Мемлекет басшысы республикалық тамыз кеңесінде «Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» деп атап өтті. Шындығында да білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де ұстаз. Жас ұрпақ тәрбиесі үлкен жауапкершілік жүктейді. Оған сіңірер ұстаздар еңбегі де өлшеусіз. Көк құрақтай көз қуантып өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәрбиелейтін ұстаздар «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен облыстық дәстүрлі тамыз кеңесінде бас қосты. Аймақ басшысы Бейбіт ИСАБАЕВ қатысқан жиында жаңа әдістемелер мен нақты бағдарламалардың маңыздылығы, мәнділігі талқыланып, жаңа оқу жылында атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында өрнек тапқан кеңес барысында Бейбіт Өксікбайұлы алдымен өнер ордасының файесіндегі цифрлық көрмені тамашалады. Ментор, оқушының білім деңгейін тексеру, мектептерге арналған кәсіби бағдар беруші, «Фаворит» ақпараттық жүйесінде қаржыны бақылау, пәндік кабинеттерді жабдықтау жобаларын жетекшілері таныстырып, бағдарламалардың тиімді мүмкіндіктеріне тоқталды. Солардың бірі – Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Жансерке Рақымберлі.
– Білім ордасында «жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «ұшқышсыз ұшу операторы» мамандығы ашылды. Жаңа оқу жылынан бастап білімгерлер қабылдаймыз. Бұл мамандықты оқыған студенттер дронның қалай құралатынын және өздері құрылғымен жұмыс істеп үйренеді, – деді ол.
Негізгі бөлімде алғашқы болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов «2024-2025 оқу жылының қорытындылары және алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттер» тақырыбында баяндама жасады.
– Білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы балабақшадан басталады. Аймақта мектепке дейінгі білім берумен 40668 бала қамтылуда. Облыс бойынша білім сапасы 64,8 пайызды құрады. Биыл 7893 түлектің 6371-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Орташа балл 84,4 пайызды құрады. Жалпы түлектердің 87,5 пайызы жоғары оқу орындарына түсті. 3313 оқушы мемлекеттік грантпен білім алуда. 462 Алтын белгі иегерінің 388-і мемлекеттік грант иегері атанды. Тест тапсырған Алтын белгі иегерлерінің 17-і 130-дан жоғары балл жинаса, 263-і 130-100 балл алды. Қалған 155-і 100-ден төмен балл жинады. Өкінішке қарай ҰБТ қорытындысы бойынша білім сапасы төмен болып тұр. Білім сапасын жақсарту үшін мектепішілік бақылауды күшейту қажет, – дей келе жаңа оқу жылында баса назар аударатын бағыттардың бірі – білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу керектігін, ол үшін педагогтарға бар жағдай жасалғанын жеткізді. Сонымен қатар басқарма басшысы халықаралық, республикалық олимпиада мен байқауларда жеңімпаз болған оқушыларды дайындаған мұғалімдердің еселі еңбегіне тоқталды. Атап айтсақ, өткен оқу жылында пән олимпиадасының республикалық кезең мен халықаралық зияткерлік жарыстарда 73 оқушы жеңімпаз атанып, 13 алтын, 18 күміс, 42 қола медаль жеңіп алды.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова:
– Тәрбие мен білім берудің маңызын айқындайтын бұл басқосу өткенді саралап, келешекке нақты қадам жасайтын маңызды қадам. Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Астанада өткен республикалық тамыз кеңесіне қатысып, білім саласындағы маңызды мәселелерге тоқталып, нақты 5 міндетті айқындады. Президент білім сапасын жақсарту, «Адал азамат біртұтас тәрбие» бағдарламасын жоғары деңгейде іске асыру, өскелең ұрпақтың санасына заң мен тәртіп қағидасын түсіндіру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні енгізу, ұстаз құқығын қорғау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау ортақ борышымыз, – деп республика бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндады.
Осыдан кейін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығының директоры Дулат Аманжолов «Жаңа оқу жылының басым бағыттары және ЖИ енгізудің тұжырымдамасы» тақырыбында сөз сөйледі.
– Білім беру сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, білім алушыларды педагогикалық психологиялық сүйемелдеу, ұстаздардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету міндеттері тұр. Аталған міндеттерді іске асыру бағытында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік нұсқаулыққа сіздерге оқу-тәрбие жүйесін тиімді ұйымдастыруда көмекші құрал болады деп сенеміз, – дей келе алдағы оқу жылында білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Оның айтуынша, оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 33 оқу аптасын, 2-11-сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды. Мектепке дейінгі бастауыш білім беру бағдарламалардың сабақтастығын қамтамасыз ету жоспары сапалы қолжетімді білім беру үшін заманауи форматтағы «келешек мектептері» жобасы еліміздің 17 аймағында 5022 ауыл мектебінің әлеуетін дамыту бойынша жүзеге асырылуда. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мыңға жуық бейіндік сыныптар құрылды. Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізілді.
Жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, жаңа бағыттағы жоба-жоспарлар талқыланған ұстаздардың конференциясын облыс әкімі Бейбіт Исабаев қорытындылады.
– Өркениетті, озық ел боламыз десек, ең алдымен ұстаздарға қолайлы жағдай жасап, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жетісу облысы құрылғалы үш жыл ішінде білім саласы үнемі басты назарда болды. Осы жылдары білім саласына бөлінген қаражат артып, облыс бюджетінің 36%-ын құрады. 20 жаңа білім нысаны ашылды, 22 нысан күрделі жөндеуден өтті. «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында былтыр Жаркент қаласында 1200 орынды мектеп ғимараты қолданысқа берілді. Биыл жаңа оқу жылында Достық ауылында 600 орынды мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар қосымша 6 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде, оның үшеуінің құрылысы биыл, қалған үшеуі 2026 жылы аяқталады. Қазіргі таңда 11 мыңнан астам ұстазға үстемеақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасына 34 педагог қатысып, 21-і мектеп директоры болып тағайындалды. Еңбек нарығының қажеттілігіне қарай сұранысқа ие мамандықтарға соңғы 3 жылда жергілікті бюджеттен 300-ден астам білім беру гранты бөлінсе, оның 104-і педагогикалық мамандыққа берілді. Өңірде кадрлар тапшылығын жою мақсатында 2023 жылы Үштөбе қаласында 100 орынды гуманитарлық колледж ашылды. Бүгінгі күні колледж 4 мамандық бойынша кадрлар әзірлеуде. Оқушыларымыздың халықаралық, республикалық деңгейде жақсы нәтиже көрсетіп жүргені жоғары білікті педагогтеріміздің еңбегінің нәтижесі. Соңғы жылдары халықаралық олимпиада мен ғылыми конкурстарға 243 оқушымыз қатысып, 43 алтын, 60 күміс, 140 қола медаль иеленді, – деген Бейбіт Өксікбайұлы мұның бәрі ұстаздардың біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты екенін атап өтті.
Аймақ басшысы қорытынды сөзінде білім басқармасының басшысына бұл басқосу жалпы көрсеткіштер мен жетістіктер ғана емес, күрмеуі ортақ мәселелер айтылатын жер екенін ескертіп, білім саласындағы өзекті мәселелерді, Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында білім саласының дамуына серпін беретін нақты 5 міндетті де ерекше атап өтті.
Президентіміз тапсырған алғашқы міндет білім сапасын жақсарту. Бұл жөнінде аймақ басшысы педагогтердің пәндік құзыреттілігін жетілдіру, біліктілігін арттыру бойынша өңірлік бағдарлама әзірлеу, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, ауыл мектебінің әлеуетін дамыту бойынша «Ауыл мектебі сапа алаңы» жобасын іске асыру, білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыруды мықтап қолға алып, нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Айта кетейік, облыста 3 мыңнан астам педагог пәндік құзыреттілігін жетілдіру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Дегенмен, жаратылыстану-математика бағытында тест тапсырған педагогтердің 50%-ы біліктіліктерін дәлелдей алмады. Бұл мәселеге алаңдаушылық танытқан облыс әкімі білім басқармасына аталған мәселені бақылауға алып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлескен курстан кейінгі әдістемелік қолдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Тағы бір маңызды міндеттің бірі – қала мен ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіру. Соңғы 3 жылда 232 ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жарақтандырылыпты. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаспақ. Алайда білім сапасындағы орташа көрсеткіш көңіл көншітпей тұр. Мәселен, Ақсу ауданындағы Б. Сырттанов мектебі (56,8%), Қаратал ауданындағы М. Горький (57,6%) мен Н. Алдабергенов орта мектептері (60,8%), Көксу ауданы Алғабас ауылының мектебі (60,8%) орташа білім сапасынан төмен көрсеткіш көрсеткен. Бұл мәселені назарға алған облыс әкімі жауапты мамандарға нақты тапсырма жүктеді.
Мемлекет басшысы тапсырған ІІ міндет Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Осыған орай биыл облысымызда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағдарламаны барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады. Бүгінгі таңда осы жобаны енгізу бойынша педагогтерді каскадты оқыту жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан әрбір ата-ана мектеп жанындағы «Ата-аналарды қолдау орталығымен» тығыз байланыста болуы маңызды. Бұл мәселе бойынша аймақ басшысы әрбір білім беру ұйымы біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыруда үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық орнатуы қажеттігін, білім басқармасы аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізіп, оларды жүзеге асыру механизмдерін анықтауы керектігін жүктеді.
Мемлекет басшысы тамыз конференциясында өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды екенін атап өтті. Аталған міндетті іске асыру бойынша облыста барлық балалар мен жасөспірімдер қозғалысын жандандыру, ауылдық мектептерді мәдени-ағарту кешендеріне (комьюнити-орталықтарға) трансформациялау қажет екені сөз болды. Соңғы 2 жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін бірқатар нақты шаралар қабылданған. 108 мектепте әдеп-құқық жұмыс жөніндегі ментор штаты енгізілсе, облыста психологиялық қолдау орталығы ашылды. Барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды. Өткен оқу жылында балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «ДосболLIKE» бағдарламасы облыстың 5 білім беру ұйымында (Талдықорған қаласы №6, №14, №25 орта мектептері, Көксу ауданы Жетіжал, Мұсабек орта мектептері) пилоттық режимде іске асты. Биыл аталған бағдарлама мектептер мен колледждерде іске қосылады.
Аймақ басшысы жете көңіл бөліп, қадағалауды қажет ететін тағы бір мәселе – балалардың сапалы тамақтануына бақылау жүргізу екенін басты назарға алды. Тамақтану мәзірінде денсаулыққа пайдалы, жергілікті жеміс-жидек, көкөністерді пайдалануды ұсынды. Осыған орай, аудан, қала әкімдері, білім, денсаулық сақтау басқармалары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қоғам белсенділерін қатыстыра отырып, білім беру ұйымдарындағы тамақтың сапасын бақылауды тапсырды.
Жиында Мемлекет басшысының цифрлық технологияны дамыту, жасанды интеллекті енгізу тапсырмасы да кеңінен талқыланды. 2025 жылы 954 миллион теңгеге 70 заманауи кабинет сатып алу жоспарлануда.
Өңірде білім беру саласында өзекті мәселелер аз емес. Педагог кадрлардың тапшылығы бойынша талдаудың жоқтығынан білім беру ұйымдарында 23 басшы лауазымының, 51 педагогтің орны бос тұр. Облыста білім беру ұйымдарында біліктілік санаты бар «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші» ұстаздар да аз. Аталған мәселе бойынша облыс басшысы аудан, қала әкімдері мен білім басқармасына кадр тапшылығын түпкілікті шешуді тапсырды. Сондай-ақ, облыстық құрылыс басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және төтенше жағдайлар департаменттеріне білім беру нысандары құрылысының сапасы мен жұмыстарының аяқталуын бақылауға алуды, құрылысы аяқталған нысандарды білім басқармасының теңгеріміне беру құжаттарын рәсімдеуді бақылауға алып, уақытында жүзеге асыруды жүктеді.
– Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы мұғалімдердің мәртебесіне айрықша назар аударды. Ұстаздар өз міндеттеріне жатпайтын артық жұмыстардан босатылып, мектептен тыс жерде оқыс оқиға болса, оған мұғалімнің жауапты емес екендігін, ұстаздардың құқығын қорғау үшін «Педагог мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер енгізу қажеттілігіне мән берді. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру. Өңірімізде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына 6 педагог ие болды. Олардың арасында күні кеше ғана Президент қолынан марапат алған Қаратал ауданының мектеп директоры Ләззат Испанова да бар. Ізгіліктің нәрін егіп, өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстаздарымыз бүгін осы залда отыр. Сіздердің біліктіліктеріңіз бен тәжірбиелеріңіз біз үшін аса құнды. Сондықтан сіздерді де бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуға шақырамыз, – деген Бейбіт Исабаев өз ісін абыроймен атқарып жүрген ұлағатты ұстаздарды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.
Айдар ҚАЛИЕВ





