«Әр елдің салты басқа» демекші, әр мемлекеттің медиа саласында өзіне тән ерекшелігі бар. Осы орайда Анадолы елінің ақпарат кеңістігіне бойлап көрдік. Әріптестеріміздің құқы, ақпарат тарату мүмкіндігі, әлеуметтік жағдайынан сыр тарттық. Кәсіби журналистиканың жауапкершілігі мен бағасын сараладық.
Министрден биік мәртебе
Түркияда журналистика ел Президенті әкімшілігінің ақпарат басқармасына бағынады. Ақпарат басқармасының басшысы Президенттің тікелей өкілі. Мемлекет басшысы журналистика саласын назарда ұстайды. «Хабар» телеарнасының Түркиядағы меншікті тілшісі Меруерт Қанағаттың айтуынша, журналистердің мәртебесі министрліктен де биік. Сондай-ақ, Қазақстанда ақпарат таратушы корпорациялар «ұлттық» деп аталса, Түркияда қоғамдық мекеме деп аталады. Ақпарат құралдарына қаражаттың жартысы Парламенттен бөлінсе, екінші жартысы электр энергиясы, радио, теледидар сынды техникалық құралдарды сататын сауда орындарынан түсіп отырады. Яғни, техникалық заттар сататын кәсіпкерлер түскен ақшаның белгіленген пайызын бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға аударады. Түркияда журналистер мемлекеттік қызметкер болып есептеледі. Сондықтан мемлекеттік қызметкерге тән барлық әлеуметтік көмекті ала алады. Бізде журналистер – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, коммуналдық мекемелерге берілген. Тұрғын үй кезегіне тек бюджеттік мекеменің қызметкері ретінде ғана тұруға болады. Мемлекеттің бағдарламалары мен мақсаттарын, жобаларын елге түсіндіріп, іске асырылуын насихаттағанымызбен қамқорлығын толыққанды көре алмай, өгей баланың күйін кешіп жүргеніміз рас. Бұл орайда түріктерден аларымыз көп. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкер бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін жасыл паспорт алу мүмкіндігіне ие болады.
Жасыл паспорттың құдіреті
Барлық жағдай жасалған
Өткен жылдың күзінде «Хабар» телеарнасының журналисі Данияр Болысбек Түркияға тәжірибе алмасуға барып келген еді. Сол елдің телеарна жұмысына, журналистеріне жасалған әлеуметтік көмекке көңілі толып қайтқан. Астаналық әріптесімізден де бірауыз пікір алған едік: «Түркияда бірінші телеарна болып «TRT» саналады. Ол 1964 жылы құрылған. Холдинг құрамында 17 телеарна, 17 радио және 8 сайт бар. Тек Анкараның бас кеңсесінде 6 мыңнан аса адам жұмыс істейді, қаланың ортасында жеке қалашығы бар. Мұнда жұмыс ғимараттарынан бөлек, қызметкерлердің балаларына арналған балабақша, емхана, фитнес орталық, теннис корды да бар екен. Қызмет көрсету орындарына «TRT» жалақыны өзі төлейтін болған соң көптеген қызметтің ақысы арзан. Мысалы, шаштаразға кірсеңіз қолданған бояуға ғана ақы төлейсіз. Қию тегін. Балабақша тегін. Қызметкерлерді таңда жұмысқа жеткізіп, кешке үйіне апаратын 100-ге тарта шағын автобус бар. 5 жыл мерзімге әлеуметтік тұрғын үй жалға беріледі. Сондай-ақ, күн сайын қызметкерлерге 1 еуроға түскі ас тегін. «TRT» қызметкерлері – мемлекеттік қызметкер болып есептеледі. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерге тиесілі әлеуметтік пакеттің барлығын пайдалана алады. Сонымен бірге, өркениетті елдер тарихи жәдігерлерді сақтауға, елдің басынан өткен оқиғаларды ұмыттырмауды мақсат етеді. Естеріңізде болса, 2016 жылы 15-шілдеде Түркияда әскери ұйым билікті басып алуға әрекеттенген еді. Олар сол кезде «TRT» холдингін тікұшақпен әуеден атқылап, аумағына басып кіріп, эфирден өз талаптарын жариялаған. Сол кездегі студия, камералар журналистиканың аса қауіпті мамандық екенін әйгілеп, мұражайда тұр», – дейді көңілге түйген ойымен бөлісіп.
«TRT»-ның аймағының көп бөлігі орман. Себебі, шығармашылық адамына демалу, табиғатпен сырласу, күш жинауына өсімдік, таза ауа мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Түркияда инфляцияға байланысты жылына екі рет мемлекеттік құрылым қызметкерлеріне 30 пайыз ақша қосылып отырады. Журналистерге сол 30 пайыздың үстіне жұмыс беруші мекеме тағы 20 пайыз қосады. Себебі, қызметкер әлеуметтік жағдайға алаңдап, жұмысын ақсатып алмауы тиіс деген қағида бар. Анадолы елінде журналистердің ақпаратты кедергісіз таратуына конституциялық кепілдік берілген. Ондағы Журналистер одағы (TGS) және халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) – журналистердің құқығын қорғаумен айналысады. Мемлекеттік органдар баспасөзге қысым жасауға құқы жоқ. Түрік журналистикасына қойылатын талап, дін, ұлт, жынысқа бөлінбеу. Яғни, ешкімді кемсітіп, наным-сеніміне тиісуге жол берілмейді. Немесе белгілі бір ұлттың, діннің сойылын соқпау. Дегенмен, белгілі бір партияны жақтайтын басылымдар бар. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін журналист қателессе, жауапкершілікті мекеме мойнына алады. Тікелей эфирдің журналистеріне құрметпен, түсіністікпен қарайды. Себебі, онда тәуекелділік жоғары.
Негізгі бағдарламаны газет журналисі жүргізеді
Бұл елде кәсіби журналистикаға құрметпен, сеніммен қарайды. Оның мысалы, телерадиода негізгі бағдарламаларды баспада жұмыс істеген, тәжірибелі, білікті журналист жүргізеді. Телевизиялық хабарлар аз, тиісінше қоғамдық ортадан, көшеден алынатын сауалнамалар көп. Студияға өзекті мәселелерге жауап беру үшін саясаткер, органдардың жауапты мамандары, мемлекеттік қызметкерлер шақырылады. Бұл елде халық мүддесі, көрермен құқының ескерілетінін келесі бір жайттан да аңғаруға болады. Телеарналарда 43 минуттан кейін ғана үлкен жарнама көрсетуге рұқсат беріледі. Журналист өз сенімі мен кәсіби қағидаларына қайшы келетін көзқарасты қолдауға немесе жұмыс істеуге мәжбүрленбеуі керек. Кәсіби журналистерде Мәжілістегі депутаттардың ұялы телефоны бар. Тілші депутатқа кез келген уақытта қоңырау соғып, ел ішіндегі мәселелерге байланысты сұрағына жауап ала алады. Билік журналистердің ой-пікірімен толық санасады. Түріктер қызуқанды болған соң, тілшілері ел мүддесіне келгенде ештеңеден тайсалмайды. Анық, нақты, шындықты тайсалмай айтады. Сол үшін де түрлі қайшылыққа тап болып жатады. Ел мүддесімен заңға тартылған журналистерді ерекше бағалайды. Сондықтан журналистикадан депутаттыққа өткен халық қалаулылары әріптестерінің құқын қорғап алуға тырысады. Бүгінде саясат сахнасында жүрген журналистер саны артуда.
Газет бетіндегі ерекшелік
Танымал бір-екі газеттің шығу ерекшелігіне тоқталсақ. «Cumhuriyet» газеті Түркияның ең көне және беделді газеттерінің бірі. Ол 1924 жылғы 7-мамырда Мұстафа Кемал Ататүрікінің бұйрығымен Стамбулда шығарылған. Газет құрылғаннан бастап тәуелсіз және бейтарап саясатын ұстанып, Республика құндылықтарын қорғаушы басылым ретінде қалыптасты. «Cumhuriyet» соңғы жылдары цифрландыру процесі арқылы журналистикаға заманауи көзқарас қалыптастырып, баспа және цифрлық даму үлгісі бойынша үлкен оқырман аудиториясына ие. «Cumhuriyet» белгілі бір кезеңдерде саяси қысымдарға ұшырап, түрлі сот процесіне қатысқанымен, тәуелсіздігін сақтау үшін күресті. Бүгінгі таңда Түркиядағы маңызды тәуелсіз газеттердің бірі ретінде өз жұмысын жалғастыруда.
Енді оқырманы көп «Sabah» газетіне шолу жасасақ. «Sabah» 1985 жылы жариялана бастаған. Басылым көптеген қадам жасап, бірнеше жылда қуатты брендке айналыпты. Газеттің негізгі принципі – қоғамдық мәселелерге бейтарап көзқарас танытып, көпшілік пікір қалыптастырып, дұрыс шешім қабылдауға көмектесу. Қысқа уақытта қол жеткізген жетістігі оқырманға оң әсер етіп, оны медиа нарығында жетекші брендке айналдыру. «Sabah» газетін күн сайын 1 миллионнан астам адам оқиды. Өзінің арнайы қосымшалары мен жаңалықтары арқылы әйел оқырмандарының санын арттыруда. Әр төрт оқырманның бірі – әйел. Басылым жарнама берушілерге өнімдер мен брендтерін кең және мәртебелі оқырман аудиториясына жеткізу мүмкіндігін берді. Таңдаулы бағаналар жүргізу арқылы «көп дауысты газет» қозғалысын және дамыған технологиялармен бет жасау, газет басып шығару процесін бастаған. Жазу мен түсті суреттердің интеграциясында әлемнің санаулы газеттерінің қатарына қосылыпты. Соңғы үлгідегі түс ажырату және баспа машиналары арқылы өндіріс қуатын және сапасын арттыруда. Баспасөз жарнамаларына жан мен түс қосып, газеттің оқылуын жеңіл әрі қызықты етуде. Жылдар бойы тар шеңберде қалып келген түсті бет көлемін үнемі арттырып, түсті жарнамаларға көбірек орын береді екен. «Sabah» газетінің Стамбулдағы басылымы 48 түсті, 56 беттен тұрады. Аймақтық басылымдар 32 түсті, 40 бет болып басылады. Демалыс күндері шығарылатын «Sabah Cumartesi» және «Sabah Pazar» қосымшалары бар. Әр сәрсенбіде шығатын «Sabah Tatil» қосымшасы, сонымен қатар, ай сайынғы қосымшалар «Otomarket», «Sabah Kitap», «Ekokobi» бар. Жыл бойы арнайы күндерге арналған қосымшалар (жаңа жыл, мейрамдар, ғашықтар күні, аналар мен әкелер күні) қызықтылығымен оқырман тартады.
Біздің елде ғана емес, әлем бойынша, соңғы жылдары газетке жазылушылар саны төмендеп кетті. Мұны түрік еліндегі басылым тиражының азайғанынан да байқауға болады. Былтыр, яғни 2024 жылы Түркияда газет таралымдары айтарлықтай төмендеген. Шілде айында «Türkiye Gazetesi» орта есеппен 108 000 дана сатыла отырып, бірінші орынға шықса, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 91 000-ге төмендепті. «Sözcü» газеті 205 333, «Hürriyet» газеті 197 686 және «Sabah» газеті 195 471 таралыммен ең көп сатылған газеттердің қатарында болды.
Жалпы, 2024 жылы Түркияда газет таралымдары тез төмендеп, сандық медиа тұтынушылар қатары өскен. Телевизиялық және цифрлық журналистика газеттік журналистикадан озып келеді. «Yeni Medya» (Жаңа медиа) деп аталатын цифрлық платформаның танымалдығы артуда.
Олардың пайымынша: «Түркия журналистикасында тиіп-қашқандар емес, жүрекпен сүйгендер ғана жұмыс істейді». Себебі, журналистика – жүректің ісі. Кәсіби журналистиканың бағасы жоғары. Жауапты хабарларды кәсіби журналистер ғана жүргізеді. Үкімет эфирден өтіп жатқан және газет бетіндегі материалдарға демократиялық көзқараспен қарайды.
Гүлжан ТҰРСЫН





