Кербұлақ ауданының тұрғыны Шәмсігүл Қабыл өз кәсібін ашуды арман етті. Бүгінде оның ойлағаны іске асып, қолдан жасалған бұйымдары өз тұтынушыларын табуда. Нәтижесінде үйдегі шеберханасы шағын өндіріске айналып, кәсібі жандана түсті.
Өткен жылы кәсіпкер мемлекеттен 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Алынған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, үйге арналған ұлттық нақыштағы бұйымдар – көрпе, жастық, олардың тыстары, басқа да тоқыма өнімдерін шығара бастады.
Сүйікті ісі біртіндеп тұрақты табыс көзіне айналды. Өнімдерінің сапасы мен әрбір тапсырысқа жауапкершілікпен қарауының арқасында Шәмсігүлдің өнімдеріне сұраныс артты. Кәсіпкерге ісін дамыту жолындағы барлық кезеңінде облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары қолдау көрсетті. Мәселен, бизнес жүргізу, өнімді нарыққа шығару және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану мәселелері бойынша жан-жақты кеңес берілді.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, палатаның негізгі міндеттерінің бірі – кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандырып қана қоймай, бизнестің әр кезеңінде жан-жақты сүйемелдеу.
– Шәмсігүл – мемлекеттік қолдау, бастамашылдық пен еңбекқорлықтың арқасында табысты кәсіп жасауға болатынын дәлелдейтін жарқын үлгі, – дейді Дәурен Барлықбекұлы.
Кәсіпкердің жоспарында өндіріс көлемін, өнім түрлерін көбейту және бұйымдарын өңірлік нарыққа кеңінен шығару бар.
Айта кетейік, облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақ кәсіпкерлеріне кешенді қолдау көрсетуді жалғастыруда. Мәселен, жаңа жобаларды іске асыруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді дамытуға және бизнестің жаңа мүмкіндіктерін табуға көмек көрсетіп келеді.
Айгүл БАЙБОСЫН





