Талдықорған: +15°C
$ 462.91
€ 542.16
₽ 6.16
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

Ескелді ауданы: кадр қадірді қашырып тұр

Сенім мен сылтау. Еш туыстығы жоқ, түпкі мәні тіптен бөлек сөздер. Дейтұрғанмен, ақжағалылардың жиі қолданатын қос ұғымы бұл. Онда да «Халық сенімінен шығу, қарекетке сылтауды серік етпеу» сынды ұрандар төңірегінде. Қалай дегенмен данышпан қазақ: «Әкім бол, халқыңа жақын бол» тәмсілін тегін айтпаса керек. Бұқараға мемлекеттік қызметшінің екі бүйрегі де бұрып тұруы тиіс. Бұл салада нан тапқан да, жан баққан да халықтың қызметшісі екенін жадында ұстағаны абзал. Қандай қадам басса да, қандай қарекетке барса да елге пайда әкеледі, не зиянын тигізеді. Ал зиянын тигізбеуі үшін тиімді жұмыс, оңтайлы жоспар қажет. Бастысы, халықты биліктен биік еткен Ата Заң алдындағы антына адал болуы тиіс. Халық сенімін ақтау міндет. Кейде сенімді сылтау қайраңда қалған қайықтай шайып түсетіні бар. Сылтаудың сылтып басқан мәстектей жарқын болашаққа бастамасын білсе де, арамызда осынау ұғымды жанына серік еткендер табылады. Кейде қаптап жүргендей. Апта ортасында Ескелді ауданының халқымен кездескен облыс әкімі Бейбіт Исабаев атын атап, түсін түстеп те берді. Аймақ басшысы кездесуде жергілікті әкімдіктің сенімнен гөрі сылтауға көп иек артатынын, жалған жоспар, құрғақ шөппен ауыз сүртіп, нақ істен бітпес уәдеге, қарекеттен гөрі жалаң сөзге бейім екенін бірнеше мәрте дәйектеп берді. Бәлки, Ескелді ауданының, Бейбіт Өксікбайұлының айтуынша, 1,5 жылдың ішінде шатқаяқтап кетуіне сол сылтау да сеп шығар?!

13.09.2025
КҮЛТӨБЕ
Ескелді ауданы: кадр қадірді қашырып тұр

Жұмабай Мұсабеков

WhatsAppTelegramFacebook

Сағындырған саябақта саялар күн жақын

Аудандық әкімдіктің жалаң сөз, жалған жоспарын айғақтамас бұрын мұндағы сиырқұйымшақтыққа салынған мәселелердің шешілу барысымен танысты. Облыс әкімі айтпақшы, бірнеше жыл жергілікті атқамінерлер шешуге қауқарсыз, бәлки, құлықсыз болған түйткілдің қатарында Қарабұлақ ауылындағы ұзындығы шақырымнан асатын саябақ көптің күткен қуанышы. Өйткені аудан орталығында саялайтын орын аз, балалар асыр салар алаңқайлар жоқтың қасы. Құрылысы басталғанда сүйсіндірген орталық саябақ біраз жыл аудан тұрғындарын күйіндіріп жүрді. Күйінбегенде ше? Іргесі қаланбай реңі қашқан бұл нысанға бюджет қоржынынан қомақты қаржы бөлінді. Алайда қалтасын қомпайтқан кәсіпкер жөніне қайқайды. Мұны жергілікті әкімдік байқайды, тек қана басын шайқайды. Аймақ басшысы айтқандай, облыс әкімдігі табандап араласпағанда мәселе шешілмес еді оңтайлы. Өйткені Ескелді ауданы әкімдігінің қам-қарекеті: «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын!» дегенге жетелейді. Сот үкімімен жауапсыз деп танылған мердігердің жұмысын «OTERMA 2022» серіктестігі жалғастыруда. Мекеме басшысы Сағит Әлібековтың айтуынша, жанданған құрылыс жұмыстарының басталғанына 1,5 ай ғана болған. Кезінде «сақалды» құрылысқа айналған саябақ қазір 70 пайызға даяр, 2 айда қоғамдық орын тұрғындар игілігіне пайдалануға берілмек. Ол үшін нысан басында 50 адам және 7 техника жұмыс жүргізуде. Тұралаған саябақты толық аяқтауға бюджеттен 400 млн. теңге шамасында қаражат бөлінген. Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы жаңа мердігердің жұмысына оң бағасын беріп, түйткілдің тіні тарқағанына ризашылығын білдірді.

Мұнан соң аймақ басшысы жуырда ғана қайта жаңғыртудан өткен Қарабұлақ орта мектебіне бас сұқты. Заман талабына сай жаңаланған мектеп алыстан көз тартады. Ол үшін қаржы қоржынынан 842 млн. теңге қаралған еді. Құрылыс жұмыстарын «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС жүргізген. Серіктестік басшысы Қайрат Кереев жаңа оқу жылына ғимаратты пайдалануға бергенмен көркейту-көгалдандыру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатқанын жеткізді. Талапқа сай жөндеуден өткен білім ұясын аралаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев серіктестік басшысына алғаусыз алғысын жеткізді.

Қос нысанды аралағаннан кейін Бейбіт Өксікбайұлы аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Көтерілген мәселелер заң шеңберінде шешімін табатын  болады.

Өңір әлеуеті артқан

Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуге тұрғындар көп келіпті. Облыс әкімі есепті жиынның басында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндады. Өңір өз алдына шаңырақ көтергеннен бері 1,2 трлн. теңге инвестиция тартылған. Мұндай қомақты қаржылық әлеуеттің негізінде 135 жоба іске асырылған. 2024 жылдың өзінде 15 өндіріс орны іргесін қалап, 2 кәсіпорын кеңейтілген. Ал, биыл жалпы құны 89 млрд. теңге болатын 53 жоба қолға алынған. Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының «Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту» бастамасы негізінде өңір халқының қолайлы өмір сүруі үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазір тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігі 58,2 пайызға жетіп, табиғи газды 404 мың тұрғын тұтынуда. Жыл соңына дейін Панфилов – Кербұлақ – Талдықорған аралығындағы 42 елді мекен газ желісіне қосылады. Сонда көрсеткіш 71,4 пайызға жетпек.

Құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан Талдықорған – Үшарал магистральді газ құбыры пайдалануға беріліп, 2027 жылы Ақсу, Сарқан және Алакөл ауданындағы 84 елді мекен газ желісіне қосылып, көрсеткіш 92 пайызға жетеді. Жалпы, 2022 жылы облыстағы барлық деңгейдегі жолдың 91 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде еді. Өткен 3 жылда Талдықорған – Үш-арал және Үшарал – Достық республикалық маңыздағы 498 шақырым жол жаңғыртылды. Сарыөзек – Қорғас бағытындағы жол құрылысы биыл аяқталады. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда 193 облыстық маңыздағы жол және 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделген. Биыл 330 шақырым жол жаңғыртылған. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңыздағы жолдардың жағдайы 100 пайызға жақсарған. Соңғы үш жылда өндіріс өрісті, кәсібі келісті, жолы жайлы, тұрмысы қолайлы болған өңірде ауыз толтырып айтар тірлік көп. Дейтұрғанмен, аймақ басшысы Талдықорған – Алматы бағытындағы жолдың жыл сайын сапасы төмендеп бара жатқанын да жасырмады. Айтуынша, 2-3 жылда бұл жол да жаңғыртудан өтпек.

Жер мәселесі жеңіл қаралмауы тиіс

Ескелді ауданының тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығына байлаулы. Былтыр мұнда 43 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Биыл жыл басынан бергі көрсеткіш 17,2 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Саладағы өнімділікті арттыру үшін аудан шаруаларын әлеуеттендіру мақсатында мемлекет тарапынан қолдау жағы артып келеді. Биылдың өзінде мұндағы кәсіпкерлер 888 млн. теңгеге 56 ауыл шаруашылық техника алған. Алайда салада өндірілген өнімді қайта өңдеу жайы кемшін. Облыс басшысы аудан әкімі Елдос Ахметовке тиісті басқармалармен бірлесіп, жүйелі жоспар жасақтап, қайта өңдеу саласын жандандыруды, шағын зауыт және цехтар ашуды қолға алуды, шағын шаруашылықтарды бірлесіп ортақ өнім өңдеу кешендерін қалыптастыруға септесуді тапсырды.

Жерден нәпақа терген шаруалар үшін су мәселесі аса өзекті. Жыл сайын су тапшылығы диқандардың апшысын қуырып жүр. Оңтайлы жобалар жасақтау – уақыт талабы. Бейбіт Өксікбайұлы «Бәйбіше» каналын жаңғырту және Балықты өзеніне су қоймасын салу жобалары жүзеге асатынын жеткізді. Дегенмен, ғылыми технологияның игілігін пайдалану да күн тәртібінен түспейтін мәселе. Биыл ауданда су үнемдеу құрылғыларын игеру ауқымды жүргізіліп, 4900 гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі қолданылуы тиіс болған. Әкімдік бекіткен меже һәм жоспар 50 пайызға да жетпегенін айтып қынжылды облыс әкімі. Бар-жоғы заманауи әдіс 1700 гектарға ғана қолданылған. Бейбіт Исабаев аудан әкіміне межеленген жоспарды орындауды, құрғақ уәде мен құр сөзді доғаруды нығырлады.

