Бір елдің ішінде түрлі ұлт пен ұлыстыңтату-тәтті өмір сүруі сол елдің ең үлкен байлығы. Ал сол бірлікті сөзбен емес, күнделікті өмірімен, еңбегімен көрсетіп жүрген жандар бар. Жаркенттік Ханзат Тургановтың өмір жолы – қазақ пен ұйғыр арасындағы достықтың, өзара құрмет пен мәдени сабақтастықтың жарқын мысалы.
ХАНЗАТ ТУРГАНОВ 1995 жылы Жаркент қаласында дүниеге келген. Жаркент орта мектебінде қазақ, ұйғыр тілінде білім алған. Алайда қазақ тілін шынайы өмірдің өзінен, айналасындағы достарынан үйренген. «Қазақ тілін достарымнан үйрендім. Бірге араластық, сөйлестік. Сол арқылы қазақша еркін сөйлей бастадым»,– дейді ол. Бұл – бір қарағанда қарапайым сөз болыпкөрінгенімен, үлкен мәні бар терең сөз. Себебі тілдің ең табиғи мектебі – адамдар арасындағы қарым-қатынас. Бір-бірімен араласқан, бірге өскен балалардың арасында ұлттың айырмашылығы емес, достықтың қадірі алдыңғы орынға шығады.
Ханзаттың өміріндегі қазақ тілі де осындай табиғи ортада қалыптасты. Қазақ тілін ол міндет болғандықтан ғана емес, қазақ достарының арасында жүріп, күнделікті өмірде қолдану арқылы меңгерді. Бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын жеткізе алуы – оның Қазақстанда өскендігінің, осы елдің қоғамдық-мәдени ортасымен біте қайнасып кеткенінің бір көрінісі.
Мектеп қабырғасында аса белсенді болмаған Ханзаттың өнерге деген қызығушылығы бала кезінен іште жатқан. Ол үнді фильмдерін көріп, биге ерекше қызыққан. Кейін интернеттен Кавказ халқының билерін үйрене бастайды. Бірақ ол кезде би өнерімен айналысу оңай болмаған.«Бөлмемді іштен жауып алып, жалғыз билейтінмін. Биге қатты қызығатынмын, бірақ көпшіліктен ұялдым. Мені мазақтайды деп ойлайтынмын»,– деп еске алады Ханзат.
Ол кезеңде Ханзаттың қатарластарының арасында өнерге жақындары тым аз еді. Әсіресе би өнері ер адамның айналысатын ісі ретінде көп айтыла бермейтін. Сондықтан біздің кейіпкеріміз өз бойындағы өнерге деген ықыласын көпшілікке көрсетуге именді.Алайда жүректегі өнерді жасыру мүмкін емес еді.
МЕКТЕПТІ ТАМАМДАҒАН бозбала Жаркент гманитарлық-техникалық колледжінің туризм мамандығына оқуға түседі. Білімге ұмтылған болашақ маман ол ортада өзін жақсы қырынан көрсетеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын білімгердің өміріне би өнері жаңа қырынан енді. Оны алғаш рет биге баулыған ұстазы – Гүлшат апай. Аталмыш білім ордасында Ханзат алғаш рет сахнаға шығып, Кавказ халықтарының биі – лезгинканы орындады. Кейін қазақтың «Жігіттер» биін де үйренді. Колледж қабырғасында нағыз өнерге деген қызығушылығы артқан Ханзат бишілерге Кавказ биін үйретсе, кәсіпқой талант иелері оған қазақ, орыс және ұйғыр билерін үйретті.Бірі – өз өнерін берді, бірі – өз мәдениетін таныстырды. Осылайша би тілі адамдардың арасындағы достықтың тіліне айналды.
Ханзаттың өмір жолынан қазақ пен ұйғыр халықтарының арасындағы өзара жақындықты анық байқауға болады. Ол бала кезінен қазақ достарының арасында өсті. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленді. Әкесі Азатжан Рузиевтің тәлімін алған азамат соңынан ерген іні, қарындастарына үлгі, өнеге көрсетіп келеді. Оның айтуынша, бала күнінде қазақ достарының ешқайсысы оған «сен ұйғырсың» деп бөліп-жарып қарамаған. Керісінше, бір-бірінің үйіне барып, бірге араласып, бір-бірінің қуанышына ортақтасып өскен. Жаркенттік ағайындардың ерекшелігі де осында. Бұл өңірде қазақ пен ұйғырдың тойы, қуанышы мен дәстүрі бір-біріне таңсық емес. Қазақтар ұйғырдың салт-дәстүрін жақсы біледі, ұйғырлар қазақтың жөн-жоралғысын құрметтейді. Бірінің қуанышына бірі ортақтасып, үлкен өмірдің талай белесін бірге өткеріп келеді.Ханзаттың айтуынша, тіпті Жаркент пен Қорғас арасындағы халықаралық сауда орталығына барғанның өзінде жергілікті қазақ пен ұйғыр бір-бірін туысындай көріп, сырттан келгендерге бірге қолдау көрсетіп жатады. Бұл жылдар бойы қалыптасқан бауырластықтың белгісі.
КОЛЛЕДЖДЕН КЕЙІН Ханзат Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетіне түсіп, туризм саласы бойынша білімін жалғастырды. Ол жерде түрік тілінде білім алды. Өмірге құштар, көп дүниені білсем дейтін азамат бұл ортаға да тез сіңіп кетті. Өмірдің талай қиындығын қасқайын қарсы алып, күліп шығарып салған ол үлкен қалада да өзінің ақжарқындығымен, көпшілдігімен, жауапкершілігі мен адамгершілігінің биік екенін дәлелдеді. Ата-анасының салмақ салмас үшін ол өз оқу ақысын өзі төледі. Күндіз оқып, түнде аспаз болып жұмыс істеді. Осылайша оқу мен жұмысты қатар алып жүрген ол төртінші курсқа келгенде біраз қиындыққа тап болады. Оқу ақысын төлеудің қиындығы да жанына батады. Ақырында оқуын аяқтай алмай, Алматыда аспаз болып жұмысын жалғастырады. Бұл кезеңнен де сүрінбей өткен азамат болашақ көп жоспар құрды. Сол арманына жету үшін тынбай еңбек етті. ақ адал еңбек түбі оны өнерге алып келді. 23 жасында Алматыдағы «Ататүрік» ансамбліне қосылып, ұйғырдың ұлттық биін үйрене бастады. Төрт жыл бойы ансамбль құрамында өнер көрсетіп, білікті мамандардан би өнерінің қыры мен сырын терең меңгереді. Бұл жерде оған Аюпжан Аблимитов мен Шахмурат Карлинов секілді ұстаздар үлкен ықпал етті.
Ханзаттың өнер жолында Аюпжан Аблимитовтың орны ерекше. Ол оған ұйғыр биін үйретіп қана қоймай, өмірлік жолына қажетті құнды ақыл-кеңесімен де бөлісті.
Өмірге деген құлшынысы зор азамат шаш қию ісін де меңгереді. Бүгінде Ханзат би және барберлік өнерді де қатар алып жүр. Осындайда халқымыздың «Жігітке жеті өнер де аз» деген нақыл сөзі дәл осы біздің кейіпкерге қарата айтылған ба дерсің?!
Жырақта жүрсе туған жерін сарғая сағынатын біздің кейіпкеріміз түбі жазиралы Жаркентіне біржола көшіп келеді. Бір жылдай фаст—фуд кәсібін жүргізіп, көптің алғысына бөленеді. Кейін оны тоқтатып, өзін құрылыс саласында сынап көреді. Қосымша дәнекерлеуші болып та еңбек етіп, адал еңбекпен нәпақасын табады. Бірақ қандай жұмыс істесе де, биді тастаған емес. Зайыбы да оның өнерге деген сағынышын байқап, қайтадан биге бет бұруына себепші болды.Осылайша Ханзат қызының есімімен «Аманиса» би өнерін ашады. Бұл оның көптен күткен арманы еді.
БҮГІНДЕ БҰЛ шағын бастама біртіндеп үлкен өнер ұжымына айналып келеді. Оның қарамағында бірнеше хореограф пен аспап ұстазы еңбек етеді. Ұстаз және арт-директор Азат Машраптың да бұл іске қосқан үлесі зор. Ол балаларға ұлттық аспаптарды үйретіп, өнер үйірмесінің дамуына үлкен қолдау көрсетіп келеді. Қазір би үйірмесінде 80-нен астам шәкірт бар. Ал ұлттық аспаптар бағытында 15 шәкірт домбыра мен басқа да ұлттық аспаптарды үйреніп жүр.
Ханзаттың өзі де балаларды тәрбиелеп қана қоймай, оларды Алматыда өтетін түрлі байқауға апарып, өнерін шыңдауға мүмкіндік беріп келеді. Шәкірттері бірнеше байқауда бас жүлдеге ие болған.
Олардың өнер қоржынында қазақтың «Қара жорға», «Қамажай», «Жігіттер» билерімен қатар, Кавказдың лезгинкасы және ұйғырдың ұлттық билері бар. Бұл репертуардың өзі ұжымның басты ерекшелігін көрсетеді. Мұнда әртүрлі мәдениеттің өнері бір сахнада тоғысады.
Ханзат үшін би – жай ғана сахнадағы қимыл емес. Ол бала кезінде қазақша билегенде өзін ат үстінде ел қорғап келе жатқан жауынгер секілді сезінгенін айтады. Бұл сезім оның өнерге деген көзқарасын айқындап бергендей. Өйткені ұлттық би – халықтың тарихын, мінезін, арманын, дүниетанымын жеткізетін өнер. Бір халықтың биін екінші халықтың өкілі орындағанда, ол сол мәдениетке деген құрметін білдіреді.
Алдағы уақытта ол би үйірмесін одан әрі дамытып, үлкен өнер мектебіне, тіпті театрға айналдыруды армандайды. Домбыра үйірмесін де кеңейтуді жоспарлап отыр.
Ханзат үшін Қазақстан – жай ғана туған жер емес. ол оның ең басты байлығы. Қазақтай дархан далада шыр етіп дүниеге келгені үшін бақытты перзент екенін айтудан шаршамайтын кейіпкеріміз қайта өмірге келсе дәл осы Жаркентте туғанын қалайтынын айтты. Ол бұл елде өсіп, білім алды, достар тапты, өнерін дамытты, кәсібін қалыптастырды. Сондықтан Қазақстан туралы сөз болғанда оның бойынан ерекше мақтаныш сезіледі. «Қазақстанда туып-өскенімнің өзі – үлкен бақыт. Мемлекет берген көптеген мүмкіндік, қазақ халқының кеңпейілдігі, өзге ұлттарға деген жанашырлығы мен құрметі – мен үшін өте маңызды. Бұл – менің Қазақстаным. Дәл осы жерде туған мен ең бақытты жанмын», – дейді ол.
Оның бұл сөзін Ташкентке барған сапарындағы бір оқиғасы да айғақтай түседі. Байқауға қатысу үшін Ташкентте бес күн болған Ханзат елге қайта оралғанда шекарадан өткен сәтте өзін туған үйіне келгендей сезінген. Бұл – адамның туған жерге деген құрметін, сезімін түсіндіретін қарапайым, бірақ әсерлі сезім.
Ол басқа елде өмір сүру мүмкіндігі туралы ойланғанда да таңдауын Жаркентке жасайтынын айтады. Себебі оның балалық шағы да, достары да, отбасы да, өнері де осы жерде.
Ханзат Тургановтың өмір жолына үңілсек, оның бойындағы көптеген қасиет осы Жаркенттің көпұлтты ортасында қалыптасқанын көреміз. Ол – ұйғыр ұлтының өкілі. Бірақ қазақ тілінде сөйлейді, қазақтың ұлттық билерін орындайды. Ұйғырдың ұлттық өнерін де сақтап, оны кейінгі ұрпаққа үйретіп жүрген азаматтың бұл ісіне қарап таңдай қақпау мүмкін емес.
Қазақ пен ұйғырдың өзара араласуы, бір-бірінің тойына барып, салт-дәстүрін білуі – Жаркенттегі қалыпты өмір салты. Мұнда бір халықтың қуанышы екінші халыққа да ортақ.
Жалпы, бірлікті сақтау үшін бәріміздің бірдей болуымыз шарт емес. Керісінше, әрқайсымыз өз мәдениетімізді, тілімізді, дәстүрімізді сақтай отырып, өзге халықты құрметтей білуіміз керек. Ханзаттың өнері де осы ойды сахна арқылы жеткізеді. Бір кеште қазақтың «Қамажайы» орындалса, келесі сәтте ұйғырдың ұлттық биі, одан кейін лезгинка биленуі – Қазақстандағы мәдени әралуандықтың әдемі көрінісі.
ТАТУЛЫҚ – ЕЛДІҢ ЕҢ ҮЛКЕН БАЙЛЫҒЫ. Бүгінде елімізде түрлі этнос өкілі бір шаңырақ астында өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп, өнер көрсетіп келеді. Олардың әрқайсысының тарихы бөлек болғанымен, ортақ Отаны бір. Ханзат Тургановтың тағдыры осыны айқын көрсетеді. Оның өміріндегі осы үш бағыт – тіл, достық және өнер – бір ғана ұғымға келіп тоғысады. Ол – бірлік. Татулық – бір күнде қалыптасатын құндылық емес. Ол күнделікті қарым-қатынастан, бір-бірін құрметтеуден, өзгенің мәдениетін түсінуге ұмтылудан басталады.
Ханзаттың өмірі бізге бір қарапайым шындықты ұқтырады: ұлттар әртүрлі болғанымен, жүректн ортақ құндылықтар бар. Сол құндылықтардың бірі – ТУҒАН ЖЕРГЕ ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК, екіншісі – ӨЗАРА ҚҰРМЕТ, үшіншісі – БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚ. Жаркентте қазақ пен ұйғырдың бірге той тойлап, бір-бірінің салт-дәстүрін құрметтеуі достықтың нақты көрінісі десек артық айтқандығымыз болмас. Ал бір сахнада қазақтың «Қамажайын» да, ұйғырдың ұлттық биін де, лезгинканы да бір ұжымның орындауы – сол татулықтың өнердегі көрінісі емей немене?!
Бір елде бірге өмір сүру – тағдырдың тоғысуы болса, бір-біріңді құрметтеп өмір сүру – азаматтық таңдау. Ханзат Тургановтың өмір жолы осы таңдау арқылы қалыптасқан достықтың, өнермен өрілген бірліктің және «Бұл – менің Қазақстаным» деп мақтанышпен айта алатын бір ауыз ғана азаматтық сезімнің жарқын үлгісі. Осынау қасиетті мекендегі татулықты ту еткен арда азаматтың ісіне береке, жұмысына табыс тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЙ








