-тоқымның айылын тарта-тарта есектің белін кесіп жібергенін көрдік. Не деген қайратты жандар еді десеңізші?! Кезінде мән бермеген екенмін, байқасам, әкемнің ішкен асы, жасаған әрекеті салауатты, ұзақ өмір сүрудің үлгісі екен ғой. Сол кісінің күнделікті тірлігін есіме түсіре отырып, өзімше емделудің әдіс-тәсілдерін жасап шықтым. Саумалды қай уақытта, қанша ішу керек, қымыздың емдік қасиеті қандай, жылқы етінің адам ағзасына пайдасы қаншалықты деген мәселелерді зерттеп, белгілі бір жүйе қалыптастырдым. Бір жылдары жылына екі мәрте қан қысымым көтеріліп, ауруханаға жатып, ем алып шығатынмын. Қымыз іше бастағаннан кейін сол сырқатымнан айықтым. Бір жолы келе жатыр едім басымнан біреу қойып қалғандай болды. Есеңгіреп барып, есімді жидым. Аздан кейін осы жай тағы қайталанды. Бұл не болды екен деп таң-тамаша болып қалғаным бар. Сөйтсем ұзақ уақыт ішкен қымыздың қуаты басымдағы қан тамырларымның тромбысын бұзып шыққан екен ғой. Содан бері ауруханаға жатып, ем қабылдау дегенді ұмыттым. Талғат Бигелдинов атамыз біраз жылдар бойы саумал-қымызды, жылқының етін тек қана менен алып тұрды. Тіпті, туған аға-бауырдай болып кеткеніміз жасырын емес. Біраз жылдардан бері бала көтермеген әйелдерді, белсіздікке ұрынған ер адамдарды, буын, өт пен қант, қайсыбір жағдайда қатерлі ісік ауруларын да емдеп келеміз. Саумалды жасына, сырқатына, салмағына, жынысына қарай мөлшерлеп ішкіземін. Қазақы емнің қасиеті де – осында.
Шаруасын дөңгелентіп отырған Айдархан мен зайыбы Гауһар кәсібін ұлғайту мақсатында биыл көрші үй мен ауланы жалға алып, қымызхана ашқан екен. Болашақта халықтық медицина жүйесімен, атап айтқанда, саумал-қымызбен емдейтін оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырған көрінеді.
– Мен өзімді емшімін деп есептемеймін. Тек әуелі құдайдың, содан кейін саумал мен қымызды тәртібімен ішу арқылы адамдарды сырқатынан айықтыруға күш саламын. Осылайша халқыма азғантай болса да септігімді тигізсем, – дейді Айдархан бізбен қоштасар сәтінде ағынан жарылып.
Ендеше, ізгі мұратына ұмтылған мақсаткер жанның жұмысына сәттілік тілейік!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ





