Жетісу облысында әскери мақсаттағы теміржол инфрақұрылымы нысаны заңсыз жекеменшіктен мемлекетке қайтарылды. Бұл туралы Бас әскери прокуратура хабарлады.
Сарыөзек гарнизонының әскери прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Тергеу қорытындысына сәйкес, жер комиссиясының шешімі мен жер қатынастары бөлімі жасаған сатып алу-сату шарты арқылы әскери бөлімге тиесілі теміржолға баратын тармақтың бір бөлігі коммерциялық ұйымға заңсыз берілген.
Прокуратураның қадағалау актісінен кейін әскери бөлім сотқа талап арыз жолдап, аталған шешім мен шартты заңсыз деп тануды сұрады. Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талапты толық қанағаттандырып, құны 75 млн теңгеден асатын кірме жолды Қорғаныс министрлігінің меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Бас әскери прокуратураның мәліметінше, әскери нысандардың сақталуы мен мақсатқа сай пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы қадағалау шаралары жалғаса береді.





