Көксудың кең жазығы бозамық тұманға оранып, дала тыныштық құшағында жатқандай. Бірақ сол тыныштықты мотордың күркіреген үні бұзды. Көксу политехникалық колледжінің ауласында тракторлар гүрілдеп, мотор үні мен майдың иісі араласқанда еңбек дүбірі сезіліп тұрды. Бұл ауыл баласының өнерін, шеберлігін сынға салатын үлкен сын – республикалық «Agroskills – 2025» байқауының күні болатын.
Аталмыш дода ауыл шаруашылығын өрге сүйрейтін жас мамандардың кәсіби мерекесі іспетті. Облыс әкімдігі мен облыстық білім басқармасы ұйымдастырған байқауға Жетісу, Түркістан және Жамбыл облыстарындағы 12 колледждің үздік шәкірттері қатысып, техниканы тізгіндеу мен жердің сырын меңгерудегі ептіліктерін көрсетті. Әрқайсысы өз өңірінің абыройын арқалап, еңбек майданына шыққан сарбаздай дайын еді.
Байқау барысында сарапшылар пікір білдірді. Солардың бірі – Жамбыл облысы, Меркі ауданынан келген Оңдасын Айымбетов:
– Жастардың жетістігі көңіл қуантады. Бүгінгі байқауда техникаға деген ықылас пен жауапкершілік бар екенін байқадым. Жыл сайын осындай сайыстар өтіп тұрады, әр келген сайын өсу, ізденіс байқалады. Бұл ауыл шаруашылығының болашағына сенім ұялататын белгі, – деді.
Жарыстың алғашқы кезеңі «КМТЗ» тракторымен жұмыспен басталды. Трактордың үні қыр басынан естілген желдің ызыңындай сабырлы да нық. Қатысушылар агрегатты тіркеп, соқаның тереңдігін дәл өлшеп, өз істерінің шебері екенін байқатты. Соқаны сәл қисайтсаң – жер бүлінеді, тісті аз салсаң – еңбек зая. Осындай сәтте әр жастың ісінен жауапкершілік сезіліп тұрды.
Келесі сынақта «ГАЗ-53» техникасын басқару тапсырылды. Сырты ескі болғанымен көлік – ауыл тіршілігінің сенімді серігі. Тар бұрылыстар мен кедергілер арасынан топ бастап шыққан жүйріктей жігіттердің сабырлы қимылы, жылдам шешім қабылдауы, ұстамды әрекеттері – тәжірибелі жүргізушіге тән қасиет еді. Әр бұрылыстың өз сыры, әр тежегіштің кезі келетін өз сәті бар.
Үшінші кезең – шөпті тайлау. Бұл еңбектің нағыз көрінісі. Дала жұмысының қызған шағын елестеткендей, қатысушылар шөпті жинап, оны біркелкі бумаға айналдырды. Пресс-машинаның ырғақты соғысы, трактордың баяу қозғалысы бәрі де көз алдыңа ауыл тіршілігінің жазғы көрінісін әкелгендей. Мұнда да дәлдік керек. Бір қателік буманың пішінін бұзады. Ондай пішін болса еңбектің көркі.
Ал төртінші сынақта бүріккішпен жұмыс істеу тапсырылды. Бұл да аса жауапты іс. Себебі, бұл техника табиғатқа тікелей әсер ететін құрал. Қатысушылар бүріккіштің қысымын, саптаманың бағытын, мөлшерін мұқият қадағалап, әр тамшының өз өлшемін сақтауға тырысты.
Соңғы кезеңде – тіркемемен артқа жүру. Бұл жұмыс шын шебердің ісі. Мұнда қол ғана емес, көз бен ой да қатар жұмыс істейді. Көпке оңай көрінгенмен артқа қарай тіркемемен жүру – тәжірибенің өлшемі. Бірі асығып бұрылып кетсе, бірі сабырмен, сызған сызықтан ауытқымай тура бағытпен өтті. Сол сәтте көрермен тынысын ішіне тартып әр қозғалысты бақылап тұрды.
Байқаудың әр сәті – еңбек пен ептіліктің мектебі. Түске қарай күн жылынып, алаң шаң-тозаңға боялды. Бірақ жастардың жүзінде шаршау емес, намыс пен қуаныштың нышаны бар. Әркім өз мүмкіндігін паш етіп, еңбектің қадірін тағы бір ұғындырды.
Жарыс соңына қарай қазылар алқасы қорытынды шығарды. 12 қатысушы қатысқан байқаудың бас жүлдесін Жетісу облысынан Кирилл Зимовцов иеленді. Ол әр модульде жоғары ұпай жинап, техника тізгінін еркін меңгергенін дәлелдеді. І орынды Жамбыл облысынан Өнер Тұрғынбек алды. Оның шеберлігі мен жинақылығы көпке үлгі болды. ІІ орын Жамбыл өңірінен Шахзод Шухратұлы мен жетісулық Жақсылық Тұрарбекке бұйырды. Ал ІІІ орынды Жетісудан Нұрмұхамет Ілескенұлы, Иван Скобелев және Түркістан облысынан Санжар Нузиров бөлісті.
Облыстық білім басқармасы жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сертификаттар табыстап, жетекші педагогтарға Алғыс хаттар ұсынды. Ал жарысқа ұйытқы болған Көксу политехникалық колледжі барша қатысушыларға естелік сыйлықтарды тарту етті.
Адам баласы жерден нәр алады, ал сол жердің қадірін білетін жастың болашағы биік болмақ. Еңбектің дәмін татып өскен ұрпақ барда елдің де, жердің де ырысы ортаймайды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы





