Елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жүйелі түрде жүргізудің нәтижесінде Жетісу жеріндегі діни ахуал тұрақтанып, мемлекетімізде қалыптасқан тыныштықтың тамыры тереңдей түсті. Бұл тұрғыда облыстық дін істері басқармасына қарасты «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» ауқымды жұмыс атқарып отырғандығын айтуға тиіспіз.
Жалпы, діни экстремизмнің құрбандары мен деструктивті діни ағым ұстанушыларға теологиялық, психологиялық, құқықтық және практикалық көмек көрсетумен айналысатын орталық мамандарының оңды істерінің нәтижесінде аймақта діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл қарқынды түрде жүргізілуде. Күллі әлем жұртшылығын алаңдатқан төтенше жағдай, карантиннің өзін тиімді пайдаланған оңалту орталығының мамандары елімізге белгілі дін ғалымдарымен онлайн кездесу өткізіп, дін саласындағы аса өзекті мәселелерді талқылады. Бұл жұртшылықтың діни білімін арттыруға септігін тигізер қадамдардың бірі.
Мысалы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты ғұламалар кеңесінің мүшесі, теолог, исламтанушы Ерсін Әміремен болған сұхбат көпшіліктің көңілінен шықты. Оны тікелей байланыс кезінде қойылған сұрақтар мен аудитория санынан байқадық. Еліміздің мұсылмандары ұстанатын Ханафи мәзһабының ерекшелігі, дінге қатысты тақырыптарды сол саланың мамандарынан сұрап білудің қажеттілігі, ғаламтордан діни білім алудың зардабы сынды мәселелерге тоқталған Ерсін Әміре:
– Иә, қазір жоқтың бәрін «гуглдан» іздейтін заман болды ғой. Мәселен, біздің қандастарымыз дінге қатысты өзіне қажетті бір мәліметті іздегенде, оның қазақ екенін, Қазақстанда Әбу Ханифа мазхабын ұстанатынын гугл ескертіп, оған қажеттісін сараптап, саралап, шығармайды ғой. Іздегеніне қатысы бар мәліметтің бәрін жайып салады, – деп бүкіләлемдік интернет желісінің екшеу, іріктеу қызметі жоқтығын ескертіп өтті. – Оның ішінде жат ағымдарға тиесілі интернет порталдар міндетті түрде ұсынылады. Өкінішке қарай, осындай дүниелерді білместікпен оқып, адасып жүрген адамдар жетерлік. Олардың дені әлгіндегідей сайттардың түпкі көздеген мақсатына мән бермей, осындай күйге түскендерін өздері де білмей қалып жатады. Сондықтан, дін мәселесінде ел тұрғындары өздерін алаңдатқан сауалдар бойынша жергілікті жерде орналасқан мешіт имамдарының, діни басқарма қызметкерлерінің көмегіне сүйенуі керек. Сонымен қатар, елімізде арнайы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының пәтуа бөлімі жұмыс істейтіндігін ескеруіміз керек. Еліміздің әрбір аймағындағы діни басқармаларда 24 сағат бойы халыққа қызмет көрсететін сенім телефондары жұмыс істейді. Сондықтан қандай мәселеге келгенде де арнайы мамандардың кеңесіне құлақ асуымыз керек.
Міне, көпшілігіміз үшін аса қажетті тәртіптерді ұғындырған дін маманы еліміздің тыныштығын, тұрақтылығын, бейбітшілігін бұзуды қалайтын діни лаңкестіктің алдын алудың жолдарын нақты көрсетіп өтті. Себебі, діни лаңкестік пен террорлық әрекетті тек жастарға дұрыс тәрбие беру арқылы ғана тоқтатуға болатындығын өмірлік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан дінге, рухани білімге құштарлығы оянған әрбір жан кәсіби білікті маманның ақыл-кеңесіне жүгінгені жөн деп білемін.
Ерлан МАТАЕВ,
облыстық дін істері
басқармасы «Діни
экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым
ұстанушыларын оңалту орталығының» бөлім
басшысы




