Төрткүл дүниенің назары Миланға ауды. Санаулы күннен кейін Италия мемлекетінде төрт жылда бір келетін қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанбақ. Жер бетін аппақ қар басқанда қыранын баптап, қансонарға шығатын бүркітшідей әлемнің спортшылары алақан ысқылап доданың басталуын асыға күтіп отырғаны белгілі. Бірі шаңғысын майлап, екіншісі конЬкиін қайрап, жүлдеге қол созамын деген үміттерін арқалаған таланттар жанкүйерлердің де делебесін қоздыруға дайын. Сол санатта Қазақ спортшылары да бар екенін біз де мақаламызға арқау етейік. Олай болса, қысқы Олимпиада жайлы аз-кем ой қозғайық.
СПОРТ, ӨНЕР ЖӘНЕ ТАРИХИ ЕСТЕЛІК
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қаласында XXV қысқы Олимпиада ойындары «Спорт, өнер және тарихи естелік» деген атаумен өтпекші. Италия архитектура, музыка, тарихи ғимараттарымен әлемге әйгілі. Бай мұрасын спортпен байланыстырып, Олимпиада ойындарында күллі әлемді тағы бір таңғалдырмақшы. Иә, байрақты бәсекенің ең маңызды сәті ашылу салтанаты мен жабылу кезеңі болмақ. Салтанатты іс-шара кімді болса да қызықтырмай қоймайды. Бұл ретте Италия мемлекеті Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты екі қалада қатар Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткізуді жоспарға алған. Ал бәсекенің жабылу рәсімі Веронада, ежелгі Рим амфитеатры Arena di Verona-да жалауын түсірмек. Жалпы Олимпиаданың шымылдығын түруде Қытайдан асқан ешбір мемлекет жоқ деп айтар едім. Қысқы және жазғы ойындардың ашылу салтанатында көрші мемлекет ешкімді алдына салған емес. Ал Париж Олимпиадасының ашылу рәсімі төртжылдықтың басты додасының ең нашары болды десем, қателесе қоймаспыз. Олай болса, Миланда өтетін шоуды біз де асыға күтіп отырмыз. Әрине, көп жағдайда жарысты өткізуші мемлекеттер құпияны алдын ала аша қоймайды. Дәл сол күні көпшіліктің қызықтағанын мақсат ететіні анық. Спортшылардың шеруіне біздің саңлақтарымыз бен спорт мамандары дайын отыр. Тек сол шеруде Мемлекеттік Туды кім көтеріп шығатыны әлі белгісіз. Бұған дейінгі ақпараттарда көк байрақты Денис Никиша мен Яна Хан ұстайды деген жаңалық тараған. Бұл шешім спорт журналистерінің сынына ұшырап, «ту ұстап шығатын бір қазақ табылмағаны ма?» деген пікір білдірді. Осыдан кейін жауапты министрлік бұл жалған ақпарат деген жауап айтып, ту ұстаушылардың есімін әлі жариялаған жоқ. Сонымен бұл іс те Олимпиаданың құпиясы секілді Қазақстанның жеке құпиясына айналып отыр. Иә, бұл өзінше бір әңгіме, нақты кім ұстап шығатынын ашылу салтанатында көре жатармыз. Енді Олимпиаданың қызықты ерекшеліктеріне тоқталайық.
Ойындардың бойтұмарлары – Мило мен Тина есімді екі ақкіс. Бойтұмар – Олимпиада мен Паралимпиаданың, екі қала мен екі әлемнің бірлігін бейнелейді. Эскизін мектеп оқушылары әзірлеген. Медаль дизайнында Италияның мәдени болмысы мен тарихи құндылықтары көрініс тапқан. Әр медаль шеңбер түрінде жасалып, ортасында бос кеңістік қалдырылған. Бұл шешім спорт пен өмір арасындағы тығыз байланысты бейнелеу мақсатында таңдалған. Жүлделердің алдыңғы бетінде Олимпиада символикасы бейнеленсе, артқы жағында «Milano Cortina 2026» жазуы мен Олимпиада логотипі ойылып жазылған.
Дода 16 спорт түрінен 100-ге жуық медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл спорт түрлеріне биатлон, бобслей, тау шаңғысы, керлинг, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғы қоссайысы, фристайл, трамплиннен секіру, шана спорты, скелетон, ски-альпинизм, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және шорт-трек кіреді. Олимпиада ойындарына алғаш рет ски-альпинизм енгізіледі. Жалпы бұл Олимпиаданың басты ерекшелігі – гендерлік теңдік. Бұл жаңалыққа біз де үлес қосып отырмыз, оны сәлден кейін тарқатып жазамыз.
Қысқы Олимпиада ойындарында қазақ спортшылары уыстап жүлде алған емес. Кенжелеп отырған спорт түрлерінің бірі осы – қысқы спорт. Тәуелсіздіктің алғашқы жылындағы В. Смирновтың алтынынан басқа бізге биік тұғыр бағынған емес. «Алса осы бала алтын алады» деген мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннен ерте көз жазып қалдық. Оның еншісінде күміс медаль. Ал одан бергілерге аса сенім арту бүгінде қиынға соғып тұр. Жуырда Спорт министрі Е. Мырзабосынов та биылғы додадан тек бір ғана жүлде алуымыз мүмкін деген болжам жасаған болатын. Мұны депутаттар сынға алып, «сонша қаржыны неге шығындадық?» деген пікір білдірген еді. Әйтсе де бұл – спорт! Ғайыптан тайып, жүлденің ауылынан көрініп жатсақ қуанамыз. Жалпы, бес спортшымыз ғана қысқы Олимпиададан жүлде алған. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиада ойындарына 9-мәрте қатысқалы отыр. Милан – 2026 Олимпиадасының басты ерекшелігі – гендерлік теңдік деп бағана айтқан едік. Милан байрақты бәсекеде ерлер мен әйел спортшыларды теңестіріп, жарыс түрлеріне де өзгерістер енгізді. Әрбір жарыста әйел мен еркек бірдей өнер көрсетпек.
ОЛИМПИАДАҒА БАРАТЫН СПОРТШЫЛАРДЫҢ ТІЗІМІ:
Фристайл-могул – Павел Колмаков, Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко.
Фристайл-акробатика – Дінмұхаммед Райымқұл, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас.
Биатлон – Владислав Киреев, Әсет Дюсенов, Милана Генева, Айша Рақышева.
Тау шаңғысы спорты – Ростислав Хохлов, Александра Скороходова.
Шаңғы қоссайысы – Шыңғыс Ракпаров.
Шаңғы жарысы – Әмірғали Мұратбеков, Наиль Башмаков, Виталий Пухкало, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина.
Шаңғымен тұғырдан секіру – Данил Васильев, Илья Мизерных.
Конькимен жүгіру спорты – Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко.
Шорт-трек – Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан.
Мәнерлеп сырғанау – Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина.
Осыған сай биыл елімізден 18 ер және 18 әйел, барлығы 36 спортшы Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Бұл көрсеткіш Бейжің – 2022 ойындарымен салыстырғанда екі спортшыға көп. (Қатысатын саңлақтарымыздың тізімін бөлек беріп отырмыз). Енді осылардың ішінен ең қызықты деген деректерді алға шығарайық. Фристайл-могулдан 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасының қола жүлдегері Юлия Галышева бесінші рет додаға қатыспақ. Дәл осындай көрсеткішке шаңғышы Елена Володина-Антонова мен фристайлшы Дмитрий Рейхерд та ие. Аталған спортшыларамыз өте тәжірибелі. Жүлдеге үмітті деген ұландарымыз осы. Мұнымен қоса, шорт-тректен Абзал Әжғалиев пен Денис Никишаны ерекше атап өткен жөн. Екі талантымыз да Олимпиадаға төртінші рет қатарынан қатыспақ. Абзал Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында жүлдеге бір табан жетпей қалып, төртінші орыннан көрінсе, Денистің екі дүркін әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген атағы бар. Құраманың ең жас мүшесі – фристайл-акробатикадан 16 жастағы Асан Асылхан. Оның еншісінде Азия ойындарының күміс жүлдесі бар. Жалпы, 36 спортшының 18-і Олимпиада ойындарында алғаш рет бақ сынамақ. Бұлардың арасында жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың чемпионы Илья Мизерных та бар. Кім біледі, «жас» деп баласынып отырғанда осы мықтымыз жүлдеге қол созып қалуы бек мүмкін. Қазақтың «бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген мақалы осындайда айтылса керек. Қалай дегенмен, бақ пен бап қатар шауып, қазақ қоржыны бос қайтпаса деген үміт басым. Ұлттық құраманың сапында қазақ спортшылары да бар. Қысқы спортта қазақтарға қол емес деген жаңсақ пікірден аулақ болғанымыз жөн. Осы тізімнің арасынан бір спортшының есімін ерекше атағымыз келіп отыр. Әрине, Миланға баратын құраманың арасында жетісулық спортшылар жоқ. Дегенмен, шаңғының әліппесін Жетісудан үйренген спортшымыз бар. Ол – биатлоншы Айша Рақышова. Айша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол Алакөл ауданындағы Лепсі спорт-интернатының түлегі. Аталған мектепте шаңғы спортымен шұғылданып, үздіктер қатарынан көрінді. Талантының арқасында ұлттық құрама сапына өтіп, ел намысын қорғап жүр. Бұл қызымыздың да жолына үмітпен қараймыз.
Төртжылдықтың басты додасы Милан Олимпиадасына болжам айту қиын. Дегенмен, сенім артқан ұл-қыздарымызға ақ жол тілейік. Арық айтып, семіз шығып жатсақ сіз бен біздің қуанышымыз. Ең бастысы, қызықты ойындар мен тарихи сәттерге куә болатынымыз анық. Лайым солай болғай, қазақ спортшылары Милан жүлдесін ұсынсын!
Ришад ТҰРҒАНБАЙ