Бүгін, 27 қаңтар – халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогқа жеделхат жолдап, көңіл айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Еліміз этникалық және діни өшпенділік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатаң айыптайды, адамзатқа қарсы мұндай қылмыстың қайталануына жол бермеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың ортақ күш-жігерін қолдайды. Қазақстан Холокост жылдарында жер аударылған көптеген еврейге мекен болды. Бүгінде еврей қауымдастығы қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады», – деп жазылған жеделхатта.





