Қазақстанда психологиялық көмек көрсету саласын жүйелеуге бағытталған маңызды қадам жасалды. Сенат «Психологиялық қызмет туралы» заңды мақұлдап, осы бағыттағы құқықтық тетіктерді айқындады. Құжаттың басты мақсаты – халыққа көрсетілетін психологиялық көмектің сапасын арттыру, кәсіби талаптарды күшейту және өзін маман ретінде таныстыратын жауапсыз адамдардың қызметіне тосқауыл қою.
Сенат депутаты Әсем Рахметованың айтуынша, Мемлекет басшысы қоғамда «жалған психологтар» мен түрлі коучтардың көбейгеніне назар аударып, бұл мәселені заңнамалық тұрғыда реттеуді тапсырған болатын. Соңғы жылдары азаматтардың психологиялық қолдауға сұранысы айтарлықтай өскен. Отбасындағы тұрақтылық, балалар мен жастардың жан-жақты дамуы, еңбек ұжымдарындағы қолайлы ахуал кәсіби әрі жауапты мамандардың қызметіне тікелей байланысты.
Жаңа заң психологтердің кәсіби даярлығына нақты талаптар енгізеді. Бұдан былай мамандардың білімі мен құзыретін айқындайтын кәсіби стандарт қолданысқа енгізіліп, қызмет барысында ұстануға міндетті Әдеп кодексі бекітіледі. Сондай-ақ ғылыми негізделген әдістерді пайдалану, кәсіби біліктілікті тұрақты жетілдіру және супервизиядан өту тәртібі қарастырылған.
Құжаттағы маңызды жаңалықтың бірі – психологтерді сертификаттау жүйесінің енгізілуі. Бұл тетік маманның кәсіби даярлығы белгіленген талаптарға сәйкес келетінін бағалауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, психологтердің мемлекеттік тізілімі жасақталады. Реестрге енгізілген мамандар өз қызметінің сапасы үшін жауап береді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде психолог мамандарын 43 жоғары оқу орны даярлайды. Қазір бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алуда. Жыл сайын төрт мыңға жуық түлек осы салаға жолдама алады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, осы уақытқа дейін психологиялық қызмет көрсету нарығында нақты бақылау мен бірыңғай талаптың болмауы азаматтардың құқығын қорғауда қиындық туғызған. Оның айтуынша, сапасыз қызмет салдарынан адамның тағдырына, психологиялық жағдайына зор зиян келуі ықтимал. Сондықтан ашық мемлекеттік реестр қалыптастыру арқылы халық білікті маманды еркін таңдай алады.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың сөзінше, сапасыз қызмет көрсеткен психологтарға қатысты азаматтардан көптеген шағым түседі. Мұндай жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына, тұтынушылардың құқығын қорғау мекемелеріне немесе сотқа жүгіне алады. Егер сот шешімі шықса, тиісті маманды мемлекеттік тізілімнен шығару мәселесі қаралады. Вице-министрдің айтуынша, бұл реестр мемлекеттік органның қажеттілігі үшін емес, ең алдымен халыққа сенімді әрі ашық ақпарат ұсыну мақсатында жүргізіледі.
Жаңа заң психологиялық қызмет көрсету саласында тәртіп орнатып, кәсіби жауапкершілікті күшейтуге, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сапалы көмекке қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





