Қазақ әдебиеті дамуы үдерісінің қазіргі кезеңінің басты мұраты – қаламгерлердің өршіл рухты туындылары арқылы осы кезеңдегі жаңа буын ұрпаққа ұлттық-отаншылдық рух қуатын дарыту. Әсіресе, бұған дейінгі мыңжылдықтар бойы жыраулардың, ақындардың ауызша және жазбаша белсенді жырланған авторлық поэзиясы туындыларынан рухани нәр алып өсіп-қалыптасқан ата-бабалық ұстанымдарды тыңдауға, оқуға бейім халықтық-ұлттық сананың қайта серпілуі үшін поэзияның ықпалдылығына айрықша мән береміз. Әміре Әрінұлының ата-бабалық отаншылдық рухты, азаматтық сарынды лирикалық өлеңдері – оның халықтық тұғырнамасы.
Азаматтық сарынды өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның өршіл романтикалық сарынды ойлары ғасырлар бойы Тәуелсіз Ұлттық мемлекеттілік үшін күрескен қаһарман ата-бабалар рухының қазіргі жаңа буын ұрпақтар арқылы жаңғыра жалғасқан намысты буырқаныс толғаныстары сипатымен жырланған. Әміренің азаматтық лирикасынан ежелгі Тұранның, Түркі қағанаттарының, Шыңғысхан құрған Алтын Орда империясының, оның мұрагерлері Қазақ хандығының, қазіргі ҚР-дің Тәуелсіз Ұлттық мемлекеттілік жолының тарихи мәңгілік жалғастығы қамтылады. Ақын өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманының тарихи-көркем бейнесі арқылы әлем өркениеті мемлекеттерімен, халықтарымен иықтас ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ТҰЛҒАСЫ сомдалған. Ақынның аталған азаматтық сарынды лирикалық өлеңдеріндегі көркем мағыналы поэтикалық тармақтардан, шумақтардан ұлттық дүниетаным аясындағы ақындық көркем ойлауға тән суреткерлік шеберлікті аңғарамыз. Өлеңдердегі лирикалық қаһарман – Ұлы Даланың иесі қазақ халқының Тәуелсіз мемлекеттілігі үшін ғасырлар бойы күрескен, енді Мәңгілік Ел дамуын болашаққа ұластыратын бүгінгі ұрпақтардың көркем шындық поэтикасымен бейнеленген тарихи-әдеби тұлғасы:
Тағзым саған!
Азаттық – арман жырым,
Дәлелдедің ділсіздік жалғандығын.
Ар-ожданы халқымның – Алмас қылыш,
Сонау сақ пен ғұндардан алған нұрын.
…Тағзым саған!
Ұланым – тастүлегім,
Ақиқатқа – Алдаспан бәс тігемін!
Жалаңтөсім – Алаңда жуып кеткен,
Тәуелсіздік қанымен жас жүрегін.
Тағзым саған!
Өр үні – бар қазақтың!
Екпініңмен елдікке таңба тақтың.
Жаңғырыққан – жаһаннан жойқын күшпен,
Әуелеймін әрқашан
Самғамақпын!
…Тағзым саған!
Байтақ ел – Ай таңбалы!
Дұшпан оғын жауапсыз қайтармады.
Дария кешкен ақ кемем көз ұшында,
Ақ толқындар ар ісін айтар әлі.