– Ескелді ауданында жер мәселесі аса өзекті. Соңғы үш жылда 30 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сол жерді қайта айналымға қосу қарқынды. Биылға дейін 21 мың гектар жер айналымға алынды. Оның ішінде 5 мың гектары конкурс арқылы, 16 мың гектары ауылдық округтерге қоғамдық жайылым үшін. Ал, жыл басынан 1,8 мың гектар жер қайта айналымға қосылса, жыл соңына дейін 1 мың гектар жерге конкурс өтеді. Дейтұрғанмен, ауданда пайдаланылмаған жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары кенжелеп отыр. Жылдық меже 7 мың гектар болса, аудан әкімдігі қол жеткізген көрсеткіш 3,7 мың гектар ғана. Былтыр Ақын Сара ауылдық округінде көтерілген жер дауы жергілікті әкімдікке сабақ болмаған сыңайлы. Өтірік есеп пен жалған жоспар еш нәтиже бермейді. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Ә. Жақанбаевқа аудан әкімдігінің пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды экономикалық айналымға қосу жұмыстарын саралауды тапсырамын. Себебі, облыстық меже бойынша өңірде 90 мың гектар қайтарылуы керек болса, 92 мың гектар қайтарылды. Тек Ескелді ауданы ғана межеге жете алмай отыр, – деді Бейбіт Исабаев.

«Сақалды» құрылыстар салғырттықтан туындайды

Ескелді ауданында «сақалды» құрылыс баршылық. Баршылық емес, шектен тыс көп. Жоғарыда айтқанымыздай, әзірге соның біреуі шешімін тауып тұр. Саябақта ескелділіктер саялар күн жақын. Дегенмен, жосықсыз һәм жауапсыз мердігердің себебінен Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйі де сиырқұйымшақ күйде. 2020 жылы жаңғырту жұмысы басталған рухани ошақтың әлі күнге сахнасында әуелетіп ән шырқалмады, күмбірлетіп күй шертілмеді. Пысықай мердігер мемлекет қаржысын талан-таражға салды. Аймақ басшысы Бейбіт Исабаев жіті назарында ұстаған мәселені шешуге аудан әкімі Елдос Тұрсынбай- ұлы бірнеше мәрте уәде берген. Бірақ, мәселені шешуде жергілікті атқамінерлерде тасбақа аяң да, қарекет те жоқ. Аудан әкімі бұл мәселеге уәдені үйіп-төгіп бергенімен істі алға жылжыта алмағаны үшін сөгіс те алған. Одан да іс өнбеген. Есесіне, облыстық әкімдіктің тарапынан сотқа шағым түсіріліп, жауапсыз мердігердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бейбіт Исабаев кінәлілер заң үстемдік құрған мемлекетте қатаң жауапқа тартылатынын жеткізді һәм аудан әкіміне құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды және сапаға мән беруді жүктеді.

Тұралаған құрылыс мұнымен шектелмейді. Аудандық әкімдік 2021 жылы Сырымбет ауылы мен Ақтұма елді мекенінде ауызсу желісін салуды жоспарлайды. «Резеңке емес» бюджеттен сол кезде біреуіне 276,7 млн. теңге, екіншісіне 80 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Мердігер анықталып, желі тарту жұмыстары басталады. Алайда, Қарабұлақ ауылындағы орталық саябақтың құрылысын еншілеген «Монолит» ЖШС қос ауылды ауызсуға қарық қылмады. Желі тарту жылдар бойы жүзеге аспайды. Қауқарсыз тірлікке облыс әкімдігі араласып, қосымша қаржы бөлінеді.

– Аудан әкімінің, әкімнің салаға жауапты орынбасарының тарапынан бақылау болмаған соң осындай мәселе туындап отыр. Тіпті, мәселені жауаптылар шешуге де тырыспады. Осы салаға жауапты әкім орынбасары Болат Тулақбаевтың жұмысына берер баға өте төмен. Құрылыс саласында да, инфрақұрылым жағынан да аудан ақсап тұр. Демек, аудан әкімі жауапты орынбасарларына қатысты оңтайлы шешім шығаруы керек. Бақтыбай ауылының 44 тұрғынынан «Омар Сервис» мекемесі газ желісіне қосып беруге ақы алып, 16 млн. теңгесін қолды қылғанда да әкім орынбасары мәселені шешуге тырыспады. Тіпті, «бұл мәселе құзыретіме кірмейді» деп байбалам да салды. Шын мәнінде жауаптылардың «жауапсыздығы» тұрғындарды әбігерге салды. Мұндай әрекеттер шын мәнінде халық қызметшісіне тән емес. Сонда халықтың жағдайын кім ойлайды? Алдағы уақытта мұндай жағдайлар орын алмауы үшін аудан әкімдігі халықпен тығыз жұмыс істеп, көтерілген мәселелерге назар аударып, тиісті шараларды шұғыл қабылдауы тиіс, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Аймақ басшысы жауаптылардың құлықсыздығы ауданда жүйелі мәселелердің туындауына әсер етіп жатқанын жасырмады. Елді мекендерде қоқыстың уақытында шығарылмауына, ауылдардағы тазалық мәселесіне қатысты облыс әкімдігіне жиі шағым түседі. Бұл жағдайды да жергілікті әкімдік назарынан шығарып алған сыңайлы.

Айтылды – орындалды

2024 жылы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде 2 мәселе көтерілді. Бүгінде аталмыш мәселелер толығымен шешімін тапты.

Гүлнұр Баймұхан Көкжазық ауылына баратын жол мен газ тарту жайында өтініш білдірген. Жол жөндеу жұмыстары алдағы қазан айында аяқталады. Құрылыс жұмыстарын «Гордорстрой» ЖШС жүргізуде. Ол үшін бюджет қоржынынан 1 млрд. теңге бөлінген. Газдандыру жұмысы да жыл соңына қарай аяқталады. Ұзындығы 26 шақырым желі тартуға қаржы қамбасынан 1,6 млрд. теңге бөлінген.

Қаратал ауылының тұрғыны Валентина Белимова ауылға кіреберіс жолдың сапасын айтып, сауал жолдаған. 12 шақырымдық жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленген, енді бюджеттік өтінім беріледі. Келер жылы мәселе толығымен шешіледі.

Тапсырма орындалуымен құнды

«Баспана – бас қайғы». Дегенмен аудан әкімдігі баспана кезегін азайтуда барынша қарекеттенуде. Мамыр айынан бастап үй беру функциясы әкімдік құзыретінде емес. Енді кезек мәселесі «Otbasy bank» АҚ жүктемесінде. Үй беретін де банк. Дейтұрғанмен, ауданда үш жылда 187 тұрғын қоныстойын тойлаған. Биыл да осы үдеден төмендемей 40 үй сатып алу көзделген. Бүгінге дейін 10 үй сатып алынған, 30 үй жыл соңына дейін алынады. Ауданда үй кезегінде 1403 тұрғын тұр. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту кезең-кезеңімен шешіліп, нақты жоспар аясында жұмыстар жүргізілуде. Дейтұрғанмен, жергілікті әкімдік қолда барды ұқсатуға келгенде ақсап тұр. Бәлки, құлықсыздық. Аймақ басшысы үш жыл бұрын аудан әкіміне Жастар ауылында қаңырап тұрған 20 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғыртуды тапсырған. Алайда әлі күнге сол үйді жаңғыртуға қарекет жасалмаған. Аудан әкімі Елдос Тұрсынбайұлы ғимаратты кім және қандай мақсатта салғанын анықтай алмағанын, құжаттарын таппай әлек болғанын алға тартты. Есесіне, аймақ басшысынан сын естіді.

– Аудан әкімдігіне жүктелген тапсырманы орындауға 3 жыл аздық еткендей. Құжатын таппау – сылтау емес. Егер жеке үйдің құжаты болса тез табылады емес пе? Әкімдіктегілердің жеке үйі болмаған соң сылбыр қимылдап отыр. Соңғы 1,5 жылда аудан әкімдігінің жұмысы тоқырауға ұшыраған. Осындай жауапсыздық, құрғақ уәде, жалаң сөз нәтижесінде жұмыс алға ілгерілемей тұр. Тапсырма орындалуымен құнды, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Облыс әкімі жергілікті атқамінерлерге тұрғындарды баспанамен қамтуға нығырлай тапсырма берді. Аудан орталығынан көпқабатты тұрғын үй салу керегін, сол үшін жер телімдерін бөліп, инженерлік жүйелерді тартуға құжат даярлауды жүктеді. Егер әкімдік сылбыр қимылдамаса, республикалық бюджет есебінен көпқабатты үйлер тұрғызылады.

Халықтың саулығы да басты назарда болуы керек. Былтыр Екпінді, Жаңалық және Ақешкі ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді. Биыл Теңлік ауылында осындай нысан бой көтерді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 5 нысан салынды. Шымыр және Байысов ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ал, Жастар, Жалғызағаш және Қайнарлы елді мекеніндегі осындай нысандар жыл соңына дейін халық игілігіне берілмек. Айтпақшы, биыл аудандық емханаға 118 млн. теңгеге ағымдық жөндеу жүргізіліп, орталық ауруханаға 307 млн. теңгеге заманауи медициналық жабдық сатып алынады. Одан өзге Сырымбет, Ақын Сара және Қаратал ауылдарына 78 млн. теңгеге санитарлық көлік тарту етілген.

– Медицина саласында атқарылған жұмыс аз емес, аудан әкімдігі осы қарқынды жоғалтпауы тиіс. Дегенмен, бұл салада да мәселе жоқ емес. 2013 жылы бой көтерген Қаратал ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның бірнеше жылдан бері авариялық жағдайға байланысты жабық болуы аудан әкімдігін алаңдатпаса керек. Тіпті, жаңа нысанды жөндеуге құлықсыз болғандай. Облыс әкімдігі араласпаса мәселе әлі күнге дейін түйткілді болып қала бермек пе?! Нысанды сейсмикалық күшейту жұмыстарына бюджеттен 231 млн. теңге бөлінді. Қазір конкурс өткізілуде. Халыққа қажетті нысан келер жылы пайдалануға берілмек, – деді аймақ басшысы.

Айтпақшы, ауданда медицина саласындағы кадр мәселесін шешуде қарқын бар. Мұнда келген 10 дәрігерге 10 млн. теңге көтерме жәрдемақы төленген. Алдағы уақытта да мамандар шақырылып, ауданға қажетті ақхалаттыларды шақыру жалғаса бермек.

Туризм табысты еселейді

Ескелді ауданының тағы бір қыры – туризм. Бүгінде аудан көлемінде 5 демалыс орны жұмыс істейді. Былтыр ауданға 5 мыңнан астам турист келіпті. Саладан түскен табыс 60 млн. теңге. Туристік әлеуетті көтеріп тұрған «Тау Жетісу» демалыс аймағы. Өткен жылы парапланеризмнен Әлем кубогы өтіп, айтулы додаға 44 елден спортшылар келді. Дейтұрғанмен, бұл саланы әлеуетті ету басым міндет. Жоңғар Алатауының інжу-маржаны – Орта Азиядағы ең биік сарқырама Бұрқан-Бұлаққа апаратын 31 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы бастаманың жобалық құны 13,8 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталады.

– Бұрқан-Бұлақ сарқырамасы – қазірдің өзінде көптеген туристің қызығушылығын тудырып отыр. Жол инфрақұрылымы жақсарғаннан кейін бұл орын аймақтың ең танымал туристік бағыттарының біріне айналмақ. Сондықтан туризмді дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды жетілдіру маңызды. Жаңа қонақүйлер мен демалыс базаларын салу, жолдарды жөндеу қажет. Көрікті жерлерді интернет пен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттап, жалпы туризмді дамыту керек, – деді аймақ басшысы.

 

Жиын соңында Бейбіт Исабаев аудан әкімі Елдос Ахметовке жүйелі тапсырмалар жүктеді. Ауданның экономикалық дамуында орын алған кемшіліктерді жою керегін нығырлай тапсырды. Тіпті, әкім орынбасарларының қызметтік міндеттеріне ыждаһаттылықпен қарауды, халыққа қызмет ету миссиясында босаңсуды болдырмау һәм оған жол бермеу керегін міндеттеді. Құрғақ уәде, жалаң сөз, сенімге селкеу түсірер сылтауға жол берілмейтінін де қадап айтты.

Дастанбек САДЫҚ

Қатысты жаңалықтар

Көрермен көңіліне орныққан «Капитан Байтасов»

Көрермен көңіліне орныққан «Капитан Байтасов»

30.04.2026
Теңдессіз спорт кешені салынуда

Теңдессіз спорт кешені салынуда

30.04.2026
Өнердегі өшпес мұра

Өнердегі өшпес мұра

30.04.2026
Кітап пен кітапханашы руханияттың тамыры

Кітап пен кітапханашы руханияттың тамыры

30.04.2026
Президент Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровты қабылдады

Президент Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровты қабылдады

30.04.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.