Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр сала қызметкерлері жастарды тәрбиелеу бағытында аянбай еңбек етуде. Біз мәдениет қызметкерлері де жастармен тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Оларды елжандылыққа тәрбиелеудің маңызы зор. Болашақ ісі – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жақында Ащыбұлақ ауылында М. Мәметова атындағы мектеп оқушыларымен «Рухани жаңғыру: болашақтың кепілі» атты «дөңгелек үстел» өткізілді. Онда қыз-жігіттерге ұлттық тәрбие төңірегінде кеңінен насихат айтылып, бағыт-бағдар берілді. Рухты оятатын тарихи оқиғалар айтылды. Басқосуға жиналғандар ел мен жерді сүю жайлы өз ойымен бөлісті. Қасиетті орындарды қорғау, табиғатты аялау да ел мен жерге деген сүйіспеншілік екені айтылды. Туған өлке жайлы өлең оқылып, жазылар мақалалардың тақырыбы таңдалды.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, мәдениет, дәстүр, өмір салтымызды ұрпақтың санасына сіңіру ұлттық болмысымызды сақтап қалатын іс. Бұл бағдарлама өзектілігін жоймайды. Еңсесі биік егемен еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында. Жас шыбықты қалай ексең солай тамырланады. Мәуелі ағаш болу үшін тамырға нәр керек. Жеткіншек ұрпақтың ой-өрісі өсу үшін жан-жақты тәрбиеленуі тиіс. Ендеше өміршең шара ары қарай да жалғасын таба береді.
Фариза КУЛЕТОВА,
Ащыбұлақ ауылдық клубының
меңгерушісі
Ақсу ауданы