Әміре ақынның философиялық сарынды өлеңдерінен тіршіліктің мәңгілік қозғалыстары жүйесіндегі саналы ақыл-ой иелері – адамдарға ортақ қасиеттердің, құбылыстардың өзара үндестіктері мен қайшылықтары тұтасқан әлемінің сырлары поэтикалық мағыналы ойларымен өрнектелген. Уақыт пен кеңістік – өмір философиясындағы мәңгілік тоқталмайтын қозғалыстар әлемі. Пайда болу мен дамудың, кемелдену мен іркілудің, ақырғы шепке жету мен біржола тоқталудың, жаңа мен көне алмасуының өзгермелі-құбылмалы сипаты, сонымен бірге, ақ пен қараның, биіктік пен аласалықтың, мейірімділік пен қатыгездіктің, адалдық пен арамдықтың, мәрттік пен ездіктің, ақылдылық пен ақымақтықтың, көсемдік пен қырттықтың, т.б. қайшылықты-қақтығысты тартыстары – бәрі де философиялық поэзия туындыларының арқауына алынады. Әміре ақынның философиялық мағыналы лирикалық өлеңдерінде де өмір сұлулығын асқақ арманды ойларымен, адамгершілік асыл қасиеттерімен сәулелендіріп жүрген нұрлы жүрек иелеріне ортақ ғарыштық-ғаламдық әлем болмысы жырланған. «Айқабақ», «Жалқы ғұмыр», «Дәруім», «Бақ тілеген баршаға», «Арманым жыр», «Дүр-дүние», «Құм баласы», «Айналайын, әппақ әлем», «Түйсік», «Жасарып таң», «Адамзат аңсар сырыңды», «Маздақ» секілді бір шоғыр өлеңі соның дәлелі.
Жаратушының (Тәңірі-Алла-Құдай) құдіретімен жасалған қарама-қайшылықтардың әрі өзара қақтығыса, әрі үндесе өмір сүріп жатқан фәни дүниенің күрделі келбетін ақын өлеңдері оқырманға айқын сезіндіреді. Өмір, тіршілік қозғалыстарын поэтикалық көркем бейнелеулермен өрнектеген өрілімдері де оқырман көңілін әсірелендіре баурайды.
Уақыт пен кеңістік айдынындағы адамдарға ортақ тіршілік қозғалысы лирикалық қаһарманның философиялық толғаныстарымен төгіледі.
Толқынды толқын қуып өңірімде,
Жүрегім жеті жұртқа бөлінуде.
Дауасын табан асты табар едім,
Кім айтар бұл жалғанның мөрі кімде?
Толқыннан толқын туар тау бейнелі,
Тау бейнелі жайынды ау кернеді.
Ширығып,
Тіс шайнасып тыншыр емес,
Өйткені бөтен жақтан жау келмеді…
Толқынды толқын теуіп барады ма?
Жас толқын жанын үзер аралында.
Алдамшы ақ айдынға неге шықты,
Қарайып қала бермей қамалында.
Табиғат лирикасы – классикалық поэзияның дәстүрлі саласы. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғат көріністерінің бәрінен де адамдар, оның ішінде ақындар айрықша эстетикалық ләззат алады. Бұлақтың, өзеннің ағысынан да, көлдің, теңіздің жарқыраған айдынынан да, аспанға атылып, жағалауға соғылып күркіреген яки сабырлы толқындардан да шабыттанады. Айдан да, күннен де, жұлдыздардан да, бұлттардан да, нөсер жауыннан да, дауылдан да, бораннан да, аяздан да, аптап ыстықтан да жанды қозғалыс әлемінің сырларын сезінген ақындар тебіренеді, толғанады, қуанады, күйзеледі. Мысалы, «Бұлақ» атты өлеңіндегі кейіптеу поэтикасы бейнелеулерімен өрілген өрнектер табиғаттың жанды құбылысын шынайы суреттеген:
Күмістен моншақ тағып ап,
Өңірден өріп.
Өрнек құрады ағып-ақ,
Көңілмен көріп.
Еңіске ынтық құлайды,
Есіліп ойнап.
Қара жер сауыр сылайды,
Бесігін бойлап.
Ақынның «Дарабоз-ана аманаты» эпикалық туындысы – публицистикалық-отаншылдық сарынды толғау дастан. Дастанын «Тау бейнелі Төле бимен ой жалғап» деп бастаған ақын ата-бабалар атынан қазіргі және болашақ ұрпаққа бұған дейін қалыптасқан отаншылдық, азаматтық-қайраткерлік қасиеттер дәстүрлері аясында өткен мен бүгінді және болашақты жалғастыратын халықтық ұстанымдар ұлағатын сақтауды аманат ете жырлаған.
Саласындай бір қолдың сайыс салдық,
Тер сорғалап тұлпардың сауырынан.
…Ту етіп жігерімді, тас жаныдым,
Қысылып жалтарғанда тарпаң, қортық.
Малта, құрт жорық үсті азық болып,
Самсаған жаугер атқа жазық толып.
Елдіктің ертеңі үшін қан төгілді,
Тек кетпей жау қолында азып-тозып.
Қазақ халқының ғасырлар белестеріндегі қаумалаған қиындықтармен бетпе-бет келгендегі трагедиялық хәл-ахуалын («Даланың жылағанын дара сезгем», «Шырылдап таң бозынан бозторғайым, бүгіліп зарын төккен тозған қайың», «Күңгірт көңіл күлкімді кісендеген», «Барымды базарлатпай бәтшағарлар, қаным ойнап қамықтым, құлазыдым»), қиындықтардан мойымаған халықтың қуатты рухын («Жігерімді жалынға жаныдым да. Нардың жүгін көтердім, ардың үнін, малынса да мың, сан рет жаным мұңға») намысты, өршіл сарынмен толғаған:
Тәңір ісін тәлейге түйе білгем,
Ұлтым үшін ес тұнып күйе білгем.
Түйе мініп,
хас жауға қаһар төктім,
Табылмады еш мінім сүйегімнен.
…Аят оқып,
қожамен бәс қылмадым,
Бетін бастым тас мерез қас қылғанның.
Ұяласқа қас қылмас қашаннан да
Бөлтірігін баулыдым қасқырлардың.
Дастанның көркемдік түйіні – қазақ халқының Бостандығы, Тәуелсіздігі, берекелі мемлекеттілігі жолында қан кешкен, сыртқы-ішкі зұлым жаулармен арпалысқан ата-бабалар жолын ендігі ұрпақтың Мәңгілік Ел болашағына табандылықпен, білім-білік беделімен қызмет етуін аманаттау.
Әміре Әрінұлы – қазіргі қазақ поэзиясының дамуына өзінің көркем өрнектерімен үлес қосып келе жатқан ойшыл-сыршыл ақын. «Тәуба, Тәңір!» атты өлеңінде өзінің көркем ойлау дүниетаным әлемін кернеген щығармашылық шабыт құбылыстарын суреттей келе киелі поэзияның шалқар кеңістіктегі аспанына, шығармашылық биіктерге самғау мұратын романтикалық сарынмен толғайды:
Бақыттымын!
Мен бүгін бақыттымын.
Дүр дүние!
Сыр ашты ғашық жырым.
Адастырмас Ай маңдай армандарым,
Қол бұлғайды
Шатқал, шың, асып Қырым!
…Бар тағдырдың таңбасы талайымда,
Берілер ең бейуақыт қалай мұңға.
Бір өзіңсің –
Жампоз жұрт табынарым.
Үкіле кел!
Шығамын талай шыңға!
Тәуба, Тәңір!
Жыр-жалын ғұмыр бердің.
Қиял тұнып, қиырдан тұғыр көрдім.
Елім барда,
Дос-жаран бәрің барда,
Жамалында жайнаймын жұмыр жердің.
Тәуба, тәңір!
Жыр-жалын ғұмыр бердің!
Қорыта айтқанда, Әміре Әрінұлы поэзиясының көркемдік әлемі қазіргі қазақ сөз өнерінің дамуындағы оның өзіндік шығармашылық дара болмысын танытады. Классикалық әдеби дәстүрдің көркемдік жалғастығы аясында өзіндік шығармашылық мәнері оқырмандарға даралана танылған ақын поэзиясының жаңа туындыларымен толысатынына, кемелденетініне сенеміз.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Гуманитарлық ғылымдар Академиясының академигі,
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты
(«Қазақ әдебиеті» 13 қараша, 2020 ж).





