Кейбір адамдар болады – олардың аты аталғанда-ақ тұтас бір дәуір көз алдыңа келеді. Ақсу өңірінде сондай есімдердің бірі – «Ақсудың Алтынсарині» атанған Бұғытай Айсеркенов. Оның өмір жолы тек бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір ұрпақтың рухани келбеті іспетті.
Соғыс… Адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Оқ пен оттың ортасында жүріп, елін қорғаған ерлердің әрқайсысының тағдыры – жеке бір дастан. Солардың бірі – Бұғытай Айсеркенов еді. Жоғары шенді офицер ретінде Польша жеріндегі Познань қаласының коменданты қызметін атқаруы – оның қайсарлығы мен қабілетінің айқын дәлелі.
Осы бір кезеңді ақсулық ұстаз Хасен Құдайбергенов ерекше тебіреніспен еске алады. Майдан даласында бір сәт тыныстап, сарбаздар киім ауыстыруға кезекке тұрған шақ. Сол кезде ғимаратқа үш бірдей офицер кіріп келеді. Айбынды, сымбатты, салмақты. Ішіндегі біреуі өзгелерден ерекше көзге түседі. Бойы тік, жанары өткір.
Ол сарбаздарды үнсіз шолып өтіп, бір сәтте Хасеннің жанына тоқтайды.
– Қай жақтансың? – дейді қысқа ғана.
– Қазақстаннанмын, – деген жауапты естігенде әлгі офицердің жүзінде бір жылылық пайда болғандай.
– Сен Құдайбергенов Хасенсің бе? – деген қазақша сөз сол сәтте майдан даласындағы жаттықты бір сәтте жойып жібереді. Бұл – тосын қуаныш еді. Бұл – туған елдің үнін естігендей әсер еді. Әлгі офицер Бұғытай Айсеркенов болып шығады. Ол жерлесін жатсынбай өз қарауына алып, жағдай жасайды. Жуынып, киім ауыстырып, ас ішкізеді. Жат жерде жүрген жан үшін бұл жай ғана қамқорлық емес, рухани тірек болатын.
Сол сәтте Хасен өзінің қаншалықты шаршағанын, қаншалықты аш болғанын сезгенін айтады. Бірақ одан да маңыздысы – жалғыз еместігін түсіну еді. Бір қазақтың екінші қазаққа сүйеу болуы – соғыстың суық шындығында жылылық сыйлаған сәт болатын.
Олар бірнеше күн бірге жүреді. Әңгіме ел мен туған жер жайлы, майдандағы тағдырлар туралы. Әр сөздің астарында – үміт, әр ойдың түбінде – жеңіске деген сенім. Кейін белгілі болғандай, Бұғытай Айсеркенов Познань қаласының коменданты екен. Ол заманда мұндай биік дәрежеге жеткен қазақтар өте сирек еді.
Соғыс аяқталған соң, қаруын қаламға, бұйрықты білімге айырбастаған азамат елге оралады. Оның келесі өмір жолы – ұстаздық. Ақсу өңірінде мектеп басқарып, кейін аудандық оқу бөлімін басқаруы ел болашағына қосқан өлшеусіз үлес. Ол «КСРО оқу ісінің үздігі» атағына ие болып, ағарту саласының абыройын асқақтатты.
Бірақ Бұғытай Айсеркеновтің ұлылығы тек қызметімен өлшенбейді. Ол – адамгершіліктің биік үлгісі еді.
Бұл жөнінде ақсулық ұстаз Фаруза Шөңкенова жүрек жылуымен еске алады. Оның әкесі соғыстан ауыр жарақатпен оралып, ұзақ жыл төсек тартып жатады. Сондай кезде Бұғытай аға жиі келіп, жағдайын жасап, жылы сөзін айтып, қолдау көрсетіп жүреді.
– «Сен Отан үшін күрестің. Енді біз сені құрметтеуіміз керек», – деп әкемнің еңсесін көтеретін, – дейді ол.
Бұл – жай сөз емес, бұл – шынайы азаматтықтың көрінісі еді.
Фаруза апайдың өзі де бір кезеңде осы әулеттің шаңырағында тәрбиеленеді. Үй ішіндегі тәртіп, тазалық, береке – бәрі көзге бірден түсетін. Балаларды еңбекке баулып, кішіпейілділікке үйрететін. Бұл шаңырақтың ұйытқысы болған Нұрсалима апайдың орны да ерекше еді.
Ел ішінде Бұғытай Айсеркеновке деген құрмет айрықша қалыптасты. Ол көшеде келе жатса, жұрт жол беріп, ізет көрсететін. Бұл – қызметтен туған қорқыныш емес, жүректен шыққан ізет болатын.
Ол тек ұстаз ғана емес, тарихқа жанашыр жан ретінде Маман-Тұрысбек мектебі мен Қарағаш мектебі туралы деректер жинап, кейінгі ұрпаққа аманат етті.
Ақын Құдаш Мұқашевтің:
«Ол ұйқысыз, ол шаршауды білмейді,
Сызып отыр жақсылықтың жоспарын» деген өлең жолдары да осы еңбектің дәлелі іспетті.
Адамның шынайы бағасын халық береді. Ол атақпен емес, атқарған ісімен өлшенеді. Бүгінде Ақсу ауылындағы бір көше оның есімімен аталады. Жеңіс мерекесі қарсаңында осындай тұлғаларды еске алу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Бұғытай Айсеркеновтің ғұмыры – адалдықтың, еңбекқорлықтың, елге қызмет етудің мәңгілік үлгісі.
Гүлжан ТҰРСЫН