Талдықорғанда «Дұрыс таңдау – сенің болашағың» атты кездесуде колледж студенттерімен есірткі қылмысының алдын алу мәселелері талқыланды.
Шараны Жетісу облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды. Кездесу «Ашық микрофон» форматында өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы сананы қалыптастыру, заңсыз айналым мен тұтынудың зияны туралы түсіндіру және құқықбұзушылықтың алдын алу. Басқосудың ерекшелігі – есірткі тарату фактісі бойынша бұрын сотталған, бүгінде ерікті ретінде қоғамдық істерге атсалысып жүрген азаматшаның қатысуы. Ол өз өмірінен алынған оқиғалармен бөлісіп, бір сәттік қателіктің бүкіл өмірге әсер ететінін айтты.
Студенттер полицейлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, мамандар заңда көзделген қатаң жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірме берді. Кеңес мүшелері жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және заңсыз әрекеттерге жоламауға шақырды. Шараға 250-ден астам студент қатысты.
Дереккөз: POLISIA.KZ





