Талдықорғанда жасанды интеллект зертханасы мен гуманоид робот жұмыс істейтін заманауи креативті индустриялар орталығы ашылады.
Облыс әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылатын жаңа жоба жастардың шығармашылық әлеуетін дамытып, цифрлық технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді. Орталықтың құрамында жасанды интеллект (AI) зертханасы, жоғары өнімді компьютерлермен жабдықталған IT-аймақ, коворкинг кеңістігі, кәсіби фотостудия, дыбыс жазу студиясы, тігін шеберханасы және дәрістер, шеберлік сабақтары, концерттер мен қалалық түрлі іс-шараларды өткізуге арналған әмбебап зал қарастырылған.
Жоба Талдықорған қаласындағы бейнелеу өнері галереясы базасында жүзеге асырылады. Галерея дәстүрлі көрме алаңынан көпфункционалды қоғамдық кеңістікке айналып, шығармашыл жастардың басын қосатын жаңа орталық болады. Бұл жерде контент жасаушыларға, дизайнерлерге, бағдарламашыларға, суретшілерге және жас кәсіпкерлерге өз жобаларын дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен бірге келушілер заманауи технологияларды пайдалана отырып, шығармашылық идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
А. Байжұмақызы





