Талдықорған: +17°C
$ 472.48
€ 550.06
₽ 6.59
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

АУЫЛ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕК

16.11.2020
КҮЛТӨБЕ
АУЫЛ ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕК
WhatsAppTelegramFacebook

Ел анасы деген ең биік есімді иелену – екінің біріне бұйыра бермес бақыт. Қанша дәуір аунаса да, қанша заман өзгерсе де ондай атты арқалаған аналар өз биігінен түспейді. Қадірлі Зықаң – Зылиха ТАМШЫБАЕВА жайлы естелік жазсам уақыттың ырқына бағынбайтын қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын бір нәрсе барын анық білемін. Ол – адамгершілік, ол – адал еңбек, ол – елге тигізген шарапатың.


Зықаң өмірінің соңына дейін осы үш биіктіктің өлшемінен ауытқыған жоқ. Халықты еріншектіктен сақтандырып, жұмыла еңбек етуге үндеді. Жасы үлкенге құрмет көрсетті. Ізін басқандарға ізет білдірді. Қиындыққа тап болғандарға шығар жол нұсқады. Сүрінгенге демеу болды, жығылғанға қайта бас көтерер жігер ұялатты. Нарықтың алғашқы соққысынан ес жия алмай, ел бет-бетімен кеткенде Зықаң алтын бесік – ауылын шашау шығармай, еңбек күшін сақтап қалды. Тығырыққа тірелгендерге жақсылық жасап, талай жанға шарапатын шашты. Халықтың көзі қырағы ғой, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген, нәзік иығымен нардың жүгін көтерген қызға қайраткерлігі үшін ел анасы деген ат берді. Отбасы, ошақ қасына ғана емес, тұтас елге аналық мейірімін төккен ізгі жанмен замандас болғаным үшін, бір өңірде тер төге еңбек еткенім үшін мен де мақтанамын, шаттанамын.

Зықаңның халыққа сіңірген еңбегі еш ұмытылмайды. Оның жүріп өткен жолын тәуелсіз қазақ жастарына ұғындыру, еңбек адамы ретінде үлгі ету, бақытқа жетудің кілті еңбекте екенін бүге-шігесіне дейін түсіндіру біздің мойнымызда тұрған асыл міндеттей көрінеді. Сондықтан, Еңбек Қызыл Ту, Ленин, Қазан революциясы, «Парасат», «Құрмет» секілді бірнеше орденнің иегері, қатарынан озып Еңбек Ері,  Алматы облысының Құрметті азаматы атанған, аты аңызға айналған Зылиха Тамшыбаева жайлы төгілте жазсам, ол менің кешегі кеңестік жүйені көксеуім немесе бүгінгі қоғамға шекеден қарап, әр нәрсеге бір ділмәрсіп, ақыл айтуым емес. Керісінше, осы жазғаным арқылы тағылымды тарихты парақтай отырып, дәуір тудырған тұлғалардың есімін қайта жаңғыртуды, олардың өнегеге толы өмір жолын жастарға тағы да бір паш етуді көздедім. Олар салып кеткен адалдық пен жауапкершілік үлгісін үзіп алмай, кейінгі толқынмен сабақтастыруға сеп болу біз секілді екі дәуірді көрген адамдарға, ақсақалдық жасқа жеткен аға буынға тіптен маңыздырақ екені айтпаса да түсінікті.

Ел анасы Зылиха Тамшыбаева жайлы осымен бірнеше рет қалам тербеппін. Уақыт шіркін бір орында тұрмайды. Көзі тірісінде де талай естеліктерді қағаз бетіне түсірген мына қол енді Зықаңның өмірден өткеніне 10 жыл толғанда тағы да қалам көтерді. Жас ұрпақ алдында ұлағатты әңгімемізді бүркемелемей, ат үстінде жүрген жарқын сәттерді және бір жіпке тізгендей жазып шығып жатсам, бұл тарих үшін де, болашақ ұрпақ үшін де құнды дерек болары анық.

Зылиха Тамшыбаева жайлы толғанар тұста қазіргі тәуелсіз Қазақстанмен үндескен, сабақтасқан бірнеше мәселеге назар аударғым келеді де тұрады. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беретін ел экономикасының өрлеуі, жасампаздық және әділетті қоғам құру идеясы. Зықаң да өз заманында осы басымдыққа ерекше назар аударып, өзі мекен еткен өңірді гүлдендірді, тұрғындарға тұрақты табыс көзін ұйымдастырып, еңбектің өшпес шамын жақты. Ауыл, облыс, республика үшін талай ғасырға азық болар жасампаз іс қалдырды. Ерге артылған міндетті еселеп атқарып, есімі исі қазақ жұртына, алыс-жақын шетелге жайылды. Оның еңбексүйгіш образы белгілі қаламгерлердің шығармасына арқау болып, театр сахнасына жол тартты.
Әлі есімде, бәріміз албыртпыз, бәріміз Алматыға арман қуып келген жаспыз. Мақсатымыз – биік, идеямыз көп, студенттік өмірдің бел ортасында жүрген қызықты шақтың бірінде қазіргі Балалар мен жасөспірімдер театрына баратын болдық. Көрерменнің жоғары бағасын алған әйгілі «Беу, қыздар-ай!» қойылымын тамашаладық. Мұндағы бас кейіпкер – Айсұлудың өмірдегі прототипі – Зылиха Тамшыбаева еді. Сөйтіп, мен Зықаңмен ең бірінші өмірде емес, әдебиеттегі көркем бейнесі арқылы таныстым. Әрине, Жетісудың есімі ел аузынан түспейтін еңбекқор анасын бұрын да сыртынан сан мәрте естігенмін. Алайда жерлесімнің сахнадағы образынан кейін кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Алматыда Қазақстанның әр өңірінен жиналған замандастарыма Зылиха Тамшыбаевадай әйгілі тұлғамен жерлес екенімді айтып, көтеріліп қалатынмын.

Зықаңмен өмірдегі таныстығым өзі басқарған Еңбекші кеңшарына партком хатшысы, кейіннен кеңшар директоры болып тағайындалған сәтінен басталды. Кейін әріптестік байланысымыз үзілген жоқ. Өмірінің соңына дейін біз оны Зықа деп құрметтесек, ол Нәуке, Күлеке (зайыбым) деуден танбады. Қазір қарап отырсам, өмірдің мәні сол сыйластықта жатыр екен ғой. Бір облыста екеуміз қаншама жауапты жұмысты иық тірестіре атқардық, қаншама қиындықты бірге еңсердік десем, еш қателеспегенім. Несін жасырам, өзімнен 5-6 жас үлкендігі бар ел анасынан үйренерім де көп болды. Мен үнемі оның ауыл-аймақты басқару әдісіне қайран қалатынмын және жай тамсанып отыра бермей, іскерліктің кілтін іздеуге тырысатынмын.

МӘҢГІ ЕСІМІЗДЕ 

Осыдан он жыл бұрын Зылиха Тамшыбаева өмірден өтті деген суық хабарды естігенде қабырғамыз қайысып, жанымыз ауырып, жүрегімізге біраз салмақ түсті. Себебі, қазақтың біртуар қызын кім болса да ажалға оңай қия қоймасы анық еді. Амал қанша? Өмір заңы осы.

Зулап жатқан уақыт-ай десеңізші?! Бірақ қанша күн, ай, жыл өтсе де жақсының аты, істеген өнегелі ісі, соңына қалдырған ізі ешқашанда өшпек емес.

Зылиха Жанболатқызы тағдырын, еңбегі арқылы тұлғалық келбетін өзі қалыптастырған қайсар жан. Адамның білімділігі, ойлылығы, жасампаздығы мен жақсылығы да еңбекпен келіп іске асатынын ардақты жан өмірлік өрнегімен дәлелдеп берді. Шыдамды, сабырлы, шыншыл, байсалды қалпынан ешқашанда айнымаған елдің анасы соңғы демі қалғанша халықтың қамын ойлап кетті.

Пана тұтып келген жандарды өзінен үлкен я кіші болса да мәселесін соңына дейін тыңдау, істің дұрысы мен бұрысын айту, жан дүниесін түсіну, ақыл-кеңесін беру, жол көрсету ол кісінің туабітті асыл қасиетінің бірі болатын. Әсіресе, қыз-келіншектерге үлгі-өнегелі істерін насихаттап, отбасында сүйікті жар, аяулы ана, мейірімді әже болудың шынайы өнегесін көрсетті. Берекесі мен бірлігі жарасқан бір ауылдың асыл анасындай болды.

Қаршадай қыз кезінен қайнаған еңбекке білек сыбана араласып, қатардағы сауыншыдан іргелі кеңшардың басшысы дәрежесіне дейін көтерілген ауылшаруашылығының білгірі, «дала академигі» атанған Нұрмолда Алдабергеновтің өнегелі шәкірттерінің бірі болған ардақты да асыл жанның ерлігін халық ұмытпайды.

Қазақ қызының қайсарлығын, қазақ әйелінің зиялылығы мен бекзаттығын жалпақ жұртқа көрсете білген Зылиха  Жанболатқызы сенімге селкеу түсірмеген, сөзін сыртқа шашпаған, алып­қашты әңгімелерден бойын аулақ ұстаған, күншілдікті бойына дарытпаған, өзгелердің табысына сәттілік тілеп, қалтқысыз, бүкпесіз қуана білген, мансапқа емес, ел игілігіне қызмет етудің өнегесін көрсеткен, халықтың рухани өмірінің жаршысы бола білген  мемлекет және қоғам  қайраткері. Іскер басшы, ірі ұйымдастырушы Зылиха Жанболатқызы өзінің адал еңбегі мен кәсіби  жауапкершілігі  арқылы Жетісудың гүлденуіне аянбай үлес қосты. Төгілген маңдай тердің өтеуі ақталды. Ең бастысы, халық сыйына бөленді. 

Адамның сыйлы, кұрметті болуы оның адамгершілігіне, адалдығына тікелей тәуелді. Ата-анасын сыйлаған бала Отанын құрметтей алады. Ондай жандар жүрген жерін шаттыққа бөлеп, нұрын шашады. Айналасына мейірім мен жылуын төккен дарқан даланың қайсар қызы Зылиха Жанболатқызы мәңгі жүрегімізде. 

Күләш ТҮМЕНБАЕВА, 
Талдықорған қаласының Құрметті азаматы,
еңбек ардагері

Зықаң Еңбекші кеңшарына жетекшілік жасағаннан кейін өңірде бірден үлкен өзгерістер орын ала бастады. Ауыл маңайындағы жол қалыпқа келтіріліп, егістік алқаптарына жан бітті. Қызу еңбектің науқаны қарқын алды. Еңбекші ауылының экономикасы ақсап, өзге өңірлермен салыстырғанда кейінге қалған еді. Зықаң қара су басқан жолдарды, ауыл көшелерін қайта жөндеп, аз уақытта үлкен іс тындырып үлгерді. Өңірде қызған құрылыспен қатар егістік алқаптары да іріленіп, дәнді-дақыл көлемі еселеп артты. Еңбекші ауылында агротехника мәдениеті насихатталып, әр тақырыпта тәжірибелік семинар-кеңестер ұйымдастырылды.
Әсіресе, қызылша өсіруде ауыл тұрғындарының аты шығып, облыстан ары республикаға тарап жатты. Еңбегі ескеріліп, бағы жанған ауыл азаматтары ауылдық, аудандық, облыстық кеңес депутаты болып сайланса, ал Зықаң ұзақ жыл бойы ҚазССР Жоғары кеңесінің депутаты ретінде бүкіл одақтас елдерге танылды. Зықаңның небәрі 23 жасында халық қалаулысы атанып, депутат мінберінен үн қатуы ерен еңбегінің арқасында жеткен нағыз тарихи оқиға дер едім. Одан кейін де бас-аяғы 17 жылын депутаттыққа арнап, елдің мұң-тілегін жариялап, талай мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етті. Жоғары кеңес төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалуы оның тұлғалық келбетін бұрынғыдан да айшықтай түсті.

Иә, Зықаң мұндай атақ-дәрежеге, танымалдылыққа жайдан-жай жете салған жоқ. Бұл жерде тағы да адам даңқын адалдығы мен еңбекқорлығы, ортасына деген сыйласымдылығы, көпке топырақ шашпай, үнемі қамқорлықта, береке-бірлікте жұмыс істеуі секілді мәңгілік құндылықтар шығаратыны ап-айқын көрініп тұр. Зықаңның бүкіл өмірі ауылмен байланысып жатыр. Ол қалаға ұмтылмады, қалың елі – қазағының түп-тамыры ауылмен өрілгенін жақсы білді.

Тағдырдың жазғаны болар, анасынан жас қалған Зылиха әкесінің ұлы ретінде еңбекке ерте араласты. Қызы ретінде үй шаруаларын толығымен өзі атқарды. Қиыншылықтың салмағы артқан сайын қағылез жастың да бұғанасы ерте бекіп, қамығуға жол бермей, керісінше, жігерленіп өсті. Оның балалық шағын, қалыптасу жылдарын кіндік қаны тамған жері – Кербұлақ ауданы, Шоқан  ауылының тұрғындары әлі күнге дейін аңыз қылып айтады.

Кітапхана меңгерушісі, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, тауарлы-сүт фермасының меңгерушісі, ауылдық кеңестің төрайымы секілді қызмет сатыларынан шыңдалып шыққан Зылиха Жанболатқызы, қазақтың қара домалақ қызы қайраттылығы мен ерен еңбекқорлығының арқасында қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілді. Сол кездегі Талдықорған ауданы, Сталин атындағы ұжымшар төрағасы, аты одаққа танылған Нұрмолда Алдабергеновке арнайы келіп, шаруашылығымен танысып, ақыл-кеңесін тыңдап, ағасының ақ батасын алып қайтуы, айтары жоқ, Зылиханың нағыз еңбек адамдарын құрметтейтіндігін білдіреді.

Жастардың білімге құштарлығын арттыру, еңбекке ынталандыру, ауыл мәдениетін дамытуға жұмылдыру сияқты тәрбие жұмысының арқауын іс жүзінде ұтымды ширата білген жас Зылиха партия, кеңес органдарында мәртебелі әрі басшылық қызметті үлкен абыроймен атқарып, ел мақтанышына айналған Бижамал Рамазанова, Бәтима Сақауова сынды апаларымызбен де қоян-қолтық жұмыс атқарды. Қарақан қамынан ел мүддесін жоғары бағалап өскен апаларымыз оның барлық бастамашылық ұсыныстарын қолдап, ойлаған ойының орындалуына көмектерін көрсетуден, ақыл-кеңес беріп, іскерлікке, тиянақтылыққа баулудан жалыққан емес.

Нәтижесінде, мінез-құлықтары әртүрлі, жас мөлшерінің айырмасына қарамастан Жетісудың үш ару қызы, абзал анасы, ардақты әжесі «туыстан жүріс жақын»  дегендей, бір-бірімен дос болып, еңбек ардагері, қоғам қайраткері атанып, күллі қазақ халқына танылды, қошеметіне бөленді. Бұл айтып отырғанымның асыра дәріптеуден аулақ, шынайы мінездеме екенін Көксу ауданы ғана емес, Талдықорған өңірінің бүкіл қазіргі еңбекшілері қолдайды, қуаттайды, бөле-жармай, бір кісідей біздің Зықаң деп пір тұтады.

Мұның сыры айтпаса да белгілі. Зықаң бір әулеттің емес, үлкен ұжымның көшін бастады. Әркімнің қысылғанда қасынан табылатын жанашыры, қуанышта төрінен көрінер құрметті қонағы, ел  анасы бола білді. Ауыл тұрғындары ол кісіні «мамка» атап кетуі оның қандай ізгі жан болғанын айғақтайды. «Мейірімділік анадан» деген қазақтың қасиетті сөзі бар. Зылиха осы даналыққа лайық жан еді. Табаны күректей 35 жыл бойы Еңбекші ауылын гүлдендіруге бар қажыр-қайратын жұмсады. Оның жүрегі ақтық демі қалғанша ауыл деп соқты.

Жаңа толқын – жастарға үлгі бола білген ірі тұлға, тарих еншісіне енген ХХ ғасырдың батыры – Еңбек Ері, жаңа заманның танымал кәсіпкері Зылиха Жанболатқызы өз ошағында да үлгілі ана, мейірман әже болды. Тоқсанбай ағамыздың адал жары, төрт баланың асыл анасы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп, шөберенің қолынан дәм татып кетті. Өмірінің соңғы демі тоқтағанша елінің келешегін ойлап, заман ағымы жайлы пікір айтып отырды. «Міне, менің жасым жетпістен асса да «Еңбекші» ЖШС басшылығында отырмын. Қимағаннан емес, ана бір жылдары алмағайып уақытта қол ұшын созған азаматтардан алған қарызымды қайтарып болған жоқпын», – деп көзі тірісінде айтқан бір сөзі үлкен жауапкершілікті, жас кәсіпкерлерді қандай болсын қиындыққа төтеп берер тиянақтылыққа, іскерлікке, адамның адами болмысын сипаттап, қадір-қасиетін асқақтататын адалдыққа тәрбиелеп тұрған жоқ па?!

Даналық үлгісі

Халықтың жүрегінен ойып орын алған ұлы тұлғалар жайлы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Олардың саналы ғұмыры, жүріп өткен өмір жолы жас ұрпаққа мәңгі мұра болып сақталатыны анық. Әсіресе, қазақ көгінде күндей жарқырап, нәзік те болса еңбектің ерен үлгісін паш еткен қазақтың қайсар қыздарына деген құрмет бәрінен жоғары  болмақ.

Зылиха Жанболатқызымен отыз жылдай бірге қызмет еттім. Осы уақыт аралығында ол кісінің адам баласына дауыс көтеріп, ауыр сөз айтқанын естіген емеспін. Басшылық қызметте жүріп қарапайым мінезімен көпшілікке өнеге көрсете білді. Қазақтың қара қызы халық үшін аянбай еңбек етті. Халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, рухани кемелденуіне, мәдени дамуына барынша еңбегін сіңірді.

 Күнде таңертең жұмысын ауылдағы бес көшені аралаудан бастайтын. Мұндағы мақсат – халықтың күнделікті тіршілігін көзбен көріп, ауыл тазалығын қадағалау. Көше бойында артық қоқыстың жатқанын қаламайтын. Ауыл халқы да уақыт өте келе мұндай темірдей тәртіпке көндікті. Көшеде ащы суға сылқия тойып алған ауылдастарын көрсе, ер адамша ұрсып, бұл жүрісінің дұрыс еместігін айтып, жөнге салатын. Жас отбасылардың мәселесіне де жаны ауырып, барынша ақыл-кеңесін айтып, шаңырақты шайқалтпаудың жолын қарастыратын. Қысқасы, ауылдың берекесі мен бірлігін айрандай ұйытып, халықтың жақсы өмір сүруі жолында күн демей, түн демей, еңбек еткен тұлғаны халық ешқашан да ұмытпайтыны анық. Бүгінде бұлай қызмет ететін әкім жоқтың қасы. Зылиха Жанболатқызының осындай өнегелі еңбек жолынан бүгінгі жастар үлгі алса деймін. 

Адамгершіліктің ақ туын аласартпаған асыл жан жыл  соңында әр саланың жұмысын қорытындылап, жақсы нәтиже көрсеткен қызметкерлер мен жұмысшыларға өз атынан сыйлық тағайындап, оларды еңбекке талпындыратын. Еңбек адамының еңбегін бірінші елеп-ескеретін. Осындай қамқорлығы мен жанашырлығын сезінген ауыл халқы Зылиха Жанболатқызының бірауыз сөзін жерге тастамай, ерекше құрметтеп, сыйлай білді. Себебі, қазақтың қарапайым ғана отбасынан шыққан қызы барлық құрметке де лайық еді.
Саналы ғұмырын адал еңбекке сарп етіп, бейнеттің зейнетін көрген асыл жан шын мәнінде бақытты ғұмыр кешті. Өйткені, жұмсақ мінезімен, мейірімді жүрегімен мыңдаған тағдырды түзу жолға салғаны әлі күнге дейін ел аузында айтылып жүр. Қиналған талай жанның жанына демеу, көңіліне медет болып, бұл өмірде аяғынан тік тұрып кетуіне көмектесті. Халқым деп соққан жүрегі үнемі даналықтың, парасаттылықтың ерен үлгісін көрсетті. Ортамызда болмаса да, жақсы адамның жарқын бейнесі әрбір жетісулықтың жүрегінде сақтаулы деп ойлаймын.

Таңатар ӘБДІРАХМАНОВ,
Көксу ауданының Құрметті азаматы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасын жариялағанда, жарықтық Зықаң есіме түсті. Жетісудың мақтан тұтар нәзік жаны қылышынан қан тамып тұрған кеңес кезінің өзінде де ұрпақ сабақтастығына мән беріп, ауылдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалуға күш салды. Әсіресе, жастардың бойына отаншылдық рух дарытып, адал еңбек етуге шақырды. Жас мамандарға қолдау білдіріп, олардың тәжірибе жинақтауына, өз саласында аяғынан тұрып, кәсібін меңгеріп кетуіне мол мүмкіншілік жасады. Жастарды бетінен қақпай, болашақтың тұтқасы деп қарады. Міне, Зықаңның осы ұстанымдары қазір де маңыздылығын жойған жоқ. Президентімізден бастап жастарға қолдау көрсетіп, арнайы Жастар жылы жарияланды. Олардың кәсіп ашуына, баспаналы болуына, қызметте мол тәжірибе жинақтауына жеңілдіктер, мүмкіншіліктер қарастырылды. Ал Еріктілер жылында қаншама мұқтаж отбасына қайырымдылық жасалып, бір-біріне көмек көрсетудің маңыздылығы насихатталуда. Бұл да Зықаңның ауылында болған тәжірибе. Ел анасы ауылдағы әрбір тұрғынға, әрбір отбасына қамқорлықпен қарап, бір-біріне көмектесуге, жанашыр болуға, қарайласуға үндеді. Нарықтық экономикаға бейімделе алмай, тұрмыс тауқыметін тартқан қаншама шаңырақты алға сүйреді десеңізші?!

Сол бір қиын-қыстау заманда ауылдар қаңырап, небір сапалы маман иелері қала жағалап, сауда жасап кетті. Сондай сындарлы шақта Зықаңның ауылынан бірде-бір адам сыртқа көшкен жоқ. Керісінше, Зықаң тығырықтан жол тауып, табыс көзін ұйымдастырып, елдің еңсесін тіктеді. Қиындыққа шыдамдылық танытып, береке-бірлікке сызат түсірмеуге тырысты. Зықаң жастайынан әділеттілікті, тәртіпті, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білетін ұйымшылдықты сүйді. Өзі басқарған ауылын да соған үндеп, кейінгі жастарға өшпес өнеге көрсетті.

Зықаң ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, еңбекке баулу, табиғатты таза ұстау мақсатында Көше тойын өткізетін. Мұнда тек көшенің тазалығы ғана емес, бау-бақшаға, әр үйдің ішіне, ауласына да баса назар аударылатын. Мақсат тазалыққа мән беру болғанымен, осы бір шағын шараның өзі ауылдағы ағайынды бір-бірімен жақындастырып, бір-біріне деген қамқорлығын арттыра түсетін. Жасыратын несі бар, мен де Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқара жүріп, аудан тұрғындарын адал еңбекке баулып, ауыл мәртебесін көтеруге жұдырықтай жұмылдыруда Зықаңның осы әдісін өзімше түрлендірдім. Ауыл тойы деген шараны қолға алып, өңірдің өркендеуіне атсалыстым. Осы бір шаралардың арқасында мен жетекшілік еткен аудан облыс көлемінде жаңа бір қырынан көрінді. Мінекей, Зықаңның бір идеясының өзі осындай үлкен нәтижеге алып келетін.

Бүгінде өңірлерде «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» жобалары аясында қаншама игі іс атқарылып жатқанын көзбен көріп жүрміз. Ауылдың дәрежесін көтеріп, инфрақұрылымын дамыту – кезек күттірмейтін іс. Зықаң да ауылдың экономикасы мен құрылыс нысандарына көңіл бөліп, елді мекеннің ажарлы болуына күш салатын. Қайда жүрсе де, ол арыдан ойлайтын, көреген, іскер, ұтқыр ұйымдастырушы еді. Ер атқара алмас небір жауапты жұмыстарды ұршықша иіріп, ұтымды шешім шығарып отыратын. Оның осы бір артықшылығына қайран қалып, ғасырларда бір туатын әйел ғой деп топшылайтынмын. Бүгінде оның жарқын бейнесін ойлаған сайын осы ойымның ақиқаттығына көз жеткізе түсемін.

«Еңбекші» кеңшарына келген алғашқы күннен бері Зылиха Жанболатқызының қасында болған, басшылық қызметте жүрген Таңатар Әбдрахманов есімді азаматтың: «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш айлығын ойламаған еркектен без», – деген үлкендердің ақылынан ауытқымай, талай шаруаны тындырып, талай нәтижеге қолы жеткен адамның бірі едім. Ал Зықаң бесжылдық жоспардың әр тармағын өндірістік-қаржылық жоспарға кіргізіп, бекітумен шектелмейтін. Оны орындау жолын саралап, әрқайсымыздың жауапкершілігімізді анықтап, мүмкіншіліктерімізді пысықтап, келешектің қамын кеңінен ойластырып, маңдай термен келетін толағай табысты бармақ басты, көз қыстыдан аулақ, ысырапсыз жұмсап, шашып-төгуге, талан-таржаға салуға жол бермей, ел игілігіне тиімді пайдалануды мұқият қадағалап, бәрімізді үнемділікке, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа баулып отыратын. Партия талабы солай болған шығар. Дегенмен, біздің Зықаң партия сенімінен гөрі халықтың сенімін жоғары бағалап, өз тағдырын елдің тағдырымен ұштастырып әр әулеттің тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басып отырған адам. Оның басқалардан артықшылығы да осында жатыр», – дегені бар еді.

Иә, айтса айқандай-ақ, ертеректе өзінің тікелей басшылығымен салынған еңселі Мәдениет үйі, жаңа үлгідегі мектеп пен балабақша, екіқабатты сауда орталығы мен емхана ғимараттарының, су құбырының істен шықпай сақталуы, ауыл көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандырылып, бірде-бір тұрғын үйдің қаңырап бос тұрмауының өзін сырт көз осы елдің береке-бірлігі деп санаса, ауыл тұрғындары оны Зықаңның арқасы дейді.

Қандай жақсы пікір десеңші?! Тіпті, өңештен ала келген оңтайландыру саясатына қарамастан Бесқайнар орта мектебінің сақталуы, Әбдібек Дүйсековтің демеушілігімен Кеңарал ауылындағы  Сәндібала Қырықбаева атындағы мектептің бастауыштан сегіз жылдыққа, одан орта мектепке айналуы, соның дәлелі. Мұның сыртында әркім өз қажетін өзі табатын қысыл-таяң күн туғанда, алғашқылардың бірі болып диірмен, наубайхана, шұжық, макарон шығаратын цех салынып, оның өнімдерінен түскен табыс күн сайын тамшылап тұрды. Мұның бәрі күні кешегідей ауыл тұрғындарының жадында.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айғайлайды». Қазақтың осы бір сөзі қандай мағыналы еді десеңізші?! Зықаңның бұл пәнимен қоштасқанына да он жыл өте шығыпты-ау. Жадырасып жүрген, қызу еңбектің көрігін қыздырған қызықты шақ кеше ғана сияқты еді. Уақыттың тегершігі адамның ырқына бағынбайды. Ары-беріден соң санаңды да өзіне бағындырып, өткен күнді ұмыттыруға тырысады. Бірақ Зықаңдай ел аналары ешқашан халық жадынан өшпейді. Өйткені, ол қазақ әйелінің қандай болатынын өзінің ерен еңбегімен паш етіп кетті. Көне тарихтан сыр тарқатсақ, Тұмар патша, Ұмай ана, Домалақ ана, Бопай, Айғаным, Зере, Әлия мен Мәншүк, Ләззаттардың көшіне Зылихадай ел анасының есімі де қосылғаны еш дау тудырмаса керек.

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы

Қатысты жаңалықтар

Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауы әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан өтінім қабылдауды бастады

Astana AI Film Festival халықаралық AI-фильмдер байқауы әлемнің түкпір-түкпіріндегі креаторлардан өтінім қабылдауды бастады

25.05.2026
Жетісуда 14-17 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация басталды

Жетісуда 14-17 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация басталды

25.05.2026
15603 әскери бөлімінде мерзімді қызмет сарбаздарын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті

15603 әскери бөлімінде мерзімді қызмет сарбаздарын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті

25.05.2026
«Жетісудың» капитаны Ұлттық құрамаға шақырту алды

«Жетісудың» капитаны Ұлттық құрамаға шақырту алды

25.05.2026
Көлік нөмірі мен жүргізуші куәлігін алудың жаңа ережесі күшіне енді

Көлік нөмірі мен жүргізуші куәлігін алудың жаңа ережесі күшіне енді

25.05.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.