Талдықорғанда мас күйінде рөлге отырған әйел көлігімен электр бағанына соғылып, сот шешімімен 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Оқиға Каблиса Жырау көшесінде, «ТемірҚазық» колледжінің маңында болған. 55 жастағы әйел Lixiang маркалы көлікті алкогольдік мас күйінде жүргізіп, басқаруды жоғалтып, электр бағанына соғылған. Соққы салдарынан көлік қатты зақымданған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Патрульдік полиция жасағы оқиға орнына жедел келіп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті және құқық бұзушылық дерегін тіркеді. Әкімшілік іс сотқа жолданып, нәтижесінде жүргізушіге қатаң жаза тағайындалды.
Полиция департаменті мас күйінде көлік жүргізу – қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін өрескел құқықбұзушылық екенін ескертеді. «Заң мен тәртіп» қағидасын сақтау – әрбір жүргізушінің міндеті. Тәртіпті сақтау ғана ауыр оқиғалардың алдын алып, адам өмірін қорғайды.





