Қазіргі уақытта бала тілінің кеш шығуы үлкен мәселеге айналып тұр. Оның бір себебі – әке-шеше ұл-қызымен қалай жұмыс жасау керектігін білмей, оларды сөйлете алмай әуре-сарсаңға түсіп жүргені бар. Бұл баланы тәрбиелудің жолын білмегендіктен бе?! Олай болғанда ұятты дүние болары анық. Осы тұста логопед-мұғалімнің көмегі орасандығын айта кеткенміз жөн.
Тіл кемістігі бар балаларды оқыту, оларды тәрбиелеу оңай жұмыс емес екенін бүгінгі жұрттың дені біледі. Бүлдіршіннің тіліндегі әртүрлі ақаулықтарды түзетіп, алдын алу көп іс-әрекетті қажет етеді. Сондықтан логопед – дарынды мұғалім мен тәжірибелі дәрігердің ісін атқарады. Сондай-ақ, сөйлеу бұзылыстарына байланысты үлгермеушілік мәселелерді жоюға бар күшін салатын тамаша тұлға.
Гүлбаршын Танабаеваның «Ай-Сана» бөбекжай балабақшасында логопед-дефектолог болып қызмет істеп жүргеніне 15 жылдан астам уақыт болды. Баламен жұмыс істеуде еш аянып қалмай, бүлдіршін тілінің шығуына бар уақытын арнап жүрген білікті маман. Үрпек бас, жәудір көздердің тез сөйлеп кетуі үшін бар көрнекілікті өз қолымен жасап, сан алуан жаттығу түрлерін меңгеріп қарекет етіп келеді. Ата-аналар да білікті сала өкіліне риясыз алғысын жаудыртып жүр.
– Негізі логопед дыбысты ғана дұрыс шығаруға үйретпейді. Басында ол балалардың назарын, ойлауын, мидың жұмысын және ұсақ моторикасын дамытады. Жұмыс барысында алдыма келген балада ойлау, сөйлеу, өз ойын жетік түсіндіре алу өз уақытынан кеш дамитын жағдайлар кездеседі. Мұндай тәрбиеленушілерге көп көңіл бөлуге, олармен ұзақ жұмыс істеуге тура келеді. Логопедтік өзіміз таңдаған мамандық болған соң бұл істен шаршауға, жалығуға болмайды, – дейді Гүлбаршын Абдімажитқызы.
Сала маманы бала теледидарды көп көргендіктен, ұялы телефонмен көп ойнап, екі тілде ақпаратты қатар естігендіктен олардың тілдері кеш шығып жатқандығын айтады. Сондай-ақ, кітаппен немесе көрнекілікпен жұмыс жасап, әртүрлі танымдық кітаптарды, ойыншықтарды алып беріп, ойын арқылы түсіндірсе бүлдіршіннің сөйлеуге ынтасы артатынын алға тартады. Бала тіліндегі кемістік неден пайда болатынын да маманнан сұрап көрдік.
– Кемістік әртүрлі себепке байланысты шығады. Денсаулық тұрғысынан айтсақ, бала туған кезде гипоксия немесе басы қысылып туылуы мүмкін. Келесі себеп – еркелік. Бірақ қанша ерке болса да уақыты келгенде сөйлеп кетеді. Ерке бала сөздерді анық дыбыстамай жатады. Сонымен қатар, ата-ана тілі енді шығып келе жатқан балаға уақытында көңіл бөлмегендіктен кемістік пайда болуы мүмкін. Әсіресе, «Балам басымды қатырмашы, бар мультфильміңді көр» деп атүсті қарап, дұрыс сөйлеспегендіктен де баланың тілі кеш шығады. Кез келген ата-ана екі жастан бастап баланың тілінде ақаудың бар-жоқтығын анықтауы қажет немесе сөзінің анық еместігін байқау керек. Мысалы, «дислалия» деген ұғым бар, яғни есте сақтай алады, бірақ әріптерді айта алмайды. «Эхолалия» қайталап сөйлейді. Ал тұтығу – мидың кемістігі. Тұтығудың себебі – баланың психологиялық жай-күйіне байланысты, – дейді өз ісінің шебері.
Баланың қарым-қабілетін шыңдау бір ғана адамға жүктелетін іс емес. Оған қоршаған ортасы түгелдей атсалысуы керек. Айтқымыз келетіні ұлттық құндылығымызды алдыға оздырғанда ғана ұрпақ кемел тұрғыда дамымақ. Ұл-қызымыздың тағдырын ұялы телефон мен теледидарға байламайық.
Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: noddybyelizabeth.com