Серб маманы Марко Гршичтің елімізде волейболдан жаттықтырушы болып жүргеніне сегіз жылдан асты. Осы аралықта ол барынша қазақтың әдебиетін танып, мәдениетін біліп, салт-дәстүрін түсінді. Қазақстан волейболына сіңірген еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» орденін алған алғашқы шет елдік маман. Еліміздегі екі клубпен («Алтаймен» 2021 жылы, «Жетісумен» 2025 жылы) барлық трофейді жеңген (ел чемпионаты, Қазақстан Суперкубогымен кубогы, Азия чемпионаты) жалғыз жаттықтырушы. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жаттықтырушымен сөйлесе қалсаңыз, волейболдан тыс әңгімеге де жүйірік, ойын арыдан бастап, жүйесін келтіріп, шешімді сөз айтқанына куә боласыз. Қойындәптеріне түртіп алған жазбаларының арасынан Абайдың да сөздерін, өлеңдерін байқадық. Жазбаны көргеннен кейін көкейге келген тиісті сұрақты қойдық. Оған Марко да ашылып жауап берді.
– Абай турасында жазылған кітаппен қалай таныстыңыз? Тәмамдағаннан кейін қандай ой түйдіңіз?
– «Өмір жолы – соңы беймәлім соқпақ. Оның бастауы мен соңы – Жаратушының еркінде. Бұл жол бұралаңға толы, сондықтан сақ бол, жолыңнан адаспай, арыңды сақта». Мен өз сөзімді Белградтағы Қазақстан елшілігінен сыйға алған кітаптың алғысөзіндегі осы жолдармен бастағым келеді. Бұл кітап 2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай серб тілінде «Абай. Таңдамалы шығармалары» деген атпен жарық көрді. Абай жөнінде қандайда бір кесімді пікір айтып, терең сөз қозағуды ақынды және оның шығармаларын зерттеп жүрген мамандардың еншісіне қалдырамын. Ал оның әлеміне енді ғана еніп, шығармашылығымен танысқан шет елдік есебінде жазғандарынан түйгенімді, оның философиясы жөнінде сөз қозғап, алған әсерімді бөліскім келеді. Шыны керек бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған ойлардың әліде өзекті екендігі мені таңғалдырады. Осы жерде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай философиясы – жалпыадамзаттық құндылықтар философиясы», – деген сөзі есіме оралып отыр. Абай кез келген адамды кеңістікке, уақытқа, дінге, ұлтқа қарамастан әлемді танып, ғылым, мәдениет, руханият арқылы шыңдағысы келеді. Абай бірінші кезекке әділдік, мейрімділік және өз мақсаты жолында еңбексүйгіштікті қояды. Ал оны өзі «нағыз толысқан адам» деп есептейді. Бір ұлтқа темірқазық болған осындай ойшыл барына әр қазақ мақтану керек. Менің түсінігімде Абай – қазақтың Платоны, Сократы және Конфуцийі.
– Басқада қазақтың ақын-жазушыларының шығармашылығымен таныссыз ба?
– Ашығын айтсам, қазақтың басқада ақын-жазушыларының шығармашылығымен тереңінен танысып үлгермедім. Бірақ күн сайын қазақ мәдениетін танып-біліп келе жатырмын.
Ой-толғамдары мен туындылары маған ерекше әсер етіп, қазақ халқын тереңірек түсінуге көмектескен автор әрі режиссердің бірі – Ермек Тұрсынов. Оның «Мелочи жизни» («Өмірдің ұсақ-түйектері») атты кітабы, сондай-ақ, «Шал» фильмі ерекше әсер етті. Кең даланың еркіндігіне бөлеп, көшпенділер мәдениетінің басты қасиеті саналатын төзімділікті паш етті. Бұл Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» романының өте қызықты әрі өзгеше интерпретациясы болды.
Ал «Келін» фильмі мен үшін мүлдем жаңа тәжірибе болды. Ешқандай сөзсіз, тек детальдар арқылы ежелгі Қазақстандағы әйел архетипі мен тылсым мистиканы шебер суреттеген. Бұл режиссердің батыл да терең жұмысы екені даусыз. Мен фильмнен алған әсерден ұзақ уақыт арыла алмай жүрдім.
– Серб тіліне аударылған тағы басқа қазақстандық ақын-жазушылардың еңбегі бар ма?
– Бұл саланы арнайы зерттемегендіктен серб тіліне аударылған басқада қазақстандық ақын-жазушылардың еңбектері жөнінде дөп басып айта алмаймын. Бірақ қолыма Абайдың шығармаларынан бөлек, кез келген халықтың баға жетпес қазынасы болып табылатын ертегілер жинағы тиді. Аты – «Қазақ ертегілері». Мен бұл кітаптағы ертегілерді үш жасар қызыма жиі оқып беремін. Ертегілерден ар-намыстың, ерліктің асқақ рухы мен адам мен табиғаттың арасындағы терең байланыстың лебі еседі.
– Қазақстанмен Сербияның ұқсас тұстарын айта кетіңізші.
– Осы тұста қайтадан Абайға оралғым келіп тұр. Абай: «Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Егер жек көрсем, сөйлеспес, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді» ,– деп айтады. Әр елдің өз ұтатын және осал тұсы бар.
Ал Қазақстанмен Сербияның ұқсастығына келсек. Біріншіден, бұл — салт-дәстүр мен ата-бабаға деген құрмет. Серб мәдениетінде де, қазақ мәдениетінде де өткенге деген естелік тек қағаз жүзінде емес, әулет үлкендерінің әңгімелері мен салт-жоралғылары арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Екіншіден, бұл – отбасының рөлі. Екі елде де отбасы – қоғамның іргетасы, құндылықтардың бастауы, ішкі тірек пен ұлттық бірегейліктің қайнар көзі болып қала береді.
Меніңше, біздің елдеріміз арасындағы байланыс ең алдымен мәдениет – музыка, театр, әдебиет, кино, бейнелеу өнері және әрине, спорт арқылы дамуы тиіс.
Дәл осы арқылы бізді біріктіретін және өзгелерді де, өзімізді де тануға үйрететін көптеген ортақ дүниелер жатқанын түсінеміз.
– Қазақстаннан қандай білім мен тәжірибе жинақтадыңыз? Елдің қоғамдық немесе мәдени өмірінің қай жақтары сізге қатты әсер етті?
– Спорт саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде, мен Қазақстанды өз тағдырына немесе жаңа шаңырағына балаған әр жанды құшақ жая қарсы алатын, көңілі ашық, бауырмал, ғажайып жандарды көремін.
Маған берген барлық мүмкіндіктері үшін Қазақстанға шексіз алғыс айтамын. Мұнда мен өзімді жат емес, өз үйімде жүргендей сезінемін. Өмірім мен кәсібімде ерекше эмоцияға бөленіп, мол тәжірибе жинақтадым.
Сондықтан да, мен бұл елді әрқашан бар болмысымен қабылдауға тырысамын.
Менің түсінігімдегі Қазақстан – бұл «Алтын адам», ұлан-ғайыр даланың еркін рухты салт атты жолаушысы.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Серік ҚАНТАЙ





