Еліміздегі төтенше жағдай ешкімді бейжай қалдырмайды. Еңбекшіқазақ ауданында да коронавирус індетімен күреске арналған штаб құрылып, сақтық шаралары барынша күшейтілді. Соның жай-күйін білмек болып хабарласқанамызда, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Бақберген сұрақтарымызға жауап берді.
– Аталған штаб жұмысына аудан әкімі Бинәлі Ысқақтың өзі жетекшілік етеді. Жағдай сәт сайын бақыланып, сараптамадан өткізілуде. Әзірліктердің барысы жіті пысықталып отырады. Бұл жерде босаңсуға болмайтынын бәрі біледі. Өйткені бір адамның өзін көпшіліктен бөліп қарай алмайсың. Ауданның әрбір тұрғыны осы жауапкершілікті жете сезінсе дейміз.
Осындай мақсаттарда түсінік жұмыстарын жүргізіп жатқан жай бар. Жергілікті ақпарат құралдары бұған белсене қатысуда. Әлеуметтік желілерді пайдаланудамыз. Парақшалар тарату арқылы да насихат аясын кеңейте түстік. Мамандардың пікірлерін түрлі әдістер бойынша аудан тұрғындарына жеткізіп келеміз. Тіпті дыбыс күшейткіштер арқылы да хабарламалар жасауды қолға алдық.
Ауданның медициналық мекемелерінде, күштік құрылым қызметкерлері мен әскери бөлімдерде семинарлық оқыту сабақтары үздіксіз ұйымдастырылуда. Аудан аумағына басқа өңірлерден келген қонақтар түгенделіп, олардың денсаулықтары мұқият тексерілуде. Осының бәрі қауіпті індеттен алдын ала сақтанудың шаралары.
Енді профилактикалық дезинфекциялау жұмыстарына тоқтала кетейік. Халық көп жиналатын орындардың бәрін залалсыздандырып жатырмыз. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, ірі сауда орындары, пошта мен банктер басты назарда. Аудан көлемінде бетперделердің қоры жеткілікті.
Аудан әкімдігі, арнаулы штабтың белсене жұмыс істегеніне қарамастан бәрі жеке адамдардың түсінік-пайымына байланысты. Олар төтенше жағдайдың мәнін терең ұғынулары тиіс. Үрейге берілмей, салғыртыққа салынбай ұжымдасып қимылдасақ бұдан да аман-есен өтеміз, – деді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Бақберген.
Ақпаратты редакцияға жолдар кезде аудан аумағында бір адамнан коронавирус инфекциясы анықталғанын естідік. Облыстық баспасөз қызметінің хабарлауынша ауырған адам Өзбекстанға қыдырып барып, тойға қатысқан екен. Аудан аумағындағы санитарлық бекет дәрігерлерінің тексеруі негізінде вирус жұқтыру дерегі дәлелденіп, онымен бірге болған 14 адам дереу карантинге алынды. Ал науқастың өзі Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды.
Болат МӘЖИТ





