Әлемдік тәжірибеде әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету қағидаты кеңінен қолданылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жекелеген көмек түрлерін тағайындау кезінде азаматтың немесе отбасының материалдық жағдайы ескеріледі. Мұндай тәсілдің негізгі мақсаты – заңнамада белгіленген өлшемшарттарды ескере отырып, мемлекеттік көмекті оған шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсету. Мұқтаждықты бағалау тетіктері әр елде әртүрлі. Кейбір мемлекеттерде жәрдемақы алуға құқықты айқындау кезінде отбасының табысы мен мүліктік жағдайы тікелей ескеріледі. Басқа елдерде төлем мөлшері табыс деңгейіне байланысты белгіленіп, табыс өскен сайын біртіндеп азаюы мүмкін.
Аталған тәсілдер Қазақстанмен көршілес елдерде де белсенді қолданыста. Ресейде балалы отбасыларға берілетін бірыңғай жәрдемақы отбасының табысы мен мүліктік жағдайын қоса алғанда, мұқтаждықты кешенді бағалау негізінде тағайындалады. Қырғызстанда «үй-бүлөгө көмөк» жәрдемақысы балалары бар аз қамтылған отбасыларға отбасының жиынтық табысы ескеріле отырып беріледі. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап мұқтаждықты айқындау кезіндегі атаулылық өлшемшарттары да кеңейтілді. Өзбекстанда әлеуметтік қорғау жүйесі шеңберінде мұқтаждықты бағалау жүргізіліп, ол азаматтардың тиісті қолдау шараларын алуға құқығын айқындау кезінде қолданылады.
Сол секілді Қазақстанда да атаулылық қағидаты әлеуметтік саясаттың негізгі құралдарының бірінен саналады. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға көрсетіледі. Оның мөлшері отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен кедейлік шегінің арасындағы айырма негізінде айқындалады. Материалдық жағдайды бағалау тәжірибесі дамыған Батыс елдерінде де терең тамыр жайған. Ұлыбританияда Universal Credit төлемін тағайындау кезінде отбасының табысы, жинақтары мен инвестициялары ескеріледі. Капиталдың белгілі бір деңгейіне жеткен кезде төлем мөлшері төмендейді, ал белгіленген шектен асып кеткен жағдайда төлем алу құқығы тоқтатылады.
Аустралияда бірқатар әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде табыс пен мүліктік негізінде жағдайды бағалау тетіктері қатар қолданылады. Мысалы, JobSeeker Payment төлемін тағайындау кезінде алушының және оның жұбайының табысы мен активтері ескеріледі. Осылайша, халықаралық тәжірибе әлеуметтік қолдаудың атаулылығы әлеуметтік саясаттың кең таралған құралдарының бірі екенін көрсетеді. Ол әр елдің ұлттық заңнамасы мен ерекшеліктеріне қарай әртүрлі нысанда қолданылады. Аталған салада басты бағдар – азаматтардың әлеуметтік қорғалуын толық қамтамасыз ету.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемде 4 млрд-тан астам адам әлеуметтік қорғау жүйесінен тыс қалып отыр. Ал жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алатындардың үлесі жұмыссыздардың бестен біріне де жетпейді. Қазақстан заңнамада көзделген мемлекеттік кепілдіктерді сақтай отырып, әлеуметтік қорғау жүйесін дәйекті түрде дамытып келеді. Әлеуметтік қолдау тәсілдерін жетілдіру оның атаулылығын, тиімділігін арттыруға және мемлекеттік ресурстарды әділ бөлуге бағытталған. Бөлінген қаржының бірінші кезекте объективті түрде оған мұқтаж азаматтар мен отбасыларға жетуі көзделеді.





